Ресей әскері Украинаның солтүстік шекарасындағы әскер санын арттыруда. Бұл туралы Соғысты зерттеу институты (ISW) мәлімдеді. Жаңа бөлімшелер санын арттыру арқылы, Ресей әскері Украинаның екінші үлкен қаласы саналатын Харьковке шабуыл жасамақ дейді институт сарапшылары.
Сарапшылардың пікірінше Ресей Украинаның солтүстік шекарасында 50 мың сарбазды топтастырған. Олардың 31 мыңы Белгород облысында, 10 мыңы Курск маңында, ал 9 мыңы Брянск аймағында шоғырланған.
Спутниктік бақылаулар Ресей әскерінің Курск станцияларынан түсіп, Белгородқа қарай бет алғанын айтуда. Осылайша Ресей Харьковке жақын маңға әскери бөлімшелерін орналастыруда. Ресей Запорож бағытында ұрыс жүргізіп жатқан 76-шы дивизияны майданнан алдырып, Курск облысына орналастырғаны анықталды. ISW-дің мәліметінше Солтүстік бөлімшелер негізінен Ленинград әскери округінен жасақталуда.
Әскери сарапшылар бұл әскердің Харьков қаласын басып алуға жеткіліксіз екенін жазуда. Бұған дейін BILD басылымы Ресейдің Харьковты басып алуы үшін 20-40 мың сарбазды шабуылға жіберуі мүмкін екенін жазған болатын.
The Financial Times басылымының жазуынша Харьковке жаппай шабуыл мамыр айының соңында немесе маусымның басында басталуы мүмкін. Қазіргі таңда Ресей әскері Харьковті зымыранмен атқылап, халықтың қаладан босып кетуі үшін жылу-жарық жүйелеріне соққы жасауда.
Сарапшылар Кремль үшін Харьковті алу маңызды екенін айтуда. «Киевтен кейін халқы көп, мегаполис саналатын қаланы басып алу, Мәскеу үшін идеологиялық, әскери тұрғыдан үлкен жеңіс саналар еді» дейді олар.
Mezgil.kz