Михаил Галузин: Орталық Азияны Ресей қорғайды, ал Батыс алдайды!

Ресейдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин «Валдай» клубының аясындағы Орталық Азия елдеріне арналған талқы бөлімінде сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Ресейді «Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі баламасыз серіктесі» деп атап, ұжымдық Батыс елдерін сенімсіз әрі бүлік салушы елдер деп ойлайтынын айтты.


Михаил Галузин: "газовый союз" РФ, Казахстана, Узбекистана прорабатывается  - РИА Новости, 25.05.2023 (Сурет Ресей СІМ сайтынан алынды)

 

Галузиннің сөзінше Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы серіктестік пен одақтастық өзара түсінік принципіне сай құрылған. Ортақ қауіптерге де бірлесе жауап беруі тиіс деп санайды.

 

«Тәжікстан мен Қырғызстанда біздің ірі әскери базаларымыздың болуы, әскери саладағы тығыз әріптестігіміз, мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі бірлескен жұмыстарымыз, құқық қорғау органдары арасындағы байланыс және есірткі қылмысына қарсы бірлесе жүргізіп жатқан күрестеріміз Орталық Азияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Ресейдің баламасыз серіктес екенінің дәлелі», —дейді Галузин.

 

Ол сөз арасында Батыс елдерін айыптады. Галузин былай дейді: «АҚШ пен НАТО елдері аймаққа кіруге тырысып, бірлескен жаттығу өткізуді ұсынып, мемлекеттік шекараны күзетуге, терроризммен және есірткі қылмысымен күресуге көмек ұсынып, өзінің әскери базаларын орналастыруға тырысуын тоқтатқан емес. ОРталық Азия елдерінің басшылары ұжымдық Батыстың саясаты қандай қауіп-қатер  тудыратынын жақсы білетініне сенімдімін. Біздің қарсыластарымыздың стратегиялық өлшемі түсінікті, олар Ресей мен Орталық Азия елдерінің арасына сына қаққысы келеді», - деді.

 

Соңғы уақытта Орталық Азия елдері мен Ресей арасында ақпараттық алаңда бірнеше келіспеушіліктер мен көзқарас қақтығыстары байқалды. Ресей тарапы Қазақстанды су тасқынында айыптай сөйледі. Ресейлік депутаттар Орталық Азиядан (оның ішінде Қазақстаннан) Ресей аумағына шабуыл жасаған дронның ұшып шығуы мүмкін деген негізсіз болжамын айтты. Ал «Қазақстан Украинаға ұшақ сатты» деген нақтыланбаған ақпаратты ресейлік басылымдар жарыса жазды. Қазақстан тарапы бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарған болатын. Ресейлік әлеуметтік желіде «Крокус» оқиғасынан кейін Тәжікстан азаматтарына да сенімсіздік, құрметсіздік артқан. Өзбекстан депутаттары мен қоғам қайраткерлері ресейлік әріптестерін тарихи фактілерді бұрмалап, Өзбекстанға қарсы бағытталған мәлімдемелері үшін сөзбен сыбап алды. Сарапшылар Украина-Ресей соғысынан кейін Орталық Азия елдерінің қоғамында деколонизация күшейгенін айтуда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар