Бүгін Ресей президенті Владимир Путин РФ Сыртқы істер министрлігі алаңында Ресей-Украина соғысына қатысты тағы біраз сөйледі. Соғысты тоқтату, келіссөзге отыру, Украинаға қоятын өз ультиматумы т.б. тақырыптарды қаузады.
(Сурет: gazeta.ru)
ПУТИН: ӘЛЕМ - ОҢБАҒАН, БІЗ - ЖӘБІРЛЕНУШІМІЗ!
«Әлем қарқынды түрде өзгеріп жатыр. Енді бұрынғыдай болмайды», - деп бастаған Путин БРИКС-ты мақтап, НАТО-ны даттап бүйдеді: «БРИКС-тің потенциалы артып келеді. Оның келешек мүмкіндігі көпполярлы әлемнің негізі болуға жеткілікті», - деді. Онан соң: «Әлемде ешбір ел НАТО соққысынан таяқ жеу қаупінен қорғалмаған», - деп сөйледі.
Әрі қарай, Украинадағы қанқасаптың жалғасты болуына Батыс пен АҚШ-ты айыптады. «Батыстың өркөкіректігі мен өзімшілдігі қауіпті шекке жетті. Біз енді шегінуге болмайтындай жағдайға жетіп қалдық. Әлемдегі стратегиялық тұрақтылықты бұзған - Вашингтон», - деді.
Ресейдің Еуропаға болжалды шабуылы туралы да сөз етіп: «Ресей Еуропаға соғыс ашады деген әңгімелердің барлығы бос былшыл. Егер Еуропа әлемнің орталықтарының бірі болып қалғысы келсе, Ресеймен, Мәскеумен жақсы қарым-қатынасын сақтауы керек! Біз оған дайынбыз», - деді.
ПУТИН: ЕУРАЗИЯ КЕҢІСТІГІ – БІЗДІКІ!
Путин өз сөзінде Еуразия кеңістігіне күшпен қожалық еткісі келетінін аңғартып, өңірді өзге әскери құрылымдардан тазарту керектегін айтты. «Ұжымдық қауіпсіздік кепілі туралы сөз ететін уақыт жетті. Еуразия кеңістігінен өңірге қатысы жоқ әскери күштерді шығару керек», - деді.
БАТЫСҚА ЖАСАЛҒАН ТАҒЫ БІР ҚОҚАН-ЛОҚЫ...
Бұғатталған Ресей активтерін Украинаға көмек ретінде беруге шешім қабылдаған ұжымдық Батысқа қарата Ресей президенті: «Батыстағы Ресей активтерін тонау әрекеті жауапсыз қалмайды», - деді кезіндегі Хрущевше үстелді тоқпақтап...
ПУТИННІҢ «САҒАН – ӨТІРІК, МАҒАН – ШЫН» СӨЗІ...
Онан әрі: «Біздің әскер Киевтің түбінде тұрды. Бірақ, Украина астанасын шабуылдау туралы әңгіме болған жоқ», - деп соқты. Оған тағы: «Егер Украина бізге Қырымға қатынайтын құрлық жолына дәліз жасап берсе, Херсон мен Запорожды Украинаға беруге даяр едік. Енді кеш. Херсон мен Запорождің халқы Ресейге қосылуға өз таңдауын жасады. Бұл тақырып осымен жабылды», - деді. Сөзін әрі жалғап: «Бучадағы арандату Украинаға керек болды. Неге? Ресеймен келіссөзден неге бас тартқанын ақтап алу үшін», - деді.
ПУТИН: ЗЕЛЕНСКИЙ ЗАҢСЫЗ ПРЕЗИДЕНТ!
Тоқтаусыз сөйлеген Ресейбасы Путин Украинаның президенті Владимир Зеленскийдің легитимділігі тақырыбына қайта тоқталды.
«Украина президентінің заңдық мерзімі аяқталды. Зеленскийдің легитимділігін ешбір амал қалпына келтіре алмайды. Украина кімдермен қауіпсіздік келісіміне қол қойғаны маңызды емес. Қазір Украинаның заңды билігі Жоғарғы Рада ғана.
Ал Швейцариядағы конференция – әлем жұртын шатастыруға бағытталған айла. Бұл конференция Зеленский билігін заңдастыра алмайды», - деді.
СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУДЫҢ ПУТИН ҰСЫНҒАН ШАРТЫ ҚАНДАЙ?
Путин сөз арасында қандай жағдайда Украинадағы соғысты тоқтатуға болатынын айтып, талабын оқыды.
«Украина Лугенскі, Донецкі, Херсон мен Запорождан әскерін алып шығуы керек. Сонан соң, Киев НАТО-ға қосылмайтыны туралы кепілдік беруі міндет. Келіссөздің, соғысты тоқтатудың шарты осы», - деді Путин.
Әрі қарай: «Украинаға Донбасстан әскерін қауіпсіз алып шығуға біз кепілдік береміз. Ресей келіссөзге ертең-ақ отыруға дайын. Құқықтық мәселелеріне қарамастан, біз келіссөзге отыруға дайынбыз. Украинада Конституция шеңберінде легитимді билік бар. Біз солармен сөйлесуге кетәрі емеспіз.
Біз бүгін тағы бір реалды келіссөз жобасын ұсынып жатырмыз. Әңгіме соғысты тоқтата тұру туралы. Киев пен Батыс бұл ұсыныстан бас тартса, ендігі қантөгістің жауапкершілігі соларда болмақ.
Біз тарихтың бұл трагедиялық парақшасын дауып, Украинамен, Батыспен қатынасты қайта қалпына келтіруге шақырамыз. Бейбіт келісімнің базалық негіздері халықаралық келісімдермен қуатталуы керек. әрине, Ресейге салынған санкциялар алынуы шарт», - деді.
Mezgil.kz