Украинаға АҚШ тарапынан әскери көмек көрсету тақырыбы қайта талқылана бастады. АҚШ-тың Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон сәуірде Украинаға көмек көрсету пакетін дауыс беруге шығаратынын айтты. Сарапшылар көмек пакетін Өкілдер палатасы мақұлдайтынына сенім артуда, себебі заңды демократтар мен республикандықтар да қолдауда.
The New York Times басылымы бұл туралы: «Қазіргі уақытта Украинаға көмек беріле ме және Джонсон оны дауыс беруге шығара ма деген сұрақ тұрған жоқ, көмек қандай формада берілуі мүмкін деген сұрақ тұр», - деп жазды.
Саясаттанушылар Джонсон соңғы айда екі оттың арасында қалғанын айтуда. Бір жақтан Украинаға көмек беруді қаламайтын Трамп бастаған конгрессмендер болса, екінші жағынан көмекті беруді қолдайтын Сенаттағы әріптестері бар. Соңғы сауалнамаларға сенетін болсақ АҚШ халқының үштен екі бөлігі Украинаға көмек көрсетуді жалғастыруды сұрауда. Наурыз айында Өкілдер Палатасындағы бірқатар партиялас әріптестері Джонсонды қызметінен шеттету туралы айта бастады. Сан түрлі саяси қысым мен ойыннан кейін Джонсон Украинаға көмек көрсету пакетін дауыс беруге шығармақ және формасын талқылауға дайын.
Джонсон Украинаға көмек пакетін мақұлдауға дайын. Ол бұл туралы ресми мәлімдеді және Украина президенті Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, көмекті бірнеше ай емес, аптада жеткізетінін айтқан.
Forbes-тің жазуынша Украина 34 млрд долларға АҚШ қаруын алуы мүмкін. Жалпы жиынтығы 60 млрд доллар көмек берілуі мүмкін, оның 34 млрд доллары тікелей қару алуға байланысты, ал қалған бөлігі Украина сарбаздарын үйрету мен гуманитарлық көмек көрсетуді қамтиды. Сарапшылар соғыс басталған сәттен бері Украинаға АҚШ тікелей 56 млрд доллардың қаруын жеткізгенін айтады, ал қалғаны гуманитарлық және қаржылай көмек саналады. Сәйкесінше берілетін көмек Киевке кемі бір жыл АҚШ қаруымен соғысуға мүмкіндік бермек.
The Hill басылымы соңғы жаңалықтарға байланысты араға айлар салып, оптимистік бағыттағы болжам жасады. «Украина жеңілмейді. Көмек пакеті мақұлданса және Еуропа елдері бастамашыл болған артиллериялық, зымыран коалициясы күш алса, Киев бұл қақтығыста қайта 2022 жылдың күзіндегідей үстемдікке ие бола бастайды», - дейді басылым.
Саясаттанушылар Трамп командасының Джонсонды қыспаққа алып, дауыс беруді болдырмауға барын салып жатқанын айтуда. Ал дауыс беру Өкілдер Палатасының ресми мінберіне шығарылатын болса, онда оны Өкілдер палатасында өткізбей тастаудың амалын жасауда дейді.
Mezgil.kz