Moscowtimes электронды басылымының ақпаратынша Ресей ұшақтары соңғы уақытта ауыр бомбаларды өз аумағына жиі түсіріп алатын болған. 500 келіден басталып 3 тоннаға дейін жететін авиациялық бомбалар Украинамен шекаралас Белгород, Курск аймақтарына түскен. Соңғы екі күнде Белгород облысында бес ауыр авиациялық бомба табылды. Бұл туралы ресейлік Baza телеграм арнасы жазды.
Әскерилер Белгород облысының Крутой Лог ауылының маңынан 28-маусымда ФАБ-1500 (фугастық авиациялық бомба) тапқан. Артынша екі ФАБ-500 Шебекин қаласының маңынан табылды. Ал 29 маусымда тағы бір бомба Крутой Лог маңынан табылды. Дәл сол күні ФАБ-3000 аса ауыр бомбасы Маслова Пристань ауылынан 6 шақырым жерге түскені анықталып, оқиға орнына арнайы мамандар жіберілді.
Мамандар авиациялық бомбаларды залалсыздандыру жұмыстарын іске асыруда.
Белгород облысына авиациялық бомбалардың түсуі 11-12 маусымда БАҚ беттерінде жарияланды. Маусымның басында Неклюдово, Новостроевка, Цепляево-второе, Батрацкая Дача және Ленинский ауылдарының маңынан бес бомба табылды және қауіпсіз аймаққа жеткізіліп, жойылды.
The Insider зерттеуінің ақпаратынша, жыл басталғалы бері Белгород облысына ресейлік ұшақтар кемі 39 мәрте бомбаны түсіріп алу фактісі тіркелген. Оның ішінде 38 дана ФАБ пен бір Ч-59 зымыраны бар. Фугастық авиациялық бомбаның Белгородқа екі мәрте түсуі анықталды. Жалпы ресейлік ұшақтар Ресей территориясы мен оккупациядағы Украина аумақтарына 2024 жылы 110 мәрте авиациялық бомбаларды түсіріп алғаны белгілі болды.
Мамандар ресейлік ұшқыштар тарапынан бомбалар мен зымырандарды түсіріп алудың жиілеуін түрлі себеппен түсіндіреді. Оның ішінде мамандардың біліксіздігі, операция алдындағы дайындыққа берілетін уақыттың аздығы және ұшақтардың модернизациялаудан өтпеуі себеп болуы мүмкін.
Mezgil.kz