Пәкістанның Team Insane Pakistan хакерлік тобы Қырғызстанның 600 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаларының деректерін жариялады. Хакерлер бұл әрекеттерін 18-мамыр күні Бішкекте болған оқиғаға жауап деп атады. Хакерлер тобы Қырғызстанның мыңдаған азаматы жайлы ақпаратты алғанын 22-мамырда өз әлеуметтік парақшаларында жазған болатын.
Хакерлер gov.kg сайтын бұзып, Жоғарғы Сот жайлы да ақпараттар алған. Алайда Қырғызстан Жоғарғы Соты бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Хакерлер жариялаған ақпаратта азаматтардың аты-жөні, туған күні, ЖСН және мекен-жайы жазылған. Қырғызстан БАҚ-тары ақпараттарды тексеріп, оның ішінде ескірген мәліметтер де көп екенін анықтаған.
Жекелеген сарапшылар ақпараттарды алаяқтар қолға түсірсе, онда Қырғызстан азаматтарының үстінен несие жасатуы мүмкін деп қауіптенеді. Хакерлер мәліметтерді 4-5 маусымда бір жарияласа, 13 маусымда тағы бір жазба қалдырған.
Team Insane Pakistan тобының анонимді мүшесі Азаттық радиосына былай деп пікір білдірді: «Бұл мәліметтер базасы интернетте жоқ. Біз gov.kg сайтының субдоменін бұзып кірдік және 500 мыңнан астам қырғызстандықтың мәліметін алу үшін SQL-дің осал тұстарын пайдаландық. Бұл адамдар біздің пәкістандық бауырларымызды жәбірледі. Егер олар өз әрекеттерін, яғни шабуылды жалғастыратын болса, онда біз өзге мәліметтерді де жария етеміз. Барлық gov.kg сайттары осал, шабуылға төтеп бере алмайды», - дейді.
Бұл Қырғызстандағы алғашқы оқиға емес. 2020 жылы 800 мыңнан астам Қырғызстан азаматының мәліметі ашық интернетке жарияланған еді.
Mezgil.kz