Сауд Арабиясының билігі қажылықта кемі 1301 адамның көз жұмғанын жария етті. ВВС басылымы көптеген адамның көз жұмуының басты себептерін атады. Жалпы қажылыққа 1,83 млн адам қатысқан, олардың 1,6 млны шетел азаматтары саналады. Бұл туралы Сауд Арабиясы ресми жария етті.
ВВС басылымы қажылықта көз жұмғандардың көптігін келесі 6 себеппен түсіндіреді.
АУА РАЙЫНЫҢ ЫСТЫҚ БОЛУЫ
Қажылық ауа райының аса ыстық кезеңімен тұспа-тұс келді. Мекке қаласында көлеңкелі жердің өзінде ауа температурасы 51 градусқа дейін жетті. Түнде ауа температурасы орта есеппен 40 градусты құраған.
Ауа райының ыстығын егде жастағы жандар және науқас адамдар көтере алмады. Көлеңкенің аз болуы жағдайды қиындата түсті. Көптеген адамның қажылыққа заңсыз келуі олардың медициналық көмек алуына кедергі болды. Мыңдаған адамда су және күннен қорғайтын қолшатыр болмаған. Қажылыққа келушілер қауіпсіздік ережелерін сақтамай, күннен қорғайтын заттарды алуды да ескермеген.
ХАЛЫҚТЫҢ КӨП БОЛУЫ ЖӘНЕ АНТИСАНИТАРИЯ
Қажылыққа барған көптеген адам антисанитарияның барын айтты. Шатырлар халыққа толы болған, ал кей жағдайда салқындату жүйелері мүлде қойылмаған. Салдарынан шатырдың ішінде ұйықтау мүмкін емес жайттар кездескен.
ТРАНСПОРТ МӘСЕЛЕСІ
Мекке қаласының әкімшілігі транспорт мәселесін толық реттей алмаған. Мыңдаған адам бірнеше шақырым жерге жаяу, ыстық күннің астында баруға мәжбүр болған. Жолдардың көп жағдайда жабық болуы көліктердің жүруіне кедергі жасаған, ал қажыларға арналған қоғамдық көліктер саны шектеулі болған. Салдарынан қажылыққа барған адамдардың күн астында ұзақ жүруіне тура келген.
МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ КЕШІГУІ
Көптеген адамға уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген. Жедел жәрдем көлігін сағаттап күтуге тура келген. Сауд Арабиясының билігі медициналық көмек барлық азаматқа дер кезінде көрсетілгенін айтуда. Мекке қаласының әкімшілігі қажылыққа арнайы 190 аурухана мен медициналық орталықты дайындағанын, жүздеген жедел жәрдем көліктерінің қатысқанын айтты.
Әр елден барған азаматтармен бірге медициналық көмек көрсету топтары қоса барады. Алайда кей елдің арнайы медициналық топты қоса жіберу мүмкіндігі аз болған.
ҚҰЖАТСЫЗ ҚАЖЫЛАР
Қажылыққа арнайы визасыз қатысу көп жағдайда қиындықтарды туындатады. Арнайы құжаты жоқ мыңдаған адам денсаулық жағдайының қиындағанына қарамастан билік өкілдерімен байланысқа түсуден қашқақтаған. Бұл оларға медициналық көмек көрсетуді де қиындатты. Сарапшылардың пікірінше қажылықта көз жұмғандардың басым көпшілігінде тиісті құжаттары болмаған. ВВС көз жұмған 630 мысырлықтың құжаты дұрыс еместігін анықтады. Сауд Арабиясының билігі заңсыз қажылыққа келушілермен күресті жыл сайын күшейтуде. Алайда соған қарамастан құжатсыз келетіндер саны азаяр емес.
ҚАРТ, НАУҚАС АДАМДАРДЫҢ КӨПТІГІ
Қажылыққа баратындардың басым көпшілігі қарт жандар. Кей азаматтар өмірінің соңында қажылыққа баруды жоспарлайды. Қажылыққа барушылар арасында егде жастағылар мен науқас адамдардың көптігі өлім санын арттырады.
Жыл сайын қажылық барысында орта есеппен 200 адам көз жұмады.
Mezgil.kz