Парламент сыртында ереуіл, ішінде төбелес: «Ресейлік заң» үшін ЕО Грузияға есігін жаба ма?

Бүгін Грузия парламенті даулы «шетелдік агент» туралы заң жобасының үшінші оқылымын өткізді. Парламенттің сыртында халық ереуілі, ішінде депутаттардың қырық пышақ төбелесі. Осындай атмосферада Грузия парламенті даулы заңды қабылдады.

1715689104149200.jpg

КОБАХИДЗЕ НЕ ДЕЙДІ?

Кеше Грузия премьер-министрі Иракли Кобахидзе аталған заң жобасы, халық наразылығы мен халықаралық реакциялар туралы бірсыпыра мәлімдеме жасады.

Оның айтқандары:

-Грузия парламенті «шетелдік агент» туралы заңды 14 мамыр күні, үшінші оқылымда қабылдайды.

-АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі О'Браин Грузия парламентіндегі билік партиясы басшысы Иванашвилимен жеке кездесу сұраған. «Гүржістан арманы» партиясының лидері кездесуден бас тартты.

-«Шетелдік агент» туралы заңды елдің 80%-ы қолдайды.

-Грузияда 2014 жылғы Украина сценариі қайталанбайды. Себебі, Грузия оппозициясында ондай күш жоқ. Қазіргі Грузия Янукович кезіндегі Украина емес. Грузия кез келген ішкі-сыртқы араласулар мен қатерлерге қатал әрі дер шағында жауап қата алатын Тәуелсіз мемлекет.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа мен Еуразия істері жөніндегі көмекшісі О'Браинмен кездесуден «Гүржі арманының» жетекшісі Иванашвили бас тартқанымен, Грузия премьері Иракли Кобахидзе қабылдап, кездесу өткізген.

Аталған кездесуде АҚШ-Грузия қарым-қатынастары талқы болған. Сөз арасында премьер Кобахидзе «шетелдік агент» туралы заңды қабылдаудың маңызды екенін және бұл бойынша халықаралық әріптестердің барлық заңдық пікірлерін қарастыруға дайын екенін айтты.

Осыған дейін АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті: «Грузия Парламентіндегі билеуші партияның анти-батыстық риторикалары мемлекеттер арасындағы әріптестікке селкеу түсіреді», - деп мәлімдеген.

Ал Грузия астанасы «шетелдік агент» туралы заңның алғашқы оқылымы өткеннен күні бүгінге дейін тоқтаусыз, күн сайын наразылыққа шығуда. Осындай наразылық акциялары кеше де жалғасты болды. Тблисидегі наразық түнімен тоқтамай, бүгін де жалғасты.

Дүйсенбі, 13 мамырда Грузияда шетелдік агенттер туралы заңға қарсы студенттік ереуіл басталды. Тбилиси мемлекеттік университетінің студенттері «Ел билігінің «Путин диктатурасын заңдастыру әрекетіне» наразылық білдіретінін» айтты. Осылайша Тбилиси мемлекеттік университетінің студенттері бастаған аталған ереуілге елдің 30-ға жуық жоғары оқу орны қосылды.

Кеше Грузия полициясы: «Ұсталғандар қоғамдық тәртіпті бұзып, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, қорлады, - деп мәлімдеді. Ал ұсталғандар арасында 1 Ресей азаматы және 2 АҚШ азаматы бар.

Ал өткен сенбіде алаңға «шетелдік агент» заңына қарсы 100 мыңнан астам адам шыққан. Осы наразылықтар барысында Грузия күштік құрылымдары наразы топқа көз жасаурататын газ бен су шашқан. Тіпті, ұрып-соғу фактілері де тіркелген.

ГРУЗИЯ ОППОЗИЦИЯСЫ: БИЛІК ЛЕГИТИМДІЛІГІН ЖОҒАЛТТЫ!

Оппозициялық «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» (БҰҚ) және «Лело» партияларының парламент мүшелері өздерінің бірлескен брифингілері барысында: «Билеуші партия мен билік тұтастай алғанда «конституциялық алаңнан шығып кетті» және «легитимділігін жоғалтты», - деп мәлімдеді.

1 мамырда Грузия парламенті «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң қабылданған жағдайда ұйымдар мен топтарының, егер олар шетелдік қаржыландырудың 20%-дан астамын алатын болса, «шетелдік агенттер» болып тіркелуін талап етеді. Құжатты сынаушылар, соның ішінде АҚШ пен Еуропа өкілдері оны билік репрессиялық мақсатта пайдаланатын «шетелдік агенттер» туралы ресейлік заңның аналогы деп атайды.

Желтоқсанда Грузияға еуропалық блокқа кандидат ел мәртебесін берген Еуроодақ: «Сыртқы ықпалдың ашықтығы туралы» заңның қабылдануы ЕО құндылықтарымен үйлеспейді және елдің осы бірлестікке мүшелікке деген үмітін жояды», - деп мәлімдеді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар