17 мамыр күні Бішкекте болған жаппай төбелес Қырғызстандағы басты талқы тақырыптың бірі болып қалуда. Соққыға жығылған шетелдіктер, қираған жатақхана мен дипломатиялық даудан кейін, оқиғаға байланысты ресми билік өкілдері мен университет басшылығы, қоғам белсенділері пікір білдіре бастады. Президент Жапаров та үндеу жасады.
(Сурет Arbat.media сайтынан алынды)
17 мамырда мыңға жуық азамат Бішкектегі хостелдердің бірінің алдына жиналды. Олар 13 мамыр күні бір топ шетелдік жергілікті азаматтарды соққыға жықты деп айыптап, «мәселенің нүктесін қоюға» келген болатын. Жиналғандар кінәлілерді қатаң жазалауды сұрады. Артынша оқиға орнына полицияның күшейтілген құрамы жіберілді. Ақпарат көздері 17 мамырда Қырғызстанның Халықаралық университетінің жатақханасына шабуыл жасалып, студенттердің соққыға жығылғанын жазды. Жалпы жиынтығы 29 шетелдік азамат түрлі жарақат алған. Олардың басым көпшілігі Пәкістан азаматтары болып шықты.
Пәкістан билігі оқиғаға қатысты пікір білдіріп, кінәлілерді анықтауды сұрады. Пәкістанның арнайы рейсі 180 азаматты Қырғызстаннан алып кетті. Ал Исламабадтағы Қырғызстан елшілігі алдында митинг өтіп, Пәкістан азаматтары Қырғызстаннан жағдайды әділ реттеп, кінәлілерді заң аясында жазалауды сұрады. Оқиғаға қатысты Қырғызстанның Сыртқы істер министрі мен Пәкістанның Сыртқы істер министрі Астана қаласында өтетін ШЫҰ-ның саммитінде жеке кездесу ұйымдастырып, жағдайды талқыламақ.
Оқиғаға қатысты Қырғызстан халықаралық университетінің ректоры Асылбек Айдарәлиев пікір білдірді.
«Менің көзқарасым бойынша, бұл алдын-ала жоспарланған акция. 13 мамырда осы бір оқиға болды, кейін ол ұмытыла бастады. Алайда 17 мамырда азаматтар қандай мәселе бойынша екені түсініксіз, әйтеуір жаппай жинала бастады. Түн ішінде біздің жатақханамызға көлікпен адамдарды әкеле бастады. Тіпті арақ-шарап таратты дейді. Біздің территориямыз жабық, хостел емес, 600 адамға арналған жатақхана ғой. Студенттер душ, дәретханасы бар, барлық жағдай жасалған жағдайда тұрады. Бір жерде осынша студент бар деген хабар жетсе керек. Біреулер айтуы мүмкін ғой. Терезені сындырып, бір жерден кіріп, жатақхана ішінде жүгіріп, есіктерді сындырып, студенттердің ақшаларын тартып алған. Жатақханада жақында тұрмысқа шыққан және ата-енесі сырға сыйлаған ұстаз тұрады. Міне, соның сырғасын тартып алыпты. Айфондарын тартып алған. Милиция сол маңда болды, олар кедергі жасағысы келген. Түсінуімше оларды да ұрып тастаған. Екі сағаттан кейін милиция полкі келді, оған дейін бәрі қашып кеткен болатын», - дейді университет ректоры.
Ректордың сөзінше Пәкістанда Қырғызстан азаматтарына, студенттеріне ешқашан қысым жасалмаған. «Мен ешқашан да біздің тараптан осындай болады деп ойлаған емеспін, біздің адамдар осындай әрекет жасауы мүмкін дегенді ойлап көрмеппін. Жағдай шиеленіскен күйде тұр. Осы бір оқиға жайлы ақпараттың көптеген елдерге тарап кеткені жаман болды. Сол күні бізге Алматы арқылы Қытайдың Сиан университетінен делегация келген еді. Олар ұшаққа кешігіп қалып, оқиға болып жатқан көшемен көлікпен жүріп өтті. Не болып жатыр деп сұрады. Оның үстіне фейк ақпарат тарап жатыр. Қазір қолы шабылған Пәкістандық азаматтың суретін салып, таратуда. Міне, қырғыздар қол шабады екен деуде. Бұл жалған ақпарат лезде тарап кетті. АҚШ-та да ақпарат тарауда. Америка азаматы Бішкектемін, мұнда адамды өлтіріп, зорлап-қорлайтын хайуандар тұрады деуде. Туристерге келмеңдер деп жатыр. Мұндай ақпарат мақсатты түрде таратылуда. Өкінішке орай, реакция өте баяу болды. 18 күні таңертең бірден реакция білдіру керек еді. Біз түстен кейін білдірдік», - дейді Айдарәлиев.
Оның сөзінше университетте 3 мың студент оқиды. Олардың 90 пайызы Пәкістаннан. Сонымен бірге Оңтүстік Африка, Ұлыбритания, Ирландия студенттері де бар. Ақпарат көздері елден 1.2 мың студенттің шығып кеткенін айтты. Бұл туралы ақпаратты kaktus.media жазды.
Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясының ректоры Индира Құдайберген қырғыз халқының қонақжай екенін айта отырып, шетелдік студенттердің маңыздылығын айтты.
«Медакадемияның бюджетінің 20 пайызын мемлекет, 80 пайызын шетелдік студенттер жабады. Барлық құрылыс жұмыстарын, барлық сатып алатын құрылғыларды біз осы қаражаттарға аламыз. Қазір енді Пәкістан, Үндістан және басқа елдердің студенттері біздің еліміздің жақсы екеніне, қауіпсіз екеніне сенбей кетіп қалуы мүмкін. Мен олай болғанын қаламас едім. Бұлар да Пәкістандағы, Үндістандағы, Қытай мен Ауғанстандағы және басқа елдердегі біреудің балалары», - дейді ректор Индира Құдайберген.
Қырғызстан президент Садыр Жапаров арнайы үндеу жасап, оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді. Ол 13 мамырдағы төбелеске қатысқандар мен 17-сінен 18-не қараған түні болған оқиғаға қатысқандар заң алдында тиісті жазасын алатынын айтты. Сөз арасында ол билікке қол жеткізе алмағандар жағдайды ушықтырып, жалған ақпарат таратып, арандату жасағанын мәлімдеді. Жапаров қазіргі таңда Қырғызстанда 42 мыңнан астам шетелдік студенттің барын айтып, олардың қауіпсіздігіне кепілдік берді. Барлық дау-дамайды заң аясында реттеуге шақырып, тату-тәтті өмір сүруге үндеді.
Mezgil.kz