Ресей әскерінің Харьков облысындағы шабуылы бәсеңсіп, шайқас позициялық сипатқа ұласты. Бұл туралы украин, Батыс барлау қызметтері хабарлады. Ресей 10-мамырда Украинаның Харьков облысына жаңа шабуыл бастап, Украина-Ресей соғысындағы жаңа майдан шебін ашқан болатын.
Сарапшылар аталмыш бағытта Ресей әскерінің үш міндеті барын айтты. Мәскеу Украина тарапынан Ресей аумағына өтетін диверсиялық топтардың рейдін тоқтату, Харьков қаласына шабуылды күшейту үшін шекара маңында плацдарм құру және Белгород, Курск облыстарындағы ресейлік әскери нысандарды атқылайтын Украина артиллериясын шегіндіру мақсатын алға қойғанын жазды. Әскери сарапшылар бұл міндеттерді орындау Ресей әскері үшін қиынға соғатынын айтуда.
Ресей шабуылдың бастапқы кезеңінде оннан астам ауылды басып алып, Волчанск қаласына шабуылды үдетті. Соғысқа дейін 18 мың адам тұрақтаған қаланың тең жартысын Ресей әскері басып алды. Алайда Украина әскері Волчанск қаласында қарымта шабуылға шығып, қазіргі таңда қаланың маңызды бірнеше позициясын кері қайтара білді.
Әскери сарапшылар Украина әскері АҚШ-тан келген зымыран және артиллериялық снаряд көмегімен Харьков бағытындағы Ресей әскерінің шабуылын тоқтатып, артынша қарымта шабуыл әрекеттерін іске асырып жатқанын жарыса жазуда. Bild басылымы Украина президенті Владимир Зеленскийдің бұйрығынан кейін, украин сарбаздары Волчанск қаласында бірнеше мәрте сәтті қарымта шабуылдар ұйымдастырып, маңызды кварталдарды кері қайтарғанын атап өтті.
Ресей әскері Волчанск қаласын басып алу үшін Авдеевка қаласында қолданған тактиканы іске асыруға тырысуда. Қаладағы маңызды әрі берік қорғаныс позицияларын ауыр басқарылмалы бомбалармен атқылап, жоюда. Киев Ресейдің авиациясына қарсы тұру үшін, әуе қорғаныс жүйелерінің санын арттыру қажеттігін айтуда. Ал шекара маңындағы шабуылды азайтып, қарсыласты кері шегіндіру үшін Ресей аумағындағы әскери нысандарға Батыс берген қарумен соққы жасауға рұқсат сұрады.
Өткен аптаның басты талқы тақырыбы да осы болды. НАТО елдерінің кейбірі Украинаға өздері берген қарумен Ресей аумағын атқылауға рұқсат етсе, енді бірі үзілді-кесілді қарсылық танытты. АҚШ апта соңында Ресей аумағындағы әскери нысандарды атқылауға рұқсат етті, аладай бірқатар шектеулер барын айтты. Украина шекара маңындағы Ресейдің әскери техникасы мен нысандарына соққы жасауға мүмкіндік алды, бірақ халықаралық талапқа сай бейбіт нысандарға шабуыл жасауға рұқсат етілмейді. Сонымен бірге Украина шабуыл барысында ATACMS зымырандарын қолдана алмайды.
Украина әскері Харьков және Сум бағытында Ресей әскері жаңа шабуыл бастауға дайындық жүргізіп жатқанын айтуда. Ықтимал шабуылды тойтару мақсатында Украина аймақтарды белсенді түрде миналауда. Миналау процесі түнгі уақытта дрондардың көмегімен іске асуда. Ұлыбританиядағы Соғысты зерттеу институты алдағы апталарда Харьков аймағында ірі шайқастар болатынын болжауда. Сарапшылар Волчанск қаласы үшін ұзақ та қиын ұрыстар болатынын айтуда. Ресей қаланы алу мақсатында қосымша күш енгізуге дайындық жүргізсе, Украина бірнеше әскери бөлімшені қала қорғанысын күшейту және басып алған кварталдарды қайтару үшін аттандыруға дайындалуда.
Mezgil.kz