Германияның Bild басылымы Ресей әскерінің алдағы уақытта ауқымды шабуылға шығатынын жазды. Киевтегі лауазымды әскери тұлғалар басылымның жорамалын растап, Ресейдің шабуыл алдындағы соңғы дайындықтарды аяқтап жатқанын айтты. Болжам бойынша Ресей әскері мамырдың соңы маусымның басында жаппай шабуылды бастамақ.
Ресей әскері шабуыл алдында қарсыласты әлсірету және әскери күшін бірнеше бағытқа бөлу үшін майдан шебінің бірнеше қапталында шабуылды үдетті. Мәскеу соңғы үш айда Харьковті зымыранмен және дрондармен атқылап, Украинаның электрстанцияларын соққы астына алуда.
Bild басылымына сұхбат берген, есімін құпия сақтауды сұраған Украинаның барлау қызметінің өкілі Ресейдің 20-40 мың сарбазбен Харьковке шабуыл жасау мүмкіндігін айтты. Оның ойынша Ресей шабуылды бастаса, Киев не шығысты, не солтүстікті қорғау туралы шешімнің біреуін қабылдауы тиіс. Екі бағыттағы шабуылды бір мезетте тойтару қиын болмақ.
Украина барлауы Ресейдің 2022 жылғыдай ауқымды шабуыл бастайтын әрекеті іске асса, онда ол сөзсіз Харьков қаласын алуға бағытталмақ. Ресей әскері шекарадан өтпей, Донецк бағыты арқылы Харьковке жылжуы ықтимал дейді сарапшылар. Соңғы апталарда Ресейдің әскери бөлімшелері Авдеевка және Часов Яр маңындағы шабуылын үдетіп, бірнеше елді-мекенді басып алған. Украина әскері кей бағытта қорғаныс шебінің екінші линиясына шегінуге және қорғануға ыңғайлы позицияларға ығысуға мәжбүр болған.
Украина сарбаздары Ресейдің шабуылын тойтару үшін снаряд пен әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандардың тапшылығы кедергі болып жатқанын айтуда. Украина әскері Ресейдің ауқымды шабуылына дайындалып, Брянск, Курск және Белгород тарапынан болуы ықтимал шабуылды тоқтату үшін ондаған шақырымға созылған ор қазу жұмыстарын жүргізіп, алқаптарды миналауда. Ал солтүстікте Киев Беларусь шекарасын күшейтіп, ондаған мың сарбазды шекара күзетіне қойды.
Сарапшылар Ресей билігі Украинаның екінші ірі қаласы саналатын және орыс тілді аудитория көп шоғырланған Харьковты басып алуды принципті іс санайтынын айтты. Әскери сарапшылар Харьков операциясы Мәскеу үшін ондаған мың сарбаздың шығынына ұласуы мүмкін дейді. Соңғы айларда Харьковтен халық Украинаның ішкі аймақтарына босып, қоныс аударуы үшін Ресей қаладағы жарық, жылу, суға арналған кешендерді атқылап, қоғамдық көліктер орталықтарына ұдайы соққы жасаумен келеді. Соғысқа дейі қалада 1,2 млн халық болса, қазіргі сәтте 450 мың ғана халық қалған. 2022 жылдың 24-ақпаны мен 11-қыркүйегі арасында Ресей мен Украина Харьков үшін соғысып, Ресейдің ондаған әскери бөлімшесі қалаға 30-50 шақырым жерде талқандалып, кері шегінген болатын.
Mezgil.kz