Украина президенті Зеленский «Bild» басылымына сұхбат беріп, майдандағы ахуал, АҚШ-тағы сайлау һәм Ресеймен келіссөз мәселелеріне тоқталды. Зеленский бұл жолғы сұхбатында не деді? Біз негізгі тезистерді топтап, оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық.
Ресей Харьковке шабуылдай ма?
«Путин, сөзсіз Харьковті жаулап алғысы келді. Өйткені, Харьков ол үшін өте-мөте маңызды символ. Харьков – Украина астаналарының бірі. Сондықтан, Путиннің оған көзі түсті. Бірақ, біз Ресейдің Харьковті жаулап алуына жол бермейміз», - деді.
Путиннің Украинадағы көздеген мақсаты не?
«Ол жыртқыш жануар секілді барлығын сезеді. Егер сен қорғануға қабілетсіз болсаң, ол жайпап өтеді. Путиннің мақсаты – Украинаны толық жаулау. Ол барлығын қиратады. Жұрттар қашып құтыла алмайды. Адам шығыны көп болады. Жүздеген мың...», - деді Укриана Президенті.
(Сурет: president.gov.ua)
Майданда қазір Украинаға нақты қандай қару керек?
«Бізде дрон өндірісі жақсы жолға қойылды. Бірақ, дрондар ПВО-ны (ӘҚЖ), алыс қашықтыққа арналған зымырандар немесе артиллерияны алмастыра алмайды. Біздің әріптестерімізде дәл қазір бізге керек қару түрлері бар. Ол Укриана жеңілмеуі үшін керек қарулар. Бірақ, біз қазір оларға қол жеткізе алмай отырмыз», - дейді. (Зеленский қол жеткізе алмай отырмыз деген әскери техникалар – немістің TAURUS зымырандары мен АҚШ-тың F-16 жойғыш ұшақтары).
Германия неге TAURUS-ты бермей отыр?
«Менің білуімше, Германия канцлері: «Біз ядролық держава емеспіз. Біздегі ең жойқын қару осы - TAURUS», - деп отыр. Меніңше, TAURUS-ты берсе – бұл әлемді Ресейдің ядролық құқайынан құтқаратын қадам болады», - дейді Зеленский.
Соғысты уақытша тоқтату туралы не дейді?
«Әрине, бұған кейбіреулер мәз боладыү «Біз соғысты уақытша тоқтаттық. Қазір оқ атылмайды», - деп нәтиже көреді. Бірақ, бұл Ресей қару-жараған қайта толықтап болғанға ғана болатын үзіліс. Онан соң Ресей қайта атқылай бастайды. Бұл уақытша үзіліс – Путинге арналған үзіліс болмақ», - дейді Украина Президенті.
Ресеймен келіссөз туралы не дейді?
«Біздің жауымыз – Путин. Осыған дейін Путиннің айтқандары мен жасағандары бір-біріне қайшы болған. Келіссөзді қай тақырып болса да жүргізуге болады. Мәселе – Путин уәдесінде тұра ма? Мәселе осыда», - дейді В.Зеленский.
Трамп пен оның ұсынысы туралы не дейді?
«Егер келіссөз туралы ұсыныстың мәні – біздің жайдан-жай жер бере салуымызда болса, бұл бос идея. Ал егерде Трампта соғысты тоқтата алатын шынайы ұсыныс болса, мен оның ұсынысын қуана-қуана тыңдар едім. Бірақ, ұсыныс – қияли болмауы керек. Әңгіме мыңдаған адамның өмірі туралы болып отыр. Біз әзілдесе де, ағаттық жібере де алмаймыз», - дейді Укриана Президенті.
Қарсы шабуыл туралы не айтты?
«Иә, біздің нақты қарсы шабуыл туралы жоспарымыз бар. Біз сөзсіз жеңеміз. Бірақ, қарсы шабуылдың егжей-тегжейін ашып айта алмаймын. Иә, Ресейде адам көп, қару көп. Бірақ, ұжымдық Батыста заманауи қару-жарақтар жеткілікті. Егер біздің әріптестеріміз бізге сол қаруларды өзіміз жасап шығаруға лицензия берсе, қару-жарақ өндірісін жолға қойсақ, біз жеңеміз. Мәселе адам санында емес, қарудың сапасында», - деді Укриана басшысы.
(Сурет: president.gov.ua)
ЭКС-ПРЕЗИДЕНТ КУЧМА: «УКРАИНАНЫҢ ЕНДІ АҒАСЫ ЖОҚ...»
«Ресей мен Украина жақын халықтар болды, бірақ, енді олар жау және бұл Мәскеудің кінәсінен болды». Украинаның бұрынғы президенті (1994-2005) Леонид Кучма «Kyodo» агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Агенттік журналисі Кучмамен әңгімесінде «орыстар мен украиндар бауырлас халық саналатынын» атап өтті. Кучма бұған Қабыл мен Әбіл туралы ежелгі аңызды мысалға келтірді.
«Қабыл Әбілді өлтірді.... Украинаның енді ағасы жоқ. Ресей - бұл Қабыл. Өз бауырыңның жау болғаны – бұл сатқындықтан да жаман», - деді Кучма.
Екі ел арасындағы бұзылған қарым-қатынас үшін жауапкершілікті Кучма Ресей президенті Владимир Путинге жүктеді. Оның айтуынша, Киев әрдайым Мәскеумен тең құқықты және достық қарым-қатынас орнатуды қалаған, «бірақ қазір бұл абсурд сияқты естіледі», ал Ресей «барлығын жау мен вассалдарға бөледі».
Mezgil.kz