The Economist басылымына Украина барлау қызметінің басшысының орынбасары Вадим Скибицкий сұхбат берді. Ол майдан даласындағы жағдайдың қиын екенін растап, алдағы ұрыс қимылдарына қатысты болжамын айтты.
Вадим Скибицкий қазіргі уақытта Ресей әскерінің негізгі міндеті Донбассты және Запорож аймағын толық басып алу екендігін айтты. Ресей Часов Яр қаласына шабуылды күшейтті. Бұл қаланы басып алу Ресей үшін бірнеше бағытта қозғалуға мүмкіндік беріп, Донецк облысын толық оккупациялауға есік ашпақ. Вадим Скибицкийдің ойынша Часов Яр қаласы жау қолына өтуі ықтимал. «Бұл бар болғаны қанша уақытта деген сұрақты туындатады» дейді ол. Оның пікірінше Часов Ярдың құлауы Авдеевка сияқты сценариймен іске асуы мүмкін. Қазіргі сәтте Украина әскері қорғаныс шебін күшейтіп, қаладан тыс аймаққа да бірнеше қорғаныс линиясын салуда. «Біздің мақсатымыз қарсыласқа барынша көп шығын әкеле отырып, қажет болатын болса сәтті шегіне білу» дейді ол.
Скибицкий қолында бар дерекке сүйене отырып, Ресей әскерінде 514 мың құрлық әскері барын мәлімдеді. Мәскеу қосымша резервтерді жұмылдырып, әскер санын арттыруға тырысып жатқанын жеткізді.
«АҚШ қаруы қоймадан ұрыс даласына жеткенше бірнеше апта өтеді. Оның үстіне келетін қарудың саны, яғни снарядтар мен зымырандар Ресейдің қолында бар қаруға саны жағынан тең келе қоймас. Ал қарсыластың басқарылмайтын қуатты бомбаларын тоқтататын қару бізде аз», - дейді Вадим Скибицкий.
Украина барлау қызметінің басшысының орынбасары Вадим Скибицкий Ресей тарапынан қарулы шабуылдан бөлек, ақпараттық алаңда да шабуыл арта түсетінін болжады. Бұл Украинада өткізілмеген президент сайлауы мен саясаткерлер арасындағы қарым-қатынасқа қатысты түрлі дезинформация болуы мүмкін дейді.
Ол Ресей мен Украина арасында шынайы келіссөздер 2025 жылдың ортасына дейін басталмайды деген ойда. Қазіргі сәтте Ресей Харьков пен Сумы қалаларын басып алуды жоспарлап отырғанын айтты. «Ресей Харьков операциясына 50-70 мың сарбаз жұмылдырмақ, алайда бұл жеткіліксіз» дейді қолбасшы.
Скибицкий Украинаның ұрыс даласындағы нәтижелі шабуылы немесе сәтсіз әрекеттері қару-жарақ қорына тікелей байланысты деуде. Әзірге ЕО мен АҚШ беріп отырған қару Ресейдің қару санына жетпейтінін мәлімдеді.
Mezgil.kz