ХХ ғасырдың екінші жартысы және ХХІ ғасырдың басы әлем халықтарының өй, сөз, таңдау еркін білдіруінің нормативтік құқықтық базасының кеңеюімен сипатталады. Қазақстан да ол сәттен кенде қалған емес. Ұзақ жылдар бойы Кеңес Үкіметінің бағыныштылығында болған ел едік. 1991 жылы тәуелсіздікті қалпына келтірген сәттен кейін, мемлекет ішкі саясатта таңдауды тек билік құзырына ұсынып қана қоймай, сонымен бірге халықтың еркін тыңдауға және сол бойынша шешім қабылдауға көшті. Ол сайлау және референдумдар арқылы іске асып келеді. Әлем елдері маңызды сұрақтарды референдумдар арқылы реттеуге тырысады. Қазақстан да ол тәжірибеден бас тартпақ емес және оны негіз етуде. Осы тұста әлем елдерінің референдумға қатысты ұстанымдарына көз жүгірту маңызды саналады.
Бірқатар мемлекеттерде конституциялық-құқықтық реттеу объектісіне айналып, (1969 және 1988 ж. Бразилия, 1947 ж. Италия, 1946 ж. және 1958 ж. Франция, 1996 ж.,. Оңтүстік Африка Республикасы, 1947 ж Жапония) өзгертулер халықтың еркі арқылы іске асты.
Польшаның қазіргі Конституциясында референдум екі рет (4 және 125-баптар), Франция Конституциясында төрт рет (3, 11, 60, 69-баптар) айтылған. Испания Конституциясында референдум алты баппен реттеледі (62,92,151-152,167-168-баптар). Словакия Конституциясы референдумға тұтас бір бөлімді арнаған. Француз Конституциясында халықтың ұлттық егемендігін жүзеге асыру тәсілдерінің бірі ретінде референдум институтының анықтамасы бар (3-бап). Көптеген конституциялар республикалық және жергілікті референдумдарды да қарастырады. Мемлекеттердің едәуір бөлігі референдум тақырыбын және оны өткізу тәртібін жекелеген заңнамалық актілер арқылы реттеуге тырысады.
Референдум институтының дамуы жалғасуда. Конституциялық теория міндетті және факультативтік референдумдарды ажырата бастады. Олардың біріншісі конституцияда немесе заңнамалық актіде нақты белгіленген шарттар туындаған кезде, екіншісі – сол немесе басқа мемлекеттік биліктің институтының қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады.
Бірқатар мемлекеттерде әлеуметтік, моральдық, этикалық және діни мазмұндағы көптеген мәселелердің референдумға шығарылуы құбылыстары байқалуда. Кейде ол ажырасу, түсік жасату, есірткі қолдану, киім кию құқығы деген сұрақтарды да қамтиды. Мұндай мәселелердің референдумға шығарылуын сарапшылар ең алдымен моральдық-идеологиялық нұсқаулық тұрғысынан бағалайды.
Сонымен қатар, сайлаушылардың референдумға деген бастапқы қызығушылығының төмендеу тенденциясы байқалады. Референдумдардың көпшілігінде сайлаушылардың қатысуы бастапқы 80-90 пайыздан 50-55 пайызға дейін төмендегенін айтуда. Тіпті көптеген референдумдар Еуропа сайлау нәтижесін қарастыруға жеткіліксіз деңгейде болғандықтан, нәтижесі мүлде қаралмаған. Мысалы 2009, 2010 жылдары Италиядағы сайлаулар соның жарқын үлгісі десек те болады.
Егемендік алу туралы референдумдар саны да бірде артып, бірде кеміп келеді. Бұның негізін салушылар Скандинавия мемлекеттері болды. Швеция 1905 ж Норвегияда референдум өткізуге рұқсат берді: «Сіз Швеция Корольдігінен бөлінуді мақұлдайсыз ба?» деген сұрақ көтерілді. Дауыс берген норвегиялықтардың 99%-ы оң жауап берді, нәтижесінде Норвегия Швециядан бейбіт түрде бөлініп шықты. Осыған ұқсас сценарий бойынша Дания 1944 жылы Исландияда референдум өткізді. Қатысқан халықтың 99,5% дауысы бөлініп, жеке ел болуды құптайтынын айтты. 2011 жылғы референдум қорытындысы бойынша Оңтүстік Судан Судан Республикасынан бөлініп, мемлекеттік егемендік алды. Соңғы жылдары референдумды сепаратистік мақсатта қолдану мысалдары да бар. 2014 жылы Ресей Украина аумағы саналатын Қырымды аннексиялап алды және жалған референдум шығарып, нәтижесін бұрмалады. Украинаның Донбасс аймағы, Херсон және Запорож аймақтарында да референдумдар өткізіп, оның халықаралық талаптар мен құқықтарға сай келместігін ескерместен псевдонәтижесін заңды деп жария етті. Осылайша сепаратистік қозғалыстарды жалған референдуммен қосып, саяси құралға айналдырды.
