Украинаның Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Foreign Policy журналына сұхбат беріп, Швейцарияның Люцерн қаласында 15-16 маусымда Украина бойынша бейбіт саммит өтетінін растады. Саммитке 160 мемлекет өкілдері шақыртылған, алайда олардың ішінде Ресей жоқ. Украина Ресей өкілдерін саммит аясында мемлекеттер ортақ нақты позиция қабылдаған соң шақыруға болатынын айтты.
Швейцариядағы саммит барысында Украина тарапы соғысты аяқтауға қатысты нақты ұстанымдар жинақталған мемлекеттер коалициясын құруды ойластыруда.
«Саммиттің басты мақсаты нақты ұстанымдар мен көзқарастары түйісетін мемлекеттерді біріктіріп, ары қарай әрекет етуді ойластыру болып табылады. Артынша Ресеймен келіссөздер мәселесін талқылауға болады, өйткені кез келген қақтығыс аяқталуы үшін келіссөзге соғысып жатқан екі тарап та қатысуы қажет қой. Алайда біз Ресейді дәп қазір шақырсақ, онда Мәскеу саммит барысында ортақ ұстаным қалыптастырмауға және саммитке қатысушылар арасында ортақ түсінік болмауға барын салып, саммиттің мақсаты орындалмауға барын салады. Сол себепті Ресейді қазір келіссөзге немесе саммитке шақыру керек дейтіндер, осы уақытқа дейін Мәскеудің қалай келіссөз жүргізіп келгенін бір қарап шығыңыздар дегім келеді», - дейді Кулеба.
Украина министрінің сөзіне Ресейдің ресми билігі жауап берді. Президент Путиннің баспасөз хатшысы Песков Ресейдің қатысуынсыз қандай да бір келісім немесе келіссөз іске аспайтынын айтты. Ресейді бірінші саммитке шақырмау туралы шешімді Швейцария тарапы да мәлімдеді, алайда алдағы келіссөздерге шақырту болатынын меңзеді.
БАҚ беттері саммитке Қытайдың қатысу-қатыспауы әлі нақты емес деп жазуда. Қытайдың СІМ өкілі Ресей мен Украина арасында бейбіт келісім жасауға жақындататын шараларды қолдайтынын айтқан болатын, дей-тұра Швейцария саммитінде Бейжің тарапынан нақты қандай делегация қатысатыны әзірге белгісіз.
Ресей мен Украина арасында келіссөздер 2022 жылдың ақпанында басталды. Соғыс басталған соң үш күннен кейін екі ел делегациясы Беларусь жерінде, кейін Түркияда бас қосты. Алайда нақты шешім қабылданбады. 2022 жылдың қарашасында өткен G20 саммитінде Украина президенті Владимир Зеленский 10 тармақтан тұратын «Украинаның бейбітшілік формуласын» ұсынды. Ресей тарапы бұл формуланы үзілді-кесілді жоққа шығаруда.
Украина тарапы Швейцария саммитінде Ресейдің халықаралық құжаттар мен келісімдерді өрескел бұзғанын түсіндіре отырып, Мәскеуді айыптайтын елдер қатарын арттыруды көздеуде.
Mezgil.kz