Сунак кетті, Стармер келді: Украинаны қолдау не болмақ?

Ұлыбританиядағы сайлауда билікті Лейбористер партиясы иемденді. Сайлауда Консерваторлар жеңіліс тауып, премьер-министр Риши Сунак орнын босатады. Жаңа премьер болып Кир Стармер тізгінді алмақ.

1720362480203689.jpg

2018 жылы Лейбористер партиясының тізгіні Кир Стармердің қолына өткен болатын. Ол партияда реформа жасады, алайда бір жылдың ішінде айтарлықтай өзгеріске қол жеткізбеді. Салдарынан 2019 жылғы сайлауда ойсырай ұтылды. Дей-тұра Стармер реформаны тоқтатпады. Ол орта тап өкілдерінің сеніміне ие болу қадамдарын жасады, ковидтік шектеулерден кейінгі Ұлыбритания экономикасы жайлы көбірек айтты.

 

Араға бес жыл салып Лейбористер партиясы консерваторларға күйрете соққы жасады. Сөйтіп Қауымдар палатасындағы 650 орынның 411-ін иемденді. Консерваторлар соңғы 14 жылда билікті берген емес. Алайда қоғам бірнеше экономикалық дағдарыс, Brexit процесінен кейінгі қиындықтар, коронавирустық шектеулерден кейін өзгеріс қалайтынын көрсетті.

 

Қоғам миграциялық мәселені шешуді талап етуде. Риши Сунак құрған үкімет мәселені шешуге уәде етсе де, шынайы тұрғыдан мигранттар саны артты. Стармер миграциялық саясатты күшейтетінін айтты. Жаңа субсидиялар санын арттыру қажет екенін де айтуда.

 

Әлемдік қауымдастық Стармер жасақтайтын үкіметтің Украина соғысына қатысты ұстанымы бұрынғы үкіметке ұқсас болатынын айтуда. Стармер консерваторлардың Ресейге қарсы саясатын қолдайтынын сан мәрте мәлімдеген болатын. The Guardian-ға берген сұхбатында Стармер сайлауда жеңіп шығатын болса консерваторлардың жыл сайын Украинаны қолдауға бөлетін 3,8 млрд доллар көмегін жалғастыратынын айтқан-ды.

 

Аллдағы аптада АҚШ-та өтетін  НАТО саммитінде Стармер Украинаны қолдауды арттыруға шақырмақ. Ұлыбритания алғаш болып Ресей аумағын өзі берген қарумен атқылауға рұқсат еткен ел саналады. Ұлыбританияда беделді саналатын Pew Research Center аналитикалық орталығының соңғы сауалнамалары 84% британдықтардың Путин режиміне қарсы екенін анықтаған. Демек, жаңа үкіметтің антиресейлік саясатын да көпшілік қолдайды деген сөз.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар