«Ескі Қазақстан» ел қайғысын «қарымта қайтару» үшін пайдаланбақ па? «Назарбаев» Қоры не дейді?

Қазір еліміздің Батыс, Солтүстік һәм Шығыс аймақтарындағы жұртты көтемгі қарғын су әлекке салып жатқаны белгілі. Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қызылжар жақтарда тасқынның беті қатты.

1713260784100480.jpg

Қызылжар суға кетті. Оралға қауіп төніп тұр. Ресейдің Ирикли су қоймасынан ағызылған судың көлемі ұлғайып, Жайық кернеуінен тасығалы тұрғанын кеше ғана жаздық. Оралға тікелей қауіп төніп тұрғанын жергілікті басшы-қосшылық мәлімдеді.

1713260208697223.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz. Суреттер Ақорда Телеграмынан алынды)

Еліміздің бірсыпар өңірінде Төтенше жағдай жарияланды. Төтенше режим облыстық және аудандық деңгейлерде әлі де жарияланып жатыр. Құтқару-эвакуациялық қызметтердің, тасқын суға қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайы туралы еліміздің құзырлы органдары, соның ішінде Респубикалық штаб күн сайын мәлімдеп жатыр.

Десе де, әлеуметтік желілерде, әсіресе «Тик-Ток» желісінде «Шал кел», «Атау, өзіңіз қайта оралмасаңыз, жағдай қиын» т.б. мазмұндағы үгіт-компаниясы белең алуда.

РЕВАНШИСТЕР: ХАЛЫҚ НАЗАРБАЕВТЫ БАҒАЛАЙ АЛМАДЫ!

Аталған контенттердің мазмұны – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты қайта билікке шақыру, президент Тоқаев пен елдің қазіргі Үкіметін су тасқынына байланысты сынау. Тіпті бір парақшада: «Қара сумен жүрген халықты балға жеткізіп еді! Барыңды бағалай алмадыңдар. Енді жарқырап өмір сүргендеріңді көрейік! Елбасым, сенің қадіріңді түсінбеген халықтан кеткенің де дұрыс болған-ау!», - деген мазмұндағы контент тараған.

1713260364150524.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Ал бұл үгіт-компаниясының артында кімдер тұрғаны және белгісіз. Тек долбар ғана. Ол – «Ескі Қазақстан» өкілдері. Яғни, Нұрсұлтан Назарбаев президенттігі тұсында биліктің майлы жілігін ұстап, президент Тоқаев тұсында шетқақпай көрген дәу-дөкейлер болуы мүмкін деген болжам.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та сөйлепті. «Abay Live» ютуб арнасына берген сұхбатында депутат Саиров: «Ескі Қазақстан су тасқынын пайдаланып билікке келмек», - деп сөйлепті. Депутаттың сөзінше, қазіргі таңда президент Тоқаевты ақпараттық деңгейде дискредитациялау жүріп жатыр.

РЕВАНШИСТЕР БИЛІКТЕН ӘЛІ ДЕ ҮМІТТІ!

«Елдегі реваншистік күштер елге түскен әрбір ауыртпалықты пайдаланып, қазіргі Прехидентті жамандауға даяр отыр. Президент Тоқаев ҚР конституциясы бойынша Қазақстан Республикасының легитимді президенті. Кейбір сын айтушылар - сын айтып отырған жоқ. Олар біздің елімізде саяси дестабилизация жасауға тырысып отыр. Олар реваншистік күштерге керек. Ал олар қиын-қыстау заманды пайдаланып, қайтадан билікке келуге тырысып отыр.

Реваншистік күштер деген кім? Олар бұрынғы мемлекет басшысының айналасында жүріп, байып алған, қалтасын толтырып алған, халықтың бүкіл ақшасын жеп үйренген. «Шал, кел» деген неше түрлі челлендж болып жатыр. Мұның бәрі ұйымдасқан түрде болып жатыр. Бұл сын емес, мемлекетке қауіп төніп тұрған кезде мемлекеттің ішіне іріткі салу», - дейді депутат.  

1713260458205070.jpg

(Сурет: ҚазТАГ скрині)

НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ: «ШАЛ КЕЛ» ДЕГЕН ҮГІТ КОМПАНИЯҒА БІЗДІҢ ҚАТЫСЫМЫЗ ЖОҚ!

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қор әлеуметтік желіде қазіргі билікті сынайтын, «Назарбаев қайта орал» деген мазмұндағы үгіт-компанияға өздерінің қатысы жоқ екенін айтты. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі жазды.

«Еліміздегі көктемгі су тасқыны маусымының келуіне байланысты болып жатқан күрделі жағдайға қатысты әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та: «Нұрсұлтан Назарбаев» Қоры қазіргі билік жұмысына кедергі келтіретін және елдегі саяси-қоғамдық жағдайды бүлдіруге бағытталған үгіт-компания жүргізіп жатыр», - деген ақпарат шықты.

Анонимді дереккөздерде жарияланған бұл ақпаратты еліміздің кейбір медиа тұлғалары да сөз етті. Кейбіреулер тіпті, «Нұрсұлтан Назарбаев» қорына қатысты негізсіз жала жабуда. Сол себепті, «Н.Назарбаев» Қоры мәлімдеме жасап, «бұл  тарап жатқан ақпараттардың оьбьективті және нақты негізі жоқ» деп хабарлағанды жөн деп шештік», - дейді.

«Назарбаев» Қоры өз қызметтерінің саяси сипаты жоқ екенін айтқан.

«Қордың жұмысы әлеуметтік жобаларды, азаматтық бастамаларды, Қазақстан жастарын қолдауға және қайырылымдылық жұмыстарға бағытталған. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдайтынын айтқымыз келеді.

Қазіргідей уақытта Тұңғыш президент те өзге қазақстандықтармен қатар, елдегі жағдайға һәм су тасқынынан зардап шеккен отандастар үшін алаңдап отыр. Біз Мемлекет басшысының және Үкіметтің су тасқынының зардаптарын жою бойынша қабылдап жатқан шешімдері мен жұмыстарын қолдаймыз. «Назарбаев» Қоры алғашқылардың бірі болып су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетті», - делінген хабарламада.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар