АҚШ Ресейге салынған санкциялардың ауқымын кеңейтіп, Мәскеу нарығына үшінші елдер арқылы АҚШ технологиясы негізінде жасалған чиптерді жеткізуге тыйым салмақ. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды.
Чип өндіруші және сатушыларға жаңа талаптар қойылатын болады. Өнімді (чипті, жартылай өткізгішті) сатар алдында компания АҚШ-тың Сауда министрлігіне өтініш жіберіп, лицензия алуы тиіс. Өтініш барысында компания тауардың әскери мақсатта қолданылмайтынын дәлелдеуі қажет. Бұл АҚШ технологиясы бойынша чип жасайтын компанияларға қатысты. АҚШ әр кез компанияларға Ресейге чип сатуға тыйым салынғанын ескертетін болады. Ережені бұзған компаниялар, чипті жеткізуші тараптар санкцияға ұшырамақ.
Ресеймен жұмыс істейтін микроэлектроника, чип сатушы және өндіруші компаниялардың көпшілігі Қытайда орналасқан. 2023 жылы аталмыш компаниялар Ресейге 1 млрд доллар болатын чип өнімдерін жеткізген. Мәскеу аталмыш тауарды зымыран жасауға қолдануы мүмкін.
Bloomberg ақпараттық агенттігінің жазуынша Вашингтон Гонконгте орналасқан үлкен сегіз компанияны қара тізімге енгізбек. Аталмыш компаниялар Ресейге чип жеткізген деген күдікке ілінді.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Ресейге қарсы жаңа тыйымдар енгізілетінін растады. Ресейге әскери техника жасауға көмектесетін компанияларға санкциялар күшейіп, бақылау артпақ. АҚШ Ресей аумағындағы түрлі компьютерлік бағдарламаларды жаңартуды тоқтатты. Бұл Ресей аумағындағы қаржылық операцияларды қиындата түскен.
Ресейге салынған санкцияларға Қытай қосылған жоқ және Мәскеумен сауда қатынасын дамытуда. Вашингтон бірнеше мәрте ескертуден кейін, Қытай банктері мен компанияларына санкция салуды бастады. Салдарынан Ресей мен Қытай арасындағы сауда қатынасы соңғы үш айда 29 пайызға азайған. Қытай компаниялары жанама санкцияға ұшыраудан қашқақтауда.
Mezgil.kz