Ресей президенті Владимир Путиннің Солтүстік Кореяға ресми сапарынан кейін, Мәскеу мен Пхеньян арасындағы байланыс артты. Екі ел арасында «стратегиялық әріптестік құжатына» да қол қойылған болатын. Онда құжатқа қол қоюшы тараптардың біріне қарсы агрессиялық әрекет жасалса, екінші елдің көмек көрсетуі жайлы айтылды.
Оңтүстік Корея Үкіметінің өкілі TV Chosun арнасына Солтүстік Кореяның шілде айында Украина жеріне инженерлік әскерді аттандыруы мүмкін екенін айтты. Аталмыш әскер жөндеу жұмыстарымен, соның ішінде жол құрылысы және көпір салумен, әскери базаларды жөндеумен айналысуы ықтимал. Үкімет өкілінің сөзінше қазіргі таңда аталмыш инженерлік бөлімше Қытайда тәжірибе алмасу барысында жүр. Ресей инженерлік бөлімшенің Украинаға келуі үшін Пхеньянға қомақты қаржы төлеуі ықтимал. Ресей тарапынан Оңтүстік Корея өкілінің сөзін растайтын немесе жоққа шығаратын ақпарат әлі жарияланбады.
Есесіне Пентагон өкілі ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, Солтүстік Кореяның әскері Украина майданына аттанатын болса, қырғынға ұшырайтынын айтты.
Оңтүстік Корея барлау қызметінің ақпараты бойынша Пхеньян Ресейге 2022 жылдың шілдесінен бастап қару-жарақ жөнелтуде. Осы уақытқа дейін Солтүстік Корея Ресейге кемі 5 млн дана снаряд пен зымыран аттандырған. Қарымтасына Мәскеу Солтүстік Кореяға қаржы, астық және әскери технология беруде.
18 маусым күні Владимир Путин «Нодон синмун» (Жұмысшы газеті) газетіне сұхбат беріп, Солтүстік Кореяның Ресей бастаған соғысты қолдауына алғыс айтты. Өз кезегінде Ресейдің Солтүстік Кореяның империалистерге қарсы күресін үнемі қолдайтынын жеткізді.
20 маусым күні Путин қандай да бір елдің әскерін Украина соғысында қолдану жоспары жоғын айтқан болатын. «Оның еш қажеттілігі жоқ» деді ол.
Mezgil.kz