Минск пен Мәскеу: Ядролық қарумен соққы жасау жаттығуы өтуде

Ресей Қорғаныс министрлігі ядролық күштердің қатысуымен өтіп жатқан әскери жаттығудың екінші кезеңін бастады. Екінші кезеңге Беларусь әскері де қатысады. Екі ел әскері шартты түрдегі қарсылас аумағына тактикалық ядролық қарумен соққы жасауды пысықтамақ.


Путин и маневры Лукашенко: будет ли открыт «второй фронт» против Украины

 

«Жаттығу Одақтас мемлекеттің суверенитеті мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін ядролық күштерді қолдануды пысықтап, әскердің және техниканың ұрысқа дайын екендігін тексеру мақсатында ұйымдастырылуда», - дейді Ресей қорғаныс министрлігі.

 

Жаттығудың алғашқы кезеңі 21 мамырда басталған болатын. Алғашқы кезеңде Ресей әскері «Искандер» зымыран кешенімен соққы жасап, артынша кешенді жасыру әрекеттерін іске асырды. Сонымен бірге жаттығу барысында «Кинжал» гипердыбысты зымыранын қолдану маневрлары да үйретілді.

 

Ресей ядролық күштердің жаттығуын президент Владимир Путиннің тікелей бұйрығымен іске асыруда. Кремль ядролық күштердің жаттығуы Батыстың Украинаға әскер жіберуі мүмкін деген сөздеріне жауап екенін айтты. Дмитрий Песков Батыс тарапы жағдайды ушықтырып, ядролық күштердің жаттығуын өткізуге мәжбүр етуде деп түсініктеме берді.

 

2023 жылы Ресей Беларусь аумағына тактикалық ядролық қаруды орналастырды. Бұл Александр Лукашенконың өтініші бойынша іске асты. Беларусь жеріндегі ядролық қару Украина шекарасынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Осиповичи қаласының маңына орналастырылған. 2024 жылдың мамырында Владимир Путин Лукашенкоға тактикалық ядролық күштердің жаттығуын бірлесе өткізу ұсынысын жасады.

 

Ядролық қаруды иемденген Беларусь билігі дереу арада әскери доктринасына өзгеріс енгізді. Минск қауіп төнген жағдайда ядролық қаруды дереу қолданатынын айтты. Алайда Мәскеу тарапы Беларусь жеріндегі ядролық қару толығымен Кремль бақылауында екенін мәлімдеді. Яғни, қаруды қолдану немесе қолданбау шешімін Минск емес, Мәскеу қабылдайды.  

 

Сарапшылар Мәскеудің ядролық қаруды қолдану мүмкіндігі өте аз деп санайды. Ал Кремль тарапынан ұйымдастырылып жатқан жаттығуларды бопса және қорқыту тактикасы деп атауда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар