Басылым: Қадыров ауыр дертке шалдықты!

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров ауыр дертке шалдыққан. Бұл туралы «Новая газета. Европа» басылымы жазды. Басылымның ақпаратынша Рамзан Қадыровқа 2019 жылы «ұйқы безінің некрозы» диагнозы қойылған. Осыған байланысты Қадыров негізгі жұмысында «жоспардан тыс демалысты» көп алатын болған.


Рамзан Қадыров жиі қолданатын «дон» сөзінің мағынасы қандай?

 

2019 жылы әлеуметтік желі қолданушылары Қадыровтың қатты арықтап кеткені жайлы жазып, түрлі болжам айтты. Артынша батыс БАҚ-тары Қадыровтың жылына екі мәрте хирургиялық тексерістерден өткенін жазып, панкреонекроз ауруына шалдыққанын меңзеді.

 

«Новая газета. Европа» басылымының ақпаратынша 2023 жылдың қыркүйегінде Қадыровтың ауруы асқынып, Шешенстан басшысы Орталық клиникалық ауруханаға жатқызылған. Басылым Қадыровтың ауыр дертке байланысты «Дормикум» дәрісін көп қолданғанын, салдарынан кері әсері болғанын айтты. Әдетте «Дормикум» дәрісі ауыр індетке шалдыққан науқастың ауыру белгілерін уақытша бұғаттау үшін қолданылады. Кейін әлеуметтік желіде Қадыровтың ісініп, толықсыған бейнесі тарады. Бұл кезекті мәрте ызу-қызу талқы тақырыпқа ұласты. 

 

2023 жылдың күзінде «Қадыров ауыр дертке шалдықты» деген ақпаратқа Кремль билігі де, Қадыровтың өзі де ресми жауап беруге мәжбүр болды. Қадыров «іріген-шіріген Еуропаны басып алып, нацистік Украинаны орнына қоймай өлмейтінін, денінің сау екенін» айтты. Шешенстан басшысының пиар технологтары ақпараттық кеңістікте түрлі видеоларды тарата бастады. Әдетте ондай видеоларда Қадыров спортпен шұғылданып, автоматпен оқ жаудырып, тау бөктерінде көліпен қыдырып жүрді.

 

«Новая газета. Европа» басылымы Құранды өртеген Никита Журавельдің соққыға жығылған видеосын кеңінен тарату мен Қадыровтың ұлын түрлі марапатқа ұсыну әрекеттері Қадыровтың дертіне қатысты ақпаратты ұмыттыру үшін жасалғанына сенімді.

 

Сарапшылар Қадыровтың жағдайы тым нашарлап кетсе, оның орнын «Ахмат» арнайы жасағының командирі Апти Алаудинов басатынын айтуда. Бұған дейін Ресей президенті Путин Алаудиновты Қорғаныс министрлігіндегі патриоттық бөлімге жауапты тұлғаның бірі ретінде тағайындаған болатын.


Mezgil.kz





Ұқсас тақырыптар