Ресейдің «Z» насихаты жаңа әуенге көшті. Атап айтсақ: «Путин соңғы мүмкіндік берді: бұдан әрі одан да нашар болады. Президенттің ультиматумынан кейін «қауіпсіздік желісі» құрылады», - деп ұлардай шулауға көшті.
Иә, Путин бұдан былай бір табан да алға жылжи алмайтындығын ұғынды. Енді сол бұрын басып алған аймақтарына тәубә етудің амалына кірісті.
Путиннің шартын осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық. Украина өз әскерлерін Донецк, Луганск, Херсон және Запорож облыстарының аумағынан шығаруы тиіс. Мәскеу: «Егер қарсылас бұған келіспесе, одан әрі соғыс жалғасады», - деп лепіруде.
Ресейбасы Путин соғысты аяқтау шартын 14 маусымда атады. Осылайша танауы тасқа соғылған Ресей Украинаға талап қойды. Украина Донецк, Луганск, Херсон және Запорож облыстарының аумағынан өз әскерлерін толық шығаруы қажет. Және ең бастысы Ресейге жалынып жалбарынып, НАТО-ға кіру жөніндегі жоспарларынан бас тартатын туралы ресми түрде мәлімдеуі тиіс.
ПУТИННІҢ УЛЬТИМАТУМЫ: ӘЛЕМ НЕ ДЕЙДІ?
Міне, Путиннің дәл осы бейбіт көліссөз туралы ультиматумы жаһандық саяси кеңістікте ызу-қызу талқы тудырды. Ресей президенттің сөзі Батысты шалқасынан түсіріп, шындап тулатты.
НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг президент Путин жариялаған бейбіт реттеудің шарттарын «Ресейдің әскери мақсаттарына қол жеткізу тәсілі» деп атады. Ол «ұсыныс бейбіт емес» және «альянс елдері Украинаға әскери қолдау көрсетуді жалғастырады» деп есептейді.
Украина басшысы Владимир Зеленский соғыс қимылдарын тоқтату және бейбіт келіссөздерді бастау шарттарын «сенуге болмайтын ультиматум» деп кесіп атады.
Зеленский бұл пікіріне: «Бүгінде ол төрт өңір туралы айтады, ал бұрын ол Қырым мен Донбасс туралы айтқан болатын», - дегенді қосты.
Нидерланды премьер-министрі Марк Рютте: «Кеше Путиннің осы «бейбіт ұсыныспен шығуы» - оның дүрбелең түсіруінің белгісі, бұл жақсы жаңалық», - деді.
Неміс канцлері Олаф Шольц: «Путиннің Украинадағы соғысты тоқтату туралы шарттары елеулі емес. Путиннің ұсыныстары G7 саммитінде талқыланбады. Олар бұған көңіл де аударған жоқ.
Украинаға көмек жыл соңына дейін көрсетілетініне сенім білдіремін. Оның орындалатынына сенімдімін. Біз мұны бірнеше ай бойы дайындадық. Енді Украина қолдау алатынын түсінеді. Бұл үлкен сома, оны қорғаныс үшін де, басқа да міндеттерді шешу үшін де пайдалануға болады. Бұл біз қазір суарып жатқан дипломатиялық егіс», - деп мәлімдеді.
Пентагон бастығы Ллойд Остин Брюссельде НАТО елдері қорғаныс министрлерінің кездесуінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында: «Путиннің бейбіт келіссөздер туралы шарт қоюға құқығы жоқ. Менің ойымша, ол (Путин) Украинаға бейбітшілікке жету үшін не істеу керектігін айта алмайды», - деп мәлімдеді.
Британдық СІМ басшысы Давид Камерон: «Соғысты тоқтатудың жалғыз шарты бар. Ол – Ресей әскерін Украина жерінен шығаруы тиіс!», - деп мәлімдеді.
Mezgil.kz