Қазақстан Республикасы үшін сайлау жүйесін қалыптастыру және оны өткізу аса маңызды. Себебі сайлау арқылы мемлекет басшысын таңдау, ел парламентін жандандыру және референдум өткізу сияқты маңызды сұрақтар қаралып, шешіледі. Қазақстан 70 жылға жуық Кеңес үкіметінің құрамында болды және сайлау жүйесін тәуелсіздікті алған сәттен кейін ғана қалыптастыру алды. Әрине бұл ұзақ жылдық тәжірибені және жаңашылдықтарды енгізуді қажет етеді. Халықтың саяси белсенділігін арттыру, сайлау жүйесін заманауи талаптарға сәйкестендіру үнемі ізденісті талап ететін жайт саналады.
Қазақстанның 1995 жылғы Конституциясы еркін сайлауды мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты, ал халық егемендіктің негізгі тірегі, мемлекеттің биліктің бірден-бір бастауы екені жазылды. Ал конституцияда Қазақстан Республикасы президент басқару формасындағы тәуелсіз ел екені айтылды. Президентті анықтау әділ сайлау жүйесі арқылы іске асуы керектігі көрсетілді.
Осы ретте елімізде демократиялық сайлау жүйесін қалыптастыру қажеттілігі айтыла бастады. Демократиялық сайлау дегеніміз ел азаматтары сайлауға өз кандидаттарын шығарып, мемлекеттік құрылымдарға өз өкілдерін ұсына алатын жайтта болу керектігін айтады. Сайлауға түсіп жатқан партиялар мен кандидаттардың сайлауға қатысуын қамтамасыз етіп, олардың арасында әділ әрі тартысты бәсеке болу керектігі айтылды, тайға таңба басқандай жазылды. Сайлауға түсушілер заң аясында сөз еркіндігі, ұстаным еркіндігіне ие еді және сайлау барысында заңда рұқсат етілген барлық әдіс-тәсілді қолдана алды. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың кезеңділігін, мемлекеттік органдарда халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін, сайлау органдары қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуі тиістігі жазылды. Ол солай болып та келеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабында 18 жасқа толған Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау және сайлану, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік берілген. Бұл кепілдік азаматтардың шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына немесе кез келген басқа жағдаяттарға қарамастан іске асуы тиіс. Әрине, сайланушы және сайлаушы ең алдымен Қазақстан азаматы болуы қажет. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
Көптеген беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі ретінде Қазақстан еркін және бәсекелес сайлау өткізу бойынша өзінің барлық міндеттемелерін сақтауға тырысады. Елімізде Мемлекет басшысын, Қазақстан Республикасы Парламенті мен мәслихаттары депутаттарын, сондай-ақ аудан, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлау ашықтық жағдайында өтуде. Соңғы жылдары Қазақстанда ауыл және аудан әкімдерін сайлау жүзеге асуда. Бұл жаңа тәжірибе және Еуропа елдерінің мысалына сүйеніп іске асырыла бастады. Бұл өте қажет бастама деуге болады. Азаматтар өздері тұратын ауыл-аймақтың басшысын таңдау құқығына ие болуы әділетті шешім. Әзірге бұл сайлаулар кандидаттардың жеке қасиетіне қарағанда, кандидаттың ел ішіндегі танымалдылығына, кей жағдайды шыққан руына байланысты дауыс берілетін сәттер бар. Алайда көш жүре түзеледі және сайлаушылардың болашақта кандидаттың тәжірибесі, білімі, ұстанымы, елді-мекенді дамыту жоспары, сайлау бағдарламасына қарай дауыс берілетін күн алыс емес. Қазірдің өзінде ол бар және ақырындап алға жылжып, дамуда.
Сайлау процесстері Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (1948 ж.), Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде (1966 ж.) және ЕҚЫҰ Копенгаген отырысының құжатында бекітілген ұлттық заңнамаға және демократиялық сайлаудың жалпы қабылданған қағидаттарына сәйкес жүзеге асуда.
Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында көрсетілді. Конституцияның және осы заңның нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Мәжілісінің, мәслихаттардың депутаттарының, сондай-ақ ауданның, аудандық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауы Қазақстан Республикасы жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылып келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті жеті жыл мерзімге сайланады. Бұл соңғы Конституциялық референдумда көрсетілді. Жасы қырық жастан кіші емес, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл тұратын және жоғары білімі бар, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар Республика азаматы президент болып сайлана алады. Сайлау додасында өз кандидатурасын ұсынып, тиісті құжаттарды жинап, қатысу мүмкіндігіне ие болады. Арнайы комиссия оның кандидат ретінде тіркеу алдында заңдық тұрғыдан құжаттарын тексереді. Талапқа сай болса, онда қызу додаға кірісіп кетеді.
Парламент сайлауы да президент сайлауынан кем түспейтін тартысты дода. Қазақстан Республикасының Парламенті еліміздің ең жоғары өкілді органы болып табылады және тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұратын адам Парламент депутаты бола алады. Парламенттің өкілділігі аса жоғары. Себебі аталмыш орган тек қана заң шығарып қоймай, сонымен бірге президентке импичмент жариялау құқығына да ие. Соңғы жылдары Парламенттің өкілеттілігі арта түсті және аталмыш органдағы саяси партиялар саны да артты.
Парламенттегі екі палатаға тоқталайық. Сенат елу депутаттан тұрады. Сенаттың 40 депутаты әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Республика астанасынан екі адамнан сайланады. Сенаттың сайланған мүшелерінің жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады. Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Сенаттың он депутатын Республика Президенті тағайындайды, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Енді кім депутат болып сайлана алады деген сұрақ туындайды? Сенат депутаттылығына отыз жасқа толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын адам сайлана алады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды.
Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады. Алпыс тоғыз депутат біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізім бойынша саяси партиялардан сайланады. Жиырма тоғыз депутат бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліске келеді. Соңғы сайлау аса тартысты өтті және жүйенің өзгеруіне байланысты өзін-өзі ұсынушылар саны аз болмады. Жиырма бес жасқа толған адам Мәжіліс депутаты бола алады. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Мәслихаттарды халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: депутаттардың жартысы – біртұтас аумақтық сайлау округінің аумағында пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша, ал қалған жартысы – біртұтас аумақтық сайлау округінің аумағында бір мандатты аумақтық сайлау округтерінде сайланады.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Мәслихат депутаты болып жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.
Сайлау жүйесі елімізде осы қағидаттар негізінде жүзеге асуда. Сайлау ел дамуы үшін аса маңызды, ол халықтың саяси белсенділігін және саяси сауатын жоғарылатуға, азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосатын негізгі процесс саналады.
Mezgil.kz