АҚШ Украинаға Ресейдегі ұшақтарды атып түсіруге рұқсат берді. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы хабар етеді.
Ресейдің әуедегі үстемдігі өз аумағынан Украина жеріне өлім себуден туындап келгенін жоққа шығара алмаймыз. Зелинский билігі Ресей жеріне зымыран соқысын жасауға қанша талпынса да, Батыс пен АҚШ жігерлерін құм қылып келген-тін. Енді осы шектеу алынып, әуе шабуылынан зыпысы шыққан кекілділер бір жасап қалды.
«АҚШ Ресей зымырандары мен жойғыштарын Ресей аумағының үстінен атып түсіруге қарсы емес. Сондай-ақ, Киевке Ресей аумағындағы ӘШҚҚ жүйесіне соққы жасауға мүмкіндік береді»,- деп хабарлайды «The Washington Post».
(Сурет: usembassy.gov сайтынан алынды)
Журналистер АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Молдовадағы баспасөз конференциясына талдау жасап, осындай қорытынды жасады.
Блинкен бұл орайда: «АҚШ Украинадан тыс жерлерге соққы жасауды қолпаштамайды және оған жол бермейді. Бірақ Украина, бұрын айтқандай, өзін қалай тиімді қорғау керектігі туралы өз шешімін қабылдауы тиіс», - деп мәлімдеді. Блинкен сөзін: «Құрама Штаттар ұрыс алаңындағы өзгермелі жағдайларға бейімделіп отыр», - деп жалғады.
«Егер олар Украинаға қауіп төндіретін болса, Украинаның Ресей территориясының үстінен ресейлік зымырандарды немесе жойғыш ұшақтарды атып түсіру үшін АҚШ жеткізетін ӘШҚ құралдарын пайдалануына ешқандай шектеу жоқ», - деп қортындылады Мемлекеттік департамент басшысы.
(Сурет: Профиль скрині)
РЕСЕЙ ЯДРОЛЫҚ БОПСАСЫН ҚАЙТА БАСТАДЫ
Осылайша бейбіт тұрғындарға өлім сепкен Ресейдің әуедегі үстемдігі келмеске кететін сыңайлы. Бұған Ресейдің реакциясы қандай? Бұл тұста еш жаңалық жоқ. Президент Путиннің өзі бастап сөт еткен Ресейдің ядролық қаруды қолдану потенциалы туралы тезис қайта талқыға шықты.
Ресейлік саясаттанушы Дмитрий Суслов: «Кремль демонстративті түрде ядролық сынақ жасап, қандай да бір бейтарап аймақта немесе Ресей аумағында ядролық жарылыс жасауы тиіс», - деп санайды.
Оның ойынша бұл қадам Батысқа шынайы ескерту және Ресейдің «қызыл сызық» сөзінің өтірік еместігінің дәлелі болмақ. Ядролық жарылыс жасау арқылы Ресей мен НАТО арасындағы болуы мүмкін қақтығыстың алдын аламыз дейді. Олай етпесек, жағдай шиеленісіп, тараптардың тікелей қақтығысу қаупі артуда деген пікірде.
Mezgil.kz