Сыртқы саясаттың осы аптадағы сүрлеуі: Қазақтың досы кім, дұшпаны кім?

Өтіп бара жатқан апта Қазақстанның сыртқы саясаттағы аралас-құраластығы үшін өте-мөте қызу өтті десек қателеспейміз. Қазақстанға Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің келуінен өзге де еларалық кездесулер аз болған жоқ. Бұл санатқа: Қазақстан-Ұлыбритания, Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Түркия, Қазақстан-Ауғаныстан, Қазақстан-Әзербайжан арасындағы алқа-қотан жиындарды жатқызуға болады.

1714125123975560.jpg

Mezgil.kz ақпараттық порталы апта соңында Қазақстанның сыртқы саясаттағы маңызды кездесулеріне қатысты ақпараттарға қысқаша шолу (дайджест) ұсынады.

1714123984381397.jpg

(Коллаж суреттері Ақорда сайтынан және әлеуметтік желілерден алынды)

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҰЛЫБРИТАНИЯ: «БІЗ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ТАҢДАУМЫЗ!»

Орталық Азия мемлекеттерін түгел аралау үшін атқа мінген Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Давид Камеронның Астанаға келгені туралы егжей-тегжейлі жаздық.

Лорд Камерон қазақ жеріне табан тіреген соң, жергілікті БАҚ-қа сұхбат беріп: «Біз Қазақстанға тек бізді таңдаңыздар, Ресей мен Қытайдан мүлде бас тартыңыздар демейміз. Біз Қазақстанның тағы бір таңдауы болу үшін келдік. Біздің де ұсынарымыз аз емес», - деп сөйледі.

Расында, Лорд Камеронның Қазақстанға алып келген ұсынысы аз емес екен. Ағылшын министрін Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. Онан соң ҚР СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу бастаған Қазақстан Үкіметі кездесулер өткізді.

2 ТАРИХИ МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ

Камеронның бұл келісінде талқыланған тақырыптардың бірсыпырасы: саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптар.

Бұл сапарда 2 маңызды құжатқа қол қойылдыБіріншісі: Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім! Екіншісі: Қазақ тілін Оксфорд университетінде оқыту туралы келісім.

Айтпақшы, Ұлыбритания ОА мемлекеттерінің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау үшін деп 62 млн доллар ақша тағы беріп кетті.

1714124276268849.jpg

(Коллаж суреттері Ақорда сайтынан және әлеуметтік желілерден алынды)

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ: ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСКЕРИ ӘРІПТЕСТІК ҰСЫНА КЕЛДІК

Осы аптада Ақорда есігін қаққан жалғыз Лорд Камерон емес. Қазақстанға Қытайдың Қорғаныс министрі Дун Цзюнь келді. Қытай Қорғаныс министрі де президент Тоқаевтың қабылдауында болып шықты.

Президент Тоқаев: «Көпжақты құрылымдар аясында Қазақстан мен Қытайдың өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне қатысты көзқарастары ұқсас. Қытайдың дүниежүзілік дамуға, жаһандық қауіпсіздік пен өркениетке қатысты ұсынған бастамаларын жоғары бағалаймыз әрі қолдаймыз. Бұл бастамалар әлемдегі қауіпсіздіктің қазіргі жүйесін нығайтуға оң үлес қосады деп санаймын», - деп сөйледі.

Қазақстан мен Қытай бітімгерлік, білім және әскери-техника салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендіктерін жеткізді. Қытай Қорғаныс министрі Астанаға ШЫҰ басқосуын сылтаурата келген. Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы мәселені кеңінен талқы етті.

Бұл жүздесуде талқыланған негізгі 2 мәселе бар. Ол: 1) Бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізу. 2) Әскери мамандарды оқыту туралы келіссөздер.

Қосымша: Қытай билігінің өкілдері (әскери ведомство басшылары) Қазақстанда жүрген сәтте, Қазақстан Парламенті Қытайға сапарлап барған. Ерлан Қошанов бастаған бір топ Мәжіліс депутаттары Қытайға ресми сапармен барып, екіжақты келіссөздер жүргізген.

1714124460426657.jpg

(Коллаж суреттері әлеуметтік желілерден алынды)

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ: ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ОЛЖАЛЫ МА?

Қазақстанның Үкімет басшысы Олжас Бектенов те жай жатпастан, «Qazaqstan» жазулы қанатты пырақты (ұшақ) ертеп мінеп, Анкара аттанып кетті. Бектеновті Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдады.

Тараптар қазіргі өңірлік ахуалды, соның ішінде Газа секторын сөз еткен. Түркия президенті Ердоған өз сөзінде Қазақстанмен әскери, қорғаныс өндірісі бойынша әріптестікті арттырудың маңыздылығына тоқталған.

Онан соң Анкарада Қазақстан премьері Олжас Бектенов пен Түркия вице-президенті Жевдет Йылмаздың қатысуымен қазақ-түрік бизнес форумы өтті. Ол бойынша Қазақстан мен Түркия 180 млн доллар болатын 10 коммерциялық инвестициялық жобаға қол қойды. Қазақстан Түркияға 34 түрлі тауардың экспортын ұлғайтады. Бұл шамамен 630 млн доллардың келісімі.

Бұл кездесуде қол қойылған маңызды құжат90 бөлімнен тұратын экономикалық әріптестік туралы іс-жоспары.

1714124577840045.jpg

(Сурет Әзербайжан БАҚ-тарынан алынды)

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗЕРБАЙЖАН ӘСКЕРИ КЕЛІСІМ ЖАСАСТЫ

25 сәуірде Әзербайжан астанасы Бакуде де Қазақстан үшін маңызды кездесу өтті. Әзербайжанның Қорғаныс министрі Хакир Хасанов ҚР ҚК Бас штабының басшысы Сұлтан Камалетдиновты қабылдады. Тараптар екі ел арасындағы әскери әріптестік жайын талқы етті. Әскери байланыстарды кеңейту жайы сөз болды. Сондай-ақ, бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізу жөнінде келіссөздер жүргізілді.

1714124761892925.jpg

(Сурет телеграм арнадан алынды)

ҚАЗАҚСТАН МЕН АУҒАНЫСТАН: ТРАНСАУҒАН БАҒЫТЫ БІЗГЕ МАҢЫЗДЫ

24 сәуірде ҚР Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Ауғаныстанға сапарлап барып, транс-ауған магистралі құрылысының маңыздылығы туралы сөзталқы жасап қайтты. Жұманғаринмен ауған тарабынан Барадар жолықты. Тараптар: трансауған темір жолы құрылысын талқы етті. 

«Бұл жоба - екі ел арасындағы жүк жеткізу уақытын 10 есеге, және жүк жеткізу құнын едәуір қысқартатын жоба», - деді тараптар. Қазақстан осы темір жол құрылысына қатысуға бейілді екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан жаңа экспорттық маршурттың мультимодульді жобасын таныстырды. Ол Қазақстаннан Өзбекстан, Ауғаныстан, Пәкістан, әрі қарай теңіз арқылы БАӘ-дегі Жебел-Әли портына дейінгі жолды қамтиды.

1714124899798486.jpeg

(Сурет: astanatv.kz)

ШЫҰ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛЕРІ АСТАНАДА БАС ҚОСТЫ

26 сәуірде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері Астанаға жиналып, өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін бас қосты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы - 2001 жылдың 15 маусымында құрылған халықаралық ұйым. Оған: Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан мен Пәкістан және Иран мүше. Иран мүшелікке 2023 жылы өтті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар