Ресейдің су жаңа Қорғаныс министрі Андрей Белоусов жайлы Батыс басылымдары жарыса жазуда. Жаңа министр соғысты қалай өзгертуі мүмкін? Белоусов дегеніміз кім? деген сұрақтарға жауап іздеуде.
(Сурет centralasia.media сайтынан алынды)
New York Times басылымы: «Путиннің министрлер кабинетінде өзгеріс жасауы бетбұрыс сәті десек те болады. Әдетте Ресей басшысы күрт өзгерістерді жасамайтын. Демек, Путин билігі екі жылдан астам соғыста өзгеріс керек деп ойласа қажет», - деп жазды.
Le Monde басылымы болса: «Белоусовты тағайындау соғыс логикасына сәйкес келеді. Себебі Ресей экономикасын милитаризациялауға бағыттап жатыр. Ресей Украинамен ғана емес, Батыспен де ұзақ конфронтацияға дайындалуда. Қазіргі сәтте Ресей бұл мәселеде Батысқа қарағанда алға шықты деуге негіз бар. Себебі оған Қытай көмектесуде және өзі де экономикасын соғыс уақытына бейімдеуді ерте бастады», - деп жазды.
Басылымының жазуынша Белоусов экономиканы ұлттық сипатқа ауыстыруды қолдайтындардың қатарынан. Ресей бюджетіндегі түсімді арттыру үшін елдегі салық мөлшерін көтеру бастамаларының соңында дәл осы Белоусов тұр.
Washington Post басылымы да Белоусов жайлы жазды. Жаңа министр экономиканы әскери рельске ауыстыру үшін келгенін айтты. Ал Шойгудың жаңа қызметке тағайындалуы лауазымдық тұрғыдан төмендеу емес, керісінше Шойгу үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін ашуы мүмкін дейді.
Le Figaro басылымы Белоусов жайлы былай депті: «Экономист, экономикалық ғылымдар докторы, математик. Бұл Ресейдің жаңа қорғаныс министрі Белоусов. Оның әскери лауазымы мен тәжірибесі жоқ, алайда ол жаңашылдық пен инновацияға ұмтылушы саналады. Путин әскерде инновация болғанын қалайды. Соңғы уақытта Ресей президенті Владимир Путин әскери салада инновацияны арттыруды қолдап, Украина соғысында адам шығыны мен техника шығынын азайту керектігін айтқан болатын. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Белоусов Кремль басшысының қалауын орындай алатын тұлға болуы ықтимал», - дейді.
Times басылымы болса Белоусовтың негізгі міндеті дрондар өндірісін дамыту болмақ деп болжам жасады. Die Welt ақпараттық агенттігі Путиннің Шойгуды алып тастауын соғыс даласындағы сәтсіздіктермен байланыстырады. Алайда Шойгуды жаңа қызметке тағайындауын Путин мен Шойгу арасындағы достыққа байланысты деп топшылауда.
Сарапшылар Путиннің Белоусовқа бейресми негізде 6 ай бергенін айтуда. Жарты жылдың ішінде жаңа министр соғыс даласында үлкен өзгеріс жасап, әскерді жаңа техникамен, инновациямен қамтамасыз етуі тиіс.
Mezgil.kz