Ондаған әуе қорғаныс жүйесі: НАТО Украинаға қандай қару бермек?

АҚШ-та НАТО-ның 75 жылдығына арналған мерейтойлық саммит басталды. 9-11 шілде аралығында өтетін саммит барысында НАТО елдері Украина соғысын, Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарды және оңтүстік-шығыс Азиядағы шиеленісті жағдайды талқылайды. НАТО-ның даму стратегиясын анықтап, арнайы шешімдер қабылданады. Жылдам әрекет ету күштерін реформалау және қорғаныс саласын қарқынды дамыту стратегиялары жасақталады деп күтілуде.


Источники CNN сообщили, какие компоненты были повреждены у ЗРК Patriot |  Украинская правда

 

Саммит барысында НАТО-дағы Украинаның серіктестері Киевке қажетті әуе қорғаныс жүйелерін көбірек беруге келісті. Саммитте АҚШ президенті Джо Байден НАТО елдері ондаған әуе қорғаныс жүйесін Украинаға жіберетінін айтты, оның бесеуі алдағы апталарда келіп жетпек.

 

«Ақ үй» НАТО-ға мүше елдердің ортақ мәлімдемесін өз сайтында жариялады. Онда Украинаға кемі 4 Patriot әуе қорғаныс кешенін беретіні айтылған. Сонымен бірге Италия Украинаға SAMP-T жүйесін жеткізуге келісті. Сондай-ақ, одақтас елдер Украинаға NASAM, HAWK, IRIS T-SLM, IRIS T-SLS және Gepard сынды әуе қорғаныс жүйелерін жеткізбек. Бұл әуе қорғаныс жүйелері дрондар шабуылынан және зымыран соққысынан Украина аумақтарын айтарлықтай негізде қорғауға қабілетті.

 

Жалпы одақтас елдер Украина әуе кеңістігін қауіпсіздендіру үшін кемі 1 млрд доллар көмек бөлмек. Бұл әуе қорғаныс жүйелеріне арналған кешендерге зымырандарды сатып алуға жұмсалады дейді сарапшылар. Ал 2025 жылы Украинаға әуе қорғаныс жүйесіне арналған жүздеген ірі және мыңдаған кіші зымырандар беру жоспары бар.

 

Украина президенті Владимир Зеленский одақтас елдерге әуе қорғаныс жүйелерін беру шешімі үшін алғыс айтты. Алайда бұл да жеткіліксіз дейді ол. «Patriot кешендері сөзсіз көмектеседі. Алайда бұл жеткіліксіз. Әуе қорғаныс жүйелері қанша көлемде болса да үнемі жеткіліксіз болмақ», - дейді Украина басшысы.

 

АҚШ Украинаға алғашқы Patriot кешенін беру туралы шешімді 2022 жылдың желтоқсанында жариялаған болатын. Алғашқы кешен 2023 жылдың сәуірінде келіп жетті. Ресей тарапы бірнеше мәрте Patriot кешендерін жойғанын айтты, дей-тұра сарапшылар Ресейдің қымбат зымырандары кешенді емес, кешеннің макетін жойғанын анықтап, тиісті видеоларды жариялады. Patriot кешенінің құны 1 млрд доллар болса, оның макеті 10-12 мың долларды құрайды.

 

Дүйсенбіде Ресей әскері Украина жеріне жойқын зымыран соққысын жасады. Шабуылда 38 адам қаза тауып, 200-ге жуығы түрлі жарақат алды. Шабуыл Украинаға әуе қорғаныс жүйелері мен оған арналған зымырандардың әлі де жетіспейтінін айқын көрсетті. Украина басшысы Зеленский НАТО саммитінде Ресейдің агрессиялық шабуылын лаңкестікке теңеп, көбірек әуе қорғаныс жүйесін жеткізуді сұрады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар