Орыс барлауы «Грузин арманы» арқылы Гүржістанды өз дегеніне көндіруде!

Грузия парламенті сәрсенбі күні «Сыртқы ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Бұл заңды оппозиция өкілдері «шетелдік агент туралы заң» немесе «ресейлік заң» деп атайды.

1714648769499494.jpg

Құжатты 150 депутаттың 83-і қолдап дауыс берген. Қолдаушы депутаттардың барлығы дерлік билеуші «Грузин арманы» партиясының өкілдері мен олардың одақтастары. Оппозициялық депутаттар дауыс беруге қатыспай, қалыс қалды. Осылайша, нәтиже бірінші оқылымда дауыс беру кезіндегідей болды.

1714648547791819.jpg

(Грузия Парламентіндегі төбелес. Сурет: dw.com)

«ГРУЗИН АРМАНЫНЫҢ» АРМАНДАҒАНЫ – РЕСЕЙЛІК ЗАҢ!

Заң жобасын түпкілікті мақұлдау үшін Грузия парламенті оны үшінші оқылымда да қабылдау қажет. Оған дауыс беру 17 мамырда өтеді деп күтілуде.

Осыдан соң Грузия астанасындағы халық наразылығы өрши түсті. Тбилисиде ауқымды митинг жалғасын тапты. Полиция газ қолданып, алаңда жүрген журналистер мен саясаткерлер де зардап шекті. Енді осылар жайлы егжей-тегжейлі жазайық...

«ОРЫС ЖҮРГЕН ЖЕР – ҰРЫС-КЕРІС ЖҮРГЕН ЖЕР»

«Орыс жүрген жер – ұрыс-керіс жүрген жер» деп тегін айтылмаған. Тегін айтылмайтыны Гүржістандағы қалыптасқан жағдай. Путиндік Ресей гүржілер ЕО-ға кірмеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға кірісіп кетті. Нәтижесі – әрине, әзірше, Путекеңнің көңілінен шығып жатыр.

Бейімбетшелесек, «Даудың басы Дайрабайдың сиыры» дегендей, «шетелдік агент» туралы заң Гүржістандағы халықты екіге жарып үлгерді. Гүржістан Парламентінде 1 мамыр түнгі сағат 11-де қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Тбилисидегі наразылық «шетелдік агент» туралы заң бойынша екінші оқылымда дауыс беруден басталып, бұған наразы жұрт Парламент ғимаратына шабуыл жасауға тырысты.

Дауыс беру нәтижесі жұртқа мәлім болған сәттен-ақ, Тбилисидегі наразылық 10 балдық шкаламен өз шарықтау шегіне жетті. Өйткені, Еуроинтеграцияға мүдделі жұрт әліптің артын бағып, не шік, не бүк деп тепсініп отырған сәтте, заңды қабылдау отқа май құйды десек те болады.

1714648588290761.jpg

(Бұл заң Ресейде қабылданған: Грузиядағы әйелдер митингі. Сурет: ВВС)

ЖҰРТ НЕГЕ ЖҮРЛІКТІ? «РЕСЕЙГЕ ЖОҚ! БІЗ ҚҰЛ ЕМЕСПІЗ

Протеске қатысушылар «Ресейге, ЖОҚ!», «Біз құл емеспіз» деп айқай салды. Наразылық акциясына қатысушылар баррикадалардың көмегімен Парламент қақпасына келіп, шабуыл жасауға тырысты. Шамамен сағат 21:00-де полиция Парламент ғимаратының сол және оң жағындағы көшелерді жауып тастады. Наразы топ депутаттардың жолын кесіп, жолды жабуға тырысты. Осыдан соң арнайы жасақ Парламентке кіре берісте наразы топқа қарсы бұрыш спрейін қолданған. Куәгерлер ІІМ өкілдері ешкімге ескертпей күш қолданғанын айтады. Сондықтан бірнеше наразылық білдіруші дәрігерлерге жүгінді.

Билік «демонстранттар полицияның заңды талабына бағынбағанын, сондықтан ІІМ құқықтық тәртіпті қалпына келтіру үшін заңмен белгіленген арнайы құралдарды пайдаланғанын» айтады. БАҚ: «Грузия күштік құрылымдары наразы топқа қарсы көз жасаурататын газ, бұрын спрейлерін, резеңке оқтар қолданған», - деп жазады.

Грузия ІІМ орынбасары Александр Дарахвелидзе акцияға қатысушылар полицияға қарсы тұншықтырғыш заттар мен газдарды қолданғанын айтады. Оның айтуынша, оларды Грузиядағы әдеттегі дүкендерден сатып алу мүмкін еместігін айтты.

1714648710571636.jpg

(Грузия Президенті С.Зурабишвили. Сурет: vikna.tv)

ГҮРЖІСТАНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР!?

Грузия Парламентінің спикері Шалва Папуашвилидің айтуынша, 2 мамыр күні кешке Грузия Парламентінің ғимаратында қауіптің «қызыл деңгейі» туралы хабарланды.

Наразылықтар салдарынан Грузия Президенті Саломе Зурабишвили жиналғандарды Парламенттің бүйір қақпасын ғана ашық қалдыруға шақырды. Ол наразы топқа Парламентке кіру есігі ештеңені шешпейтінін айтып, Шота Руставели даңғылындағы акцияның бейбіт сипатын бұзбауға шақырды. Грузия Президентінің айтуынша, ендігі жердегі басты мақсат - сайлау және Грузияны еуропалық жолдан кетіретін заңдарды алып тастау.

БАТЫС ПІКІРІ ҚАНДАЙ?

Өткен желтоқсан айында Грузияға кандидат ел мәртебесін берген Еуроодақ: «Сыртқы ықпалдың ашықтығы туралы» заңның қабылдануы – ЕО құндылықтарымен үйлеспейді және елдің осы бірлестікке мүше болу үмітін жояды», - деп мәлімдеді.

«Біз бейбіт демонстранттарға қарсы зорлық-зомбылықты айыптаймыз», - деді АҚШ Мемлекеттік департаменті. «Батыс бағыты қауіп-қатерде», - деген тақырыппен АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Мэтт Миллер мәлімдеме жариялады.

Ол бірінші мамырда болған толқуға түрткі болған «шетелдік агенттер» туралы заңды айыптайтынын алға тарта келе, АҚШ бейбіт демонстранттар мен журналистерге қатысты зорлық-зомбылықты айыптайтынын және Антасаридің «Грузин арманы» риторикасының өзгеріп отырғанын мәлімдеді.

Грузия халқы дәл осы «шетелдік агент» туралы заңға қарсы 13 ай бұрын, 2023 жылдың наурызында көтерілген еді. Ол кезде Халықаралық сын мен Парлементтік көпшілік және халық наразылығы заңды қабылдатпай тастаған еді. Заң жобасы Парламентке қайтарылғаннан кейін наразылық акциялары қайта басталды.

Сонымен орыс барлауы мен саясаты «Грузин арманы» партиясы арқылы Гүржістанды өз дегеніне көндірудің басты қадамын жасады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар