Мәскеу маңындағы «Крокуста» болған қанқасаптан соң Ресейдің әскери һәм саяси басшылығы пәрмен беріп, бүкіл Ресей аумағында Орталық Азиялық еңбек мигранттарына тексеріс күшейген еді.
Президент Путиннің «Крокустағы» қанқасап туралы мәлімдемесінен кейін Ресейдің күлі аумағына бұйрық беріп, тексерісті күшейтуды талап қылған РФ Бас прокуроры болды.
«Бұйрық қатты, жан тәтті» дегенді құлақтарына құйып алған жергілікті орындаушы органдар бірден іске кірісіп кетті. Кіріскені соншалық, Орталық Азиялық түр-сипатқа иенің барлығы дерлік көшеде жүруі қауіпті жағдайға тап келді. Әсіресе, Тәжікстан мен Қырғызстан азаматары жаппай елдеріне кете бастады. Тәжікстан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрліктері өз азаматтарына үндеу жасап, Ресейде рейдтің жүріп жатуы себепті, уақытша ол жаққа бармай тұруға үндеді.
Мұндай үндеуді Қазақстанның Сыртқы істар министрлігі де жасап: «Ресейде жүрген Қазақстан азаматтары жанқалталарына құжаттарын салып жүрсін. Тексеріс қатты. Бұл жеке қауіпсіздіктеріңіз үшін керек», - деді.
Жә, бұл тақырыптар туралы осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық. Қайталаған болмайық. «Крокустағы» қанқасаптың у-шуы енді басылайын деген тұста, Ресейдің күштік құрылымдары еларалық дау тудырды, тағы.
МӘСКЕУ ПОЛИЦИЯСЫ ҚЫРҒЫЗ ДИПЛОМАТЫНЫҢ ҮЙІНЕ БАСЫП КІРГЕН
Бұл жолы Ресей ІІМ-нің 2 қызметкері (Мәскеу полициясы) Қырғызстан Елшісінің кеңесшісінің үйіне баса-көктеп кіріп, Қырғыз дипломатының құжаттарын тексерген. Бұған наразы болған Бішкек: «Мұндай әрекеттер дипломатиялық қатынастарды өрескел бұзу болып табылады», - деп, Ресейге наразылық нотасын жолдаған.
Оқиға 8 сәуір күні Мәскеуде болған. Үйіне полиция баса-көктеп кірген қырғыз дипломаты – Манас Жолдошбеков. Ол Қырғызстан Елшісінің кеңесшісі болған. Полиция оның шетелде жүру құқығын тексерген.
РЕСЕЙ ПОЛИЦИЯСЫ ЖЫРТҚЫШҚА АЙНАЛҒАН!
Бұл ақпаратты Қырғыз Парламентінің депутаты Дастан Бекешев те растады.
«Құдайға тәубе, ешкім зардап шеккен жоқ. Егер Ресей Елшілік қызметкерлеріне осылай жасаса, онда басқа қарапайым, арнайы имунитеті жоқ адамдарға не істемейді?! Ресей полициясы жыртқыш болып кеткен», - деді депутат.
Ал Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі болған жайды айыптап, мұқият тексеріс жүргізуді талап етті.
«Бұл азаматар Ресей Федерациясы акредиттеген Қырғызстан елшілігінің қызметкерлері. Оларға бұлай жасауға мүмлде жол берілмейді. Қысқа мерзімде мұқият тексеріс жүргізуді, кінәлілерді жазалауды талап етеміз», - деді Қырғыз СІМ-і.
Ал бүгін Бішкектегі СІМ-нің консулдық департаментіне Ресей консулы Андрей Бурьевті арнайы алдыртып, наразылық нотасын тапсырған.
Аталған кездесуде Қырғыз СІМ-і: «Ресей ІММ қызметкерлері «Дипломатиялық қатынастар» туралы 1961 жылғы Вена конвенциясыне өрескел бұзды», - деп айыптады.
Mezgil.kz