Қазақтың қара шалдары: «Теріс істерін оң деп санайтын зәнталақтардан, Абылай хан кезіндегідей азат болмай құтылмаймыз» дейтін. Бірақ қазір тәуелсіз ел болсақ та жаһанға үнімізді шығармай, біріміз – іштен тынсақ, екіншіміз – «орыс әлемінің» жыртысын іштей қуана қабылдайтын күйге ұшырадық.
ОРЫСТЫҢ ТАҒЫ БІР ҚАРУЫ – ОРЫСШЫЛ САЯСИ ПАРТИЯЛАР!
Жалпы Орталық Азия Ресейге келгенде жалтақ болғанымен, орысшыл саясаткерлерге партия құрғызбай, тәуелсіздігін сақтап келеді. Ресейшіл партиялары бар Украина мен Гүржістан соғысқа ұрынып, жерінен айырылды. Енді осы кепті ТМД елдері ішінде Молдова Республикасы басынан кешіп отыр.
«Тышқанға арналған қақпандағы ірімшік» деп аталатын тіршілікті проресейшіл молдавиялық оппозиционерлер бастап кетті. Батыс сарапшылары «Еуропа Украинаны Молдоваға ауыстырмақшы» деп дабыл қаға бастады.
ЕУРОИНТЕГРАЦИЯҒА ҚАРСЫЛЫҚ ҺӘМ ЖАҢА СОҒЫСТЫҢ СҰЛБАСЫ
Мәскеуде Санду билігі көңіліне жақпағандар бас қосып, Ресейдің қолтыққа су бүркуімен әлемді дүр сілкіндірді. Осылайша посткеңестік тағы бір өңірде жағдай шиеленісе түсті. Әлем картасында бір соғыс ошағы өмірге келуі әбден мүмкін. Бәрін бүлдірген проресейшіл молдавиялық оппозиционерлер. Олар бүйректен сиырақ шығарып, Молдова Республикасы қалың көпшілігі қос қолдап жақтап отырған еуроинтеграцияға қарсы шықты. Проресейшіл молдавиялық оппозиционерлер тарапынан айтылған мәлімдемелерге БАҚ беттерінде сарапшылар түрліше түсініктемелер бере бастады.
БӘРІН БҮЛДІРГЕН МОЛДОВА ОППОЗИЦИЯСЫ
Сонымен, Мәскеуде өткен Молдова Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа кіруін қолдайтын молдовалық саясаткерлер мен молдовалық жұртшылық өкілдерінің съезінде молдовалық оппозициялық саясаткер, «Шор» партиясының көшбасшысы Илан Шор, «Возрождение» партиясының төрағасы Наталья Параска, «Шанс» партиясының төрағасы Алексей Лунгу, «VICTORIE» партиясының төрағасы Вадим Грозаву, «Молдавияны құтқарудың баламалы күші» партиясының төрағасы Александр Бескиеру бастаған дүрмек оппозициялық партияларды «Победа» саяси блогына біріктіру туралы келісімге орай «Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және Еуразиялық экономикалық кеңістік (ЕЭК) кіруге» ауыз жаласа қол қояды.
Біз жоғарыда сөз еткен 5 молдовалық партияның көшбасшылары президенттік сайлауда жеңіске жетуді және Еуроодақпен ықпалдастық бойынша референдумның сәтсіздігін мақсат етіп отырған ресейлік «Победа» блогына бірікті. Дандайсыған бестіктің серкелері 21 сәуірде осы туралы Мәскеуде республиканың саясаткерлері мен жұртшылық өкілдерінің съезінде ашық мәлімдеді.
РЕСЕЙШІЛДЕР НЕ ДЕЙДІ?
«Шор» қозғалысының жетекшісі Илан Шор: «Молдова Еуропадағы ең қымбат газы бар ең кедей ел», - деп атап, өзі су ішкен құдығына беті қызармай түкірді.
