Жапония: Қазақстанда бас қосамыз, ұсынысымыз көп!

Жапония осы жазда Орталық Азия мемлекеттерімен бірге ОА5+1 форматында басқосу өткізеді.


Отношения Центральной Азии с Япониeй и Китаeм — AHKACAM | Анкарский центр  исследований кризисных ситуаций и политики

 

Басқосу – Қазақстанда өтеді деп жоспарланған. Форматы – «ОА5+1». БАҚ-тағы ақпараттарға арқа сүйер болсақ, Жапония үкіметі Орталық Азияның бес мемлекетінің басшыларымен өтетін басқосуға даярлыққа кірісіп кеткен. Басқосу шамамен тамыз айына жоспарланған. Нақты қай ай, қай күні өтетіні кейінірек белгілі болмақ.

 

Аталған жиынға Жапония атынан премьер-министр Кисида қатысады деп күтілуде. Тараптар бірінші кезекте экономикалық әріптестік жайын талқыламақ.

 

Айта кетейік, Жапония 2004 жылдан бері ОА-ның бес мемлекетімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. Алайда ол кездесулер Сыртқы істер министрлері деңгейінде өткізіліп келген. Биыл бұл форматқа 20 жыл толады. Сол себепті, тараптар басқосу статусын саммит деңгейіне көтеруге келіскен.

 

ЖАПОНИЯ ОА ҮШІН ТАЛАСҚА АРАЛАСУДА


«Жапония Орталық Азияда ойыншы болуға үмітті жаңа кандидат. Жапонияның ОА-мен байланысының тарихы тым тереңде жатса да, Токио қазір ОА үшін жаңа үміткер, жаңа ойыншы», - деп жазады «Eurasian Times».

 

Орталық Азияның географиялық орналасуы һәм ондағы жер асты, жер үсті қазба байлықтарының мол қоры көптеген елдер үшін өмірлік маңызды фактор болып табылады.

 

Украина соғысы басталғанға дейін ОА-дағы 5 елге Ресей ықпал етіп келген. Қазір де сол ықпал айтарлықтай әлсірей қойған жоқ. Десе де, өңірге қызығушылық танытушылар көп. Олардың қатарында: АҚШ, Түркия, Қытай, ЕО елдері, соның ішінде Германия мен Франция бар.

 

Токио қазірдің өзінде Ресейді айналып өтетін Каспий транспорттық дәлізін дамытуды қостап, қолдап отыр. Сондай-ақ, Токио Орталық Азия мемлекеттеріне жекелеген екіжақты келісімдер дайындап отыр. Соның ішінде, ОА-лық еңбек мигранттары үшін арнайы квота бөлі, ОА-дағы ресурстарға инвестиция тарту т.б.


ОА-ҒА ТАЛАС ҚЫЗА ТҮСТІ


Айта кетейік, Орталық Азиямен ықпалдасуға ниет білдіріп отырған жалғыз жапон емес. 2024 жылы Ұлыбритания үкіметі де ОА-ның 5 мемлекетімен «ОА5+1» форматында жүздесу ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын осыған дейін жазған едік.

 

Біріккен Корольдік парламентінде ұсынылған баяндамада авторлар Британ үкіметіне Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан үкіметтерімен өзара іс-қимылды арттыру керектігін айтқан. Ұлыбритания мен ОА елдері арасындағы қазіргі байланыстардың әлсіздігін сынаған. Сондай-ақ Британ билігін Ресей мен Қытайдың өңірдегі ықпалына барынша белсенді қарсы тұруға шақырған.

 

Жуырда Британ парламенті қауымдар палатасының сыртқы істер жөніндегі комитеті «Жолайрықтағы елдер: Ұлыбританияның Орталық Азияға бет бұруы» атты баяндама жариялады. Онда осы өңірдегі «стратегияның жоқтығы» талданады, тұтастай алғанда Орталық Азия елдеріндегі ахуал сипатталады, сондай-ақ Корольдіктің үкіметі үшін практикалық ұсынымдар беріледі.

 

Жарияланым сегіз тараудан тұрады. Оның авторлары 5 елдің әрқайсысының - Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстанның және Өзбекстанның ерекшеліктерін егжей-тегжейлі сипаттайды. Сондай-ақ үкіметке «сауда, адам құқықтары, мәдени алмасу, жалпы өңірлік ынтымақтастық мәселелерінде батыл әрі өршіл болуға» кеңес береді.

 

«Британияның Орталық Азияға неғұрлым белсенді қатысуы өзара тиімді болып қана қоймай, геосаяси императивтер ретінде қарастырылуы тиіс», - делінген құжатта.

 

Соңғы кездері АҚШ пен Еуроодақтың Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығы артып келеді. Өңірге американдық және еуропалық жоғары лауазымды саясаткерлер мен дипломаттар жиі келетін болды. Тараптар экономика, экология, энергетика және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты талқылауда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар