Киевте жүрген Садықовты кім атты? Бұған сырт күштер араласқан ба?

Кеше Киевте қазақстандық оппозициялық журналист, «БАСЕ» каналының негізін қалаушы Айдос Садықовқа қастандық жасалды. Ол және әйелі мінген көлікке оқ атылды. Садықовтың қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр. Бұл туралы ақпаратты әйелі Наталья Садықова хабарлады.

1718791839386501.jpg

(Коллаж суреттері: Азаттық радиосы, Ақорда телеграм арнасы, Мәжіліс баспасөзі, Егемен Қазақстан гәзеті)

Оқиға Украина астанасы Киевтің Шевченко ауданында болған. Қазір Киев прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты «Қасақана адам өлтіруге оқталу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Ал Қазақстан тарабы Украинаға ресми нота жолдап, осы жағдайға байланысты түсініктеме сұраған. Бұл туралы «Азаттыққа» Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев хабарлаған.

«Біз Украина Сыртқы істер министрлігіне осы жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін ресми нота жолдадық. Әлі жауап келмеді. Украина тарабынан бізге ешкім хабарласқан жоқ», - деді елші Қалетаев.

1718791711162576.jpg

Аталған оқиғаға қатысты бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдіріп былай деді:

«Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет.

Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім.

Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1718791612413750.jpg

Ал «Дала инсайдқа» пікір білдірген журналист, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «бұл қастандыққа Қазақстанның еш қатысы жоқ» деп есептейтінін айтты.

«Қалай болғанда да тапа тал түсте бір адамды атып кету - қылмыстық іс. Бұған сырт күштер араласқан сынды. Саяси астары бар әрекет деп ойлаймын. Мен Айдосты өте жақсы танимын. Кезінде үстінен қылмыстық іс қозғалғанда «Дат», қолдап, араша түскенбіз.

Қалай болғанда да «Бәсе» ресурсы - елдегі көптеген оппозициялық ресурстардың бірі. Қазақстанның билігінің атажауы емес, ақпараттық, танымдық, оппозициялық ресурс.

Айдосқа қарсы жасалған әрекетке Қазақстан билігінің қатысы жоқ. Мұндай провокациялық, халықаралық дәрежедегі қастандық әрекетке Ақорда мүдделі емес деп ойлаймын. Айдос билікке қауіп төндіріп жүрген саяси тұлға емес, ол - журналист, кәсіби қызметін атқарып жүрген азамат. Осы тұрғыдан келгенде Айдосқа қастандық жасау арқылы әлдебір үшінші күштер Қазақстан мен өзге елдердің арасына от қоюды көздеген секілді. Украинаның тергеу органдарына шығып, істің мән-жайын анықтауды талап етуіміз керек.

Садықовтардың кәсіби, саяси көзқарасы қалай болғаны маңызды емес. Ең маңыздысы ол - Қазақстан азаматы. Екіншіден, Қазақстан бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін дәлелдеуі тиіс», – дейді Бапи.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар