Кеше Украина президенті Владимир Зеленский Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммитіне қатысу үшін Ұлыбританияға ұшып барды. Алқа-қотан жиынға қатысып, сөз сөйледі.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ҰЛЫБРИТАНИЯ САПАРЫ
Украина Президентін Ұлыбританияда құрметті мейман ретінде қабылдайды. Владимир Зеленский бейсенбі күні король Карл III және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесті. Стармер бұған дейін Украинаны «қаншалықты қажет болса, сонша» қолдауға уәде беріп, Киевке жыл сайын 3 млрд фунт (шамамен 3,87 млрд доллар) көлемінде көмек көрсететінін жариялаған болатын.
Украина президенті Зеленский: «Мен Ұлыбританияның ұстанымы өзгереді деп ойламаймын. Бірақ мен премьер-министр Кир Стармердің халықаралық саясатқа, бейбітшілікті қорғауға, Украинадағы соғысқа қатысты «ерекше„ болғанын қалаймын», - деді.
Зеленскийдің Ұлыбританияға барғандағы басты айтпағы бұл емес екен. Ол Ресейдің ішкі территорияларына соққы жасау үшін рұқсат сұрай барған.
РЕСЕЙДІҢ ӨЗІНЕ СОҚҚЫ ЖАСАМАЙ, СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ МҮМКІН ЕМЕС!
Зеленский: «Батыс елдері Киевке Украинаның қалаларына шабуыл жасайтын Ресейдің барлық әуеайлақтары мен зымыран ұшыратын әскери нысандарын жойып жіберу үшін, Ресейдің ішкі аумақтарына соққы жасауға рұқсат һәм алыстан соққылайтын зымырандар соққы беруі керек. Біз соны сұрай келдік», - деп мәлімдеді.
«Мен сіздердің барлықтарыңызға, қажетті ерлікке өз үлесін қоса алатын барлық көшбасшыларға үндеу жасаймын! Бұл қадамдар РФ ішіне соққы беруге рұқсат етілуін жасау үшін қажет. Мен ең алдымен Құрама Штаттарға, Ұлыбританияға, Францияға, Германия мен Польшаға және басқа да достарға жүгінемін - сіздердің батылдықтарыңыз бейбітшілік үшін шешуші мәнге ие болуы мүмкін», - деді Зеленский Еуропалық саяси қоғамдастық саммитінің инаугурациялық пленарлық сессиясында.
Оның айтуынша, ресейлік ұшақтар Украина қалаларын бомбалау үшін ұшып жатқан әскери әуеайлақтар, сондай-ақ, ресейлік зымырандарды ұшыру орындары - түгел жойылуы тиіс. Себебі бұл Ресейдің соғысты жалғастыру мүмкіндігін азайтады.
ХАРЬКОВТЕГІ ТОЙТАРЫСТЫҢ МЫСАЛЫ: ПУТИННІҢ МