Украина әскері снаряд тапшылығында түрлі типтегі дрондарды жасауға басымдық берді. Камикадзе, барлау дрондары мен суүсті теңіз дрондары майдан даласында тиімділігін көрсетті. Reuters ақпараттық агенттігі Киевтің дрон саласына қатысты соңғы жаңалықтарын жария етті.
Қазіргі таңда Украинаның әскери өндіріс мамандары дрондарды жасанды интеллектпен қамтамасыз етуге барын салуда. Бұл қарсыластың дрондарды сөндіру сигналына қарсы тұру үшін қажет дейді олар. Сонымен бірге, жасанды интеллект арқылы бір мезетте ондаған дронды басқару мүмкіндігі туады. Бұл ұрыс даласында дрондардың шабуылын қуатты ете түседі және әуе қорғаныс жүйесінен дрондардың өтуін жиілетеді.
Украинадағы Swarmer жеке компаниясы дрондарды бір желіге біріктіріп, дрондар шоғырын түзуге мүмкіндік беретін бағдарламаны әзірлеуде. Дрондар шоғырында ондаған дрон болуы ықтимал, олар жасанды интеллект арқылы өзара байланыс жасайды.
Swarmer компаниясының директоры Сергей Куприенко: «Адамдар бір мезетте 10-20 дронды басқара алады. Ол үшін 10-20 оператор қажет. Алайда бұл дрондар шоғыры емес, бәрібір жекелеген дрондар болып қалады. Ал жасанды интеллект арқылы дрондарды өзара байланыстырып, оны бір адамға ғана басқартып, шабуылды тиімді еткен сәтте, ол дрондар шоғырына айналады», - дейді.
Компания Styx атты жүйені де іске қосты. Аталмыш жүйе түрлі типтегі дрондарды қолдануға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы дрондар шоғырындағы әр дрон өзге дронның әрекетін болжай алады.
Reuters ақпараттық агенттігі Украинаның дрондар шоғырын қазірдің өзінде қолданып жатқанын жазды. Жасанды интеллектпен жарақтанған дрондар Ресейдің мұнай базалары мен әуежайларына шабуыл жасаған.
Сарапшылар оператор басқарған дронның шартты нысананы жою мүмкіндігі 30-50 пайыз екенін анықтады. Алайда жасанды интеллектпен қамтамасыз етілген дрондардың нысананы жою мүмкіндігі 80 пайызға дейін жетеді. Бұл туралы дрондарды жасанды интеллектпен қамтамасыз етуші Brave1 компаниясының өкілі Макс Макарчук мәлімдеді.
Сарапшылар қазіргі таңда Украина мен Ресейдің ұрыс даласында камикадзе дрондарды қолдану көрсеткіші Киевтің пайдасына 1/3-ке тең дейді. Батыстық сарапшылар Украина әскерінің ұтымды операцияларды негізінен дрондар арқылы іске асырып жатқанын баса айтуда.
Mezgil.kz