Еліміздің бірқатар аймақтарын қарғын су басып, 10 өңірде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Бұл туралы Mezgil.kz порталымызда күнделікті, тұрақты түрде хабардар етіп отырмыз.
Енді, дәл қазіргідей еліміздің басына түскен шетін оқиға кезінде әлемдік саясаттағы әріптестеріміздің реакциясы қандай болды? Кімдер көмек ұсынды? Бүгін осы сұраққа жауап беріп көрейік:
ҚЫРҒЫЗСТАН
Қазақстанды қарғын су қыспаққа алғанда алғаш болып жәрдем ұсынған – Қырғызстан болды.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстандағы төтенше жағдайға алаңдаушылық білдіріп, көмек қолын созуға дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, тасқынға байланысты көрші елден азық-түлік пен ең қажетті заттар тиелген 15 жүк көлігі 300 тонна гуманитарлық көмек ала келді. Жүк ішінде Қырғызстанда жасап шығарылған тамақ өнімдері мен киім-кешек, көрпе және жеке бас гигиена заттары бар.
Қырғыз лауазымды тұлғаларынан: президент – Садыр Жапаров, премьер-министр – Ақылбек Жапаров, төтенше жағдайлар министрі – Баубек Ажыкеевтер арнайы мәлімдемелер жасады.
ТҮРКИЯ
Қазақтың басына түскен қиын жағдайда Түркиядағы туғандар да үнсіз қалмады. Түркия Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты Түркия үкіметі қазақ халқына жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған телефон арқылы сөйлесті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты қолдау көрсеткені үшін Режеп Тайып Ердоғанға алғыс айтты.
ӘЗЕРБАЙЖАН
Әзербайжан үкіметі елдегі жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып жеделхат жіберіп, су тасқыны Әзербайжан диаспорасында қатты алаңдатқанын хабарлады. Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы Әзербайжан елшілігі «Kaz fruit» компаниясымен бірлесіп, Маңғыстау жастар ресурстық орталығына 5 көлік гуманитарлық көмегін жеткізіп, тамақ пен гигиеналық заттармен қоса барлық керекті дүниелерді тапсырды.
РИМ ПАПАСЫ
Рим папасы Франциск жалпы ауденция кезінде жұртшылықтан Орталық Азия елдерінің көптеген аймақтарына әсер еткен және мыңдаған адамды эвакуациялануға мәжбүр еткен Қазақстандағы жаппай су тасқынынан зардап шеккендер үшін дұға етуге шақырды.
«Мен дәл осы уақытта Қазақстан халқына рухани жақын екенімді білдіргім келеді. Мен баршаны осы табиғи апаттың салдарынан зардап шеккендердің барлығына дұға етуге шақырамын», - деді Рим Папасы Франциск ағылшын діндарларын ресми қабылдау кезінде.
Mezgil.kz