Путиндік реваншизмнің Орталық Азия, Кавказ елдері мен Молдоваға таңған тосынсыйы осы елдерде тұратын 5 колоносын пайдаланып, «Ажалсыз полк» шеруін өткізу болатын. Осы қаңбақ күштер талап еткен 9 мамырдағы шеру тарих сахнасынан өшуге жақын.
(Коллаж суреттері Google іздеу жүйесінен алынды)
Орталық Азия басшылары: «9 мамыр мерекеленбейді», - деп алдын ала кесіп айтса, Ресейдің жан торсығы болған Кавказдағы жалғыз ел – Армения да ат-тонын ала қашты. Осылайша ТМД толықтай 9 мамырды тойлаудан тыйылды. Осы тыйылу басқаны қойып, Ресейдің дәл өзінде орын алып отыр. Нақтылай айтар болсақ, Ресейдің кейбір қалалары мен Украинадан оккупациялап алған аймақтар 9 мамырда әскери шеру және мерекелік отшашу ұйымдастырудан бас тартуда.
БАҚ деректеріне сенер болсақ, жалпы жиынтығы 25 қала әскери шеруден бас тартқан, ал 49 қала отшашудан бас тартты. Сонымен бірге «Ажалсыз полк» шеруі де дәстүрлі форматтан бас тартып, онлайн өтетін болды. Сарапшылар бұл тізім ұлғая түсуі мүмкін дегенді алға татуда.
Мәскеулік форматтағы Жеңістің 79 жылдығына арналған әскери парадтар 7 батыр қалада және әскери округтер, флоттар мен жалпы әскери армиялар штабтары орналасқан 18 қалада өтеді.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу РФ ҚК басшылық құрамымен өткен тақырыптық селекторлық кеңесте: «Ресейде Жеңіс күнін мерекелеуге барлығы 150 мыңға жуық адам және 2,5 мың қару-жарақ пен әскери техника үлгілері тартылады», - деп хабарлады.
«9 мамырда Жеңіс күніне орай Қызыл алаңдағы бас әскери парадқа 9 мыңнан астам адам, 70 бірлік техника, «Русские витязи» және «Стрижи» пилотаждық топтары қатысады», - деп хабарлады РФ Қорғаныс министрі, армия генералы Сергей Шойгу.
Жаяу колонна құрамына әскер түрлері мен тектері бойынша полктер, батальондар мен роталар, Суворов, Нахимов, кадет және музыка училищелерінің, юнармейшілердің, әскери қызметші әйелдердің, казактардың жасақтары және жиынтық әскери оркестр кіреді.
«Сондай-ақ Қызыл алаң арқылы «арнайы әскери операцияға» қатысушылар өтеді», - деді Шойгу (Ресей Украинаға қарсы соғысты «арнайы әскери операция» деп атайды).
Ал Ресейде 9 мамырдағы шерулер қай өңірлерде тоқтатылды? Қараңыз:
Псков облысы, Қырым, Брянск, Курск және Рязань облыстары, Удмуртия, Ростов облысы, Ставрополь өлкесі және Омбы.
Украинамен соғыс - Ресейлік Жеңіс күніне осылайша өз өзгерісін енгізді. Бұны кекілділердің саяси ірі жеңісі деп атауға болады.
Mezgil.kz