Алайда кейде мемлекеттен бөлініп шығу емес, керісінше ел бірлігін сақтауға бағытталған референдумдар болады. Мысал ретінде 1991 жылғы КСРО референдумын айтсақ болады. Ондағы референдум сұрағында: «Сіз Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын кез келген ұлт адамдарының құқықтары мен бостандықтары толық қамтамасыз етілетін тең құқылы және егеменді республикалардың жаңартылған федерациясы ретінде сақтау қажет деп санайсыз ба?» деп жазылған еді. Дауыс берушілердің басым бөлігі КСРО-ны сақтауды қолдады. Алайда 1992 жылдың қарсаңында КСРО өмір сүруін түбегейлі тоқтатты. Балтық елдерінде қарсы дауыс берушілер саны басым болды, алайда өзге елдерде қолдаушылар саны көбірек болғаны байқалды. Соған қарамастан КСРО өміршеңдігі референдум нәтижесіне емес, саяси және экономикалық жағдайға байланысты анықталды.
Бұл референдум, оның алғышарттары, орындылығы, пәні мен салдары туралы әртүрлі пікірлер бар. Әсіресе, сайлаушыларға ұсынылған сұрақтың тұжырымы әлі дау тудырумен келеді. Дегенмен болары болды, бояуы сіңді. Сол бір референдум нәтижесіне қарамастан Қазақстан өз тәуелсіздігін алды және өзі де егемен, тәуелсіз ел ретінде түрлі референдумдар ұйымдастыруда.
Мемлекеттік басқару нысаны бойынша референдумдар да жиі өтеді. Олардың алғашқы прецеденттерін революция кезінде Франция жасады. Қазіргі конституциялық тәжірибеде Жапония мен Италияда өткен референдумдарды атап өтуге болады. 1946 жылы өткен референдумда сайлау учаскелеріне келген сайлаушылардың 82 пайызы монархия институтын жақтап шықты. Халықтың ерік-жігерін білдіру және оның нәтижесі Жапонияның конституциялық жүйесін біртіндеп демократияландыруға және аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға одан әрі ықпал ете алды дейді сарапшылар. Себебі дәстүрді сақтау және демократияны алып келуге таңдау жасалған-ды.
Конституциялық референдумдар әлемде жиі қолданылатын референдум түрлеріне жатады. Қазір әлем елдеріндегі қолданыстағы конституциялардың едәуір бөлігі тікелей халықтың рефрендумда дауыс беріп, таңдау жасауы арқылы бекітілді. Мысалы Испания 1978 жыл, Иран 1979 жыл, Италия 1947 жыл, Польша 1997 жыл, Ресей 2020 жыл, Франция 1958 жыл, Швейцария 1999 жыл деп кете береді. Бұған Африканың көптеген елдерінің референдумдерін де қоссақ болады. АҚШ штаттарының басым көпшілігінде олардың конституцияларына кез келген түзетулер референдумға шығарылады. Конституциялық референдум әдетте елдің ең жоғарғы заңының жобасын бекітумен аяқталады. Классикалық мысал ретінде сайлау жәшіктеріне келген сайлаушылардың 79% дауыс беру арқылы Франция Конституциясының бекітілуін айтуға болады. Қазақстанда да Конституциялық референдумдер өтті. Алғаш рет 1995 жылы, тамызда өтіп, жаңа конституцияға дауыс берілді. Ал 2022 жылы Конституцияны өзгерту референдумы тағы бір мәрте өтіп, сіз бен біз қолданып жүрген конституцияға халық дауыс берді.
Mezgil.kz