Ресей жаңа фронт ашты: Украина қалай дайындалуда?

10-мамыр күні Ресей әскері Украинаның Харьков облысына шабуыл бастады. Харьков облысының Ресеймен шекаралас елді-мекендерін зымыран соққысының астына алып, артынша бронды техника мен жаяу әскердің шабуылы басталған. Украина қорғаныс министрлігі шабуылды тойтару операциялары іске асып жатқанын жеткізді. Ел президенті Владимир Зеленский Ресейдің жаңа фронт ашқанын мәлімдеді.


Будет ли новая война на Донбассе? - Аналитический интернет-журнал Власть

 

Ресей әскерінің Харьков облысына шабуыл жасайтыны жайлы ақпаратты Батыстық барлау қызметтері наурыз айының соңында жаза бастады. Ресей Харьков облысына жақын маңдағы әскери базаларға ондаған мың әскерін топтастырды.

 

10-мамыр күні Ресей әскері Белгород облысынан Харьковтің шекарасына өтіп, шекарадағы 6 ауылдың маңында ұрыс салды. Артиллериялық соққы Харьков облысының Ресейге жақын орналасқан Волчанск қаласына жасалды. Волчанск қаласы Ресей шекарасына 9 шақырым қашықтықта жатыр. Қалада соғысқа дейін 17 мың тұрғын болса, қазіргі сәтте 3 мың тұрғын қалған.  

 

Сарапшылар Ресей әскері Харьковке шабуылды үдету арқылы, Украинаның басқа фронттағы әскери бөлімшелерін Харьковке аттандыруға итермелеуі мүмкін дейді. Осылайша Украинаның Запорож және Донецк бағытындағы әскери қорғанысын әлсірету тактикасын іске асыруда деген ойда.

 

Ресей билігі сәуір айында «Солтүстік» әскери бөлімшесін құрып, басшысы етіп Александр Лапинді тағайындады. Аталмыш бөлімшенің негізгі мақсаты Харьков облысын оккупациялау болып табылады дейді ресейлік БАҚ өкілдері. Александр Лапин 2022 жылдың 24-ақпанында Украина жеріне басып кірген әскери бөлімшелердің бір бөлігіне қолбасшылық жасаған болатын.

 

2022 жылдың 25-ақпанында Ресей әскері Харьков қаласына басып кірді. Харьков үшін шайқастар қалада және қала маңында 2022 жылдың сәуіріне дейін жалғасты және Украинаның жеңісімен аяқталды. Украина әскері 2022 жылдың қыркүйегінде Харьков маңында ауқымды шабуылға шығып, Изюм, Купянск қалаларын және оккупациядағы аймақтың 90 пайызын азат етті. Бұл шабуыл Ресей билігіне ауыр соққы болып, Ресей тарихындағы үшінші мобилизацияны жариялауға итермеледі.

 

Украина сарапшылары Ресейдің Харьков қаласын басып алу мүмкіндігі аз екенін айтуда. Киев қаланы қорғауға қосымша күш жіберіп, шабуылға жан-жақты дайындалуда. Харьковке келетін жолдардың қорғанысы күшейтілген, ал ашық алаңдар мен алқаптар миналанған. Жау техникасының жүрісін тежейтін «айдаһар тістері» қойылып, ор қазылған. Жаңа қорғаныс позициялары жасалуда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар