Әлгінде ғана Қызыл алаңда алаулатып-жалаулатып әскери парад өткізген Ресей президенті Владимир Путин Үкіметте азды-кем ауыс-түйіс жасады. Бұл кадр тағайындау процессінде күрделі өзгерістер байқалмады десек те, әлем жұртының әңгімесін тудырған бір ауыс-түйіс болды.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Ол – РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың қызметтен алынуы. Ресейдің ендігі экс-әскербасы мүлде қызметсіз қалған жоқ. Ол РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып жайғасты. Ал Шойгудың орнына Ресейдің Қорғаныс министрлігін кім тізгіндеді десеңіз, тарқатып айтайық...
(Сурет: РИА Новости сайтынан алынды)
ШОЙГУ ӨСТІ МЕ, ӨШТІ МЕ?
68-дегі Сергей Шойгу Ресей әскеріне 12 жыл бойы басшылық жасап келген. Оның Қорғаныс министрі қызметінен алынуын сарапшылар түрліше болжап жатыр. Бір тобы: «Саяси интригаларға көп құлықты Шойгуға Путиннің көңілі толмағандықтан, оны қызметтен алды», - десе, енді бір топ керісінше: «Шойгудың әскери-өндіріс комиссиясында және РФ Қауіпсіздік кеңесінде В.Путиннің орынбасары болуы – қызметінің өскені. Өйткені, Ресейдің әскери-өндірісі – Ресей экономикасының майлы жілігі», - дейді.
Ресей Қорғаныс министрлігін 12 жыл басқанған Сергей Шойгудың көп ұзамай бұл қызметтен алынатын көптен болжанған. Әсіресе, «Е.Пригожиннің бүлігінен» кейін сарапшылар Кужегетовичтің карьерасын нүктелейтін пікірлерді көптеп айтқан.
Шойгу Ресей президенті Путинге ең жақын адамдардың бірі. Ол Ресей басшысымен бірге аңға шығып, табиғат аясында бірге демалады. Дәл осы Сергей Шойгу Путинге тиесілі һәм Ресей билігіндегі доминат күшке ие «Единая Россия» партиясын құрушылардың бірі.
Десе де, Ресей Украинаға кең ауқымды соғыс ашқаннан бастап, Кремльдің маңайындағы белсенділердің өткір сынына ұшыраған. Ол жауапты Ресейдің әскери-өндірісі жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа батқаны әшкере болып, Ресей жеме-жемге келгенде, Иран, Солтүстік Корей, Қытайға алақан жаюға мәжбүр болды.
Оған қоса, Шойгудың бұл тағайындалысы алдында оның орынбасары Тимур Иванов (РФ Қорғаныс вице-министрі) парақорлық жасағаны үшін тұтқындалған.
Путин жасаған ауыс-түйістер кезінде қызметін сақтап қалмаған жалғыз министр – осы Сергей Шойгу болды. Десе де, ол Николай Патрушевті алмастырып, РФ Қаукеңесінде жоғары лауазымға ие болды. Ол сондай-ақ, Ресейдің әскери-өндіріс комиссиясында Путиннің орынбасары қызметін атқарады.
(Сурет: РИА Новости сайтынан алынды)
РЕСЕЙДІҢ СУ ЖАҢА ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ АНДРЕЙ БЕЛОУСОВ КІМ?
Ал Шойгудың орнына Ресей Қорғаныс министрі болып 65-тегі Андрей Белоусов тағайындалды. Белоусов Путиннің өзі ұсынған кандидат. Ол әскери сала адамы емес. Кей деректерде, тіпті оның әскери борышын өтемегенін, әскери шені жоқ екені айтылады.
Белоусов осыған дейін Ресей президентінің экономика саласы бойынша кеңесшісі болған. РФ Экономика министрлігінде 2006 жылдан бастап, вице-министр, министр қызметтерін атқарған. Онан соң РФ президентінің көмекшісі, РФ бірінші вице-премьер-министрі болған.
Мамандығы: Экономист-ғалым. Саяси шені: 1-ші дәрежеді мемлекеттік кеңесші. Бірақ, партияға мүше емес.
Белоусовтың өзі санкция қамытындағы адам. Оның санкция арқалауының бірнеше атаулы себебі бар. Олар: «Украинаға басқыншылық және сол басқыншылықты бастаған РФ Президентіне жақын адам ретінде», «Қырым аннекциясын қолдағаны үшін және санкциядағы банктерді жақтап, олигархтарға санкциядағы банктермен жұмыс жасай беруге шақырғаны үшін» т.б.
Сонымен Белоусовқа кімдер, қашан санкция салды?
* 2022 жылдың маусымында Украинаның жекелеген санкциясына ілінген.
* 2022 жылдың шілдесінде ЕО-ның жекелеген санкциясына ілінген.
* 2022 жылдың желтоқсанында АҚШ-тың жекелеген санкциясына ілінген.
* 2023 жылдың қаңтарында Жапонияның жекелеген санкциясына ілінген.
* 2023 жылдың ақпанында Канаданың жекелеген санкциясына ілінген.
* 2023 жылдың мамырында Ұлыбританияның жекелеген санкциясына ілінген.
* 2023 жылдың шілдесінде Аустралияның жекелеген санкциясына ілінген.
Бұл ауыс-түйістер туралы Халықаралық сарапшылар не дейді? Қараңыз:
БЕЛОУСОВ РФ ҚОРҒАНЫСЫН ҚАРЖЫЛЫҚ ШҰҢҚЫРДАН ҚҰТҚАРА АЛА МА?
ISW – Америкалық соғысты зерттеу институты: «Шойгуды алмастыру арқылы Кремль соғысты созуды көздеп отыр», - деп жазады.
«Путин мұндай кадрлық өзгерістер жасау арқылы Ресей экономикасы мен әскери-өндіріс базасын мобилизациялауды жоспарлайды. Қазір Ресейдің Қорғаныс министрлігінің аппараты күрделі әрі тығырықты жағдайда. Сондықтан, оны тізгіндеуге экономист-ғалым Андрей Белоусовтың тағайындалуы түсінікті. Белоусов осыған дейін Ресейдің түрлі инновациялық жобаларына жетекшілік еткен. Соның ішінде өзұшар дрондарды құрастыру жобасына да осы Белоусов жауапты болған», - дейді.
Ал «The Washington Post»: «Ресей Шойгуды Белоусовқа алмастыру арқылы – Ресей Қорғаныс министрлігіндегі шеткіз-шексіз жемқорлық пен қаржылық ағынға қатаң бақылау жасауды ойлап отыр.
Ал Шойгудың бұл қызметтен алынып, Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығына тағайындалуы – Путиннің айласы. Путин осы арқылы Шойгудың дәрежесін төмендетпеген болып, соғыс жағдайында әскери сектор мен әскер арасында бүлік шығып кетпеуін ойлайды», - деп жазады.
Mezgil.kz