Президент Майя Санду мен оның серіктестерін сынға алған «Возрождение» партиясы саяси бюросының мүшесі Александр Нестеровский: «Мен жымысқы қылмыскерлерден құралған біздің PAS-тың [биліктегі «Әрекет және ынтымақтастық» партиясы] Ресейді керек етпейтіне ішім ашиды. Және, олар АҚШ-тың Украинаға көмек көрсетуіне қуанады. Сол себепті, Молдова оппозициясын біріктіру - Молдованы біріктірудің алғашқы қадамы», - деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, асқан залымдықпен: «Қазіргі сары билік біздің ел ішіндегі алауыздықты тудырып, молдавандық бірегейлікті жойып, молдавандық халықты кедейшілікке алып келу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Молдова оппозициясының бірігуі - молдова халқының PAS-тің зұлымдығын жеңуіне және Молдова Республикасының мемлекеттілігін сақтауға жасалған қадам», - деп өз Отанына жасаған сатқындығын халық қамымен бүркемелекші болады.
Осылайша бүйректен сиырақ шығарушылар Молдова басшылығы қоғамды бөлісу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, ТМД елдері, ЕАЭО, Ресейсіз өмір сүру мүмкін емес деген әгугайларына басуда.
Парламент депутаты Александр Суходольский болса: «Еуроинтеграцияның әсері нөлдік, тіпті минустық. Біз өзіміздің тарихи серіктестеріміздің кім екенін, кіммен достасып, жұмыс істеу тиімді екенін жақсы түсінеміз», - деп шын ниетін жайып салды.
Гагаузия Халықтық жиналысының спикері Дмитрий Константиновтың пікірінше, елдің алдында бір ғана таңдау: Шығыс немесе Батыс тұр.
«Біз айырмашылықты көріп отырмыз. Румынияның бізді жұтуға тырысып жатқанын көріп отырмыз. Ал біз Бессарабия Румыния қол астында болған кезде не болғанын есте сақтаймыз», - деп дәлелдеді саясаткер, 1945-1946 жылғы кеңестік аштықтан қырылған ғағауыз халқының трагедиясын тарс естен шығарып.
Журналистер алдында: «Бізге дамыған Батыс емес, әлемге қара бет болған Шығыстағы Ресей керек», - деп қожалары құлағына әбден сіңірген кесікті сөздерін кесектей айтқан топ сиездерін бастап кетті.
Сиез Молдованың әнұранын орындаудан басталды. «Молдова - тәуелсіз, бейтарап мемлекет, ол әскери альянстарға қатыспау негізінде өз даму векторын өзі анықтай алады. Біз өзіміз шешім қабылдағымыз келеді. ЕАЭО - бұл Молдова билігінің саясатына байланысты ресми Кишинев жоғалтқан орасан зор нарық. Біз өз экономикамызды қайта тиімді дамытқымыз келеді және ЕАЭО-да бұл үшін орасан зор мүмкіндіктер бар», - деді өз сөзінде Парламент депутаты Марина Таубер.
Осылайша тағы бір ТМД елінің ЕО бағыт ұстауының жолын кесу үшін Мәскеудің барын салғаны көрініп қалды. БАҚ-та, Шоу-бизнесте осы ресейлік жаңа агрессияға өз үлесін қоса бастағаны да айқын байқалды. Атап айтар болсақ, Ресейдің халық әртісі Николай Басков сиезд сахнасында молдаван тілінде ән салды.
«Сіздерге шын жүректен жеңіс тілеймін. Сонша жыл бірге болдық. Мен үшін адамдар бөлінбей, бірігіп жатқаны үлкен бақыт. Өз болашағы үшін, өз құқықтары үшін, әрбір адамға құрметі үшін. Әр шыбықты сындыру оңай, ал бірге болғанда бізді сындыру өте қиын», - деді ол.
Сонымен өзі сынып жатқан Ресей беліне өзі көтере алмайтын шоқпарды ілгенін осы сиезден аңғаруға болады. Енді ОА-да ұлтшылдардан құтылуды талап ететін сиез өткізетін болса, оған таңқалудың еш қажеті жоқ.
Mezgil.kz