Дағыстандағы қанқасап: Мәскеу жауды Украинадан іздеп жүргенде, содырлар өз ішінен шықты...

Ресей БАҚ-тарының бүгінгі бас тақырыптары: «Шенеуніктердің балалары террористерге айналады», «Дағыстанда полицейлерге жасалған шабуылдардың және діни қызметкерді өлтірудің артында кім тұр?», «Дағыстанда содырлар православ шіркеулеріне шабуыл жасап, синагоганы өртеді» деген ауанда болып тұр.

1719216372970969.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Кеше кешке Ресей құрамындағы Дағыстанда үш кезек лаңкестік оқиға тіркелді. Махачкала мен Дербентте бір мезгілде болған оқиғалар кезінде православ шіркеулері мен полиция бекетіне шабуыл жасалды. Синагога өртелді.

1719216115833054.jpeg

(Суретте өртелген синагога)

БҰЛ ТЕРРОРДЫҢ АРТЫНДА КІМДЕР ТҰР?

Шабуыл барысында жоғары лауазымды шенеуніктің туыстары болған содырлар қатты қарсылық көрсетіп, полицейлермен бірнеше сағат атысты. Қарт священник, ғибадатхананың күзетшісі, сондай-ақ, Дагестанские Огни қаласының полиция басшысын қоса алғанда, 15-тен астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері террористік шабуылдардың құрбандары болды.

Республикада антитеррористік операция (РАО) режимі енгізілді, содырларға көмектесушілерді іздестіру жалғасуда.

Қазірге не белгілі?

*Дағыстанда лаңкестікке қарсы операция режимі енгізілді;

*Содырлардың арасында шенеуніктің ұлдары болғаны анықталды;

*Шабуылдардың артында халықаралық лаңкестік ұйым тұруы мүмкін деген болжам жасалды;

*Шабуылдар исламшылардың «ұйқыдағы жатқан ұяшығымен» байланыстырылды;

*Дағыстандағы терактіге ИМ қатысы болуы мүмкін деп айтыла бастады;

*АҚК Дағыстанда «радикалдардың өзіндік ойыны» туралы мәлімдеді;

*Өткен күзде Дағыстанда арандатулар басталды деп ашық айтылды.

1719216059168049.jpeg

(Суретте Дағыстанның Сергокалы ауданының басшысы Магомед Омаров)

МАХАЧКАЛА МЕН ДЕРБЕНТТЕГІ ҚАНҚАСАП: ОҚИҒА ҚАЛАЙ ӨРБІДІ?

Қарулы адамдардың шабуылы туралы алғашқы хабар жексенбі күні сағат 18:00-де пайда бола бастады. Сол кезде Дербентте содырлар автоматты қарумен Ленин көшесіндегі «Қасиетті Құдайана» православие шіркеуіне шабуыл жасаған. Шабуыл кезінде шіркеуде «Қасиетті Үштік» мерекесі құрметіне қызмет етіліп, оған  40-қа жуық адам қатысқан.

Куәгерлердің айтуынша, содырлар ішке кіріп, тек газ тапаншасымен қаруланған күзетшіні атып, сосын 66 жастағы шіркеубасы протоирей Николай Котельниковке пышақпен шабуылдаған. Діни қызметкердің тамағы орылған.

Түнгі сағат екіден кейін Дағыстан басшысы Сергей Меликов террористік шабуыл құрбандары туралы жаңа мәліметтер келтірді: осы ақпаратқа сәйкес, содырлардың қолынан 15-тен астам полиция қызметкері, сондай-ақ бірнеше азаматтық адам қаза тапты.

Сонымен қатар, желіде жараланған 19 адамның тізімі пайда болды: Махачкалада үш азамат және 12 құқық қорғау органының қызметкері түрлі дәрежеде жарақат алса, ал Дербентте - төрт азамат, сондай-ақ екі қауіпсіздік қызметкері жаралы болды.

Бұл ақпарат кейін тағы жаңартылды. Соңғы ақпарат бойынша Дағыстандағы шабуылда 20 адам қаза тапқан, оның 17-сі полиция қызметкерлері. Жалпы 44 адам жараланған. Дағыстан билігі үш күнге қаралы күн жариялады.

1719216016320627.jpg

(Сурет: видео скрині)

ШЕНЕУНІКТІК ҰЛДАРЫ САЛҒАН СОЙҚАН: ПУТИН ПАРТИЯСЫ НЕДЕН ЖАЛТАРДЫ?

Махачкалада жойылған жауынгерлердің арасында - Осман мен Әділ Омаровтар екені анықталды. Бұл екеуі Дағыстанның Сергокалы ауданының басшысы Магомед Омаровтың ұлдары. Сондай-ақ содырлардың арасында Омаровтың жиені де бар болып шықты.

Осы хабарламалар пайда болғаннан кейін Омаров отставкаға кетті. Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкерлері Магомед Омаровтан жауап ала бастады, ал шенеуніктің үйінде тінту жүргізілді.

1719216201664435.jpeg

Ресейдің бұрынғы президенті һәм РФ Қауіпсіздік кеңесінің өкілі Дмитрий Медведьев бастап, Шешенбасы Рамзан Қадыров қоштап, бұған Украина мен Батысты, АҚШ-ты айыптауға кірісіп кетті. Қазір Ресейдегі идеология сол, бар пәлеге айыпты - Украина, АҚШ пен Батыс. Осылайша, Ресей саяси һәм әскери басшылығының көзі Украинадан өзге жау көрмей, елішілік діни радикализм қаупін назардан тыс қалдырды. Соның дәлелі, кешегі кәдімгі радикалды діни көзқарастағы күштер мен топтардың террорлық әрекеті.

Ресей саясатшылары бұл оқиғадан Украинаның қол ізін іздеп әлектеніп жатқанда, қос ұлы лаңкестік жасаған Магомед Омаровтан Путиннің «Единая Россия» партиясы баз кешіп, партия сайтындағы Омаров туралы деректерді едел-жедел жойған.

Ресей кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі сарапшысы Кирилл Семенов: «Ресей назардан тыс қалдырған мәселе – радикалды топтардан келетін қауіп. Кеше жағдай Ресей субьектілерінде діни экстремизм қайта жанданатынын, ал лаңкестердің көшбасшылары оларды қаржыландыруды қамтамасыз ететін жылдам нәтижелерге ұмтылатынын айғақтайды. Сонымен қатар Украина аумағынан заңсыз қару-жарақ пен жарылғыш заттар ағыны да өсуде. Бұл ағындарды бақылау азайды. Бізде ғана емес, бұрынғы КСРО республикаларында да, Ресейде де түрлі жихадшылардың ықпалына түсіп, олардан үйреніп жатқан жастар санының артуы үлкен алаңдаушылық туғызады», - дейді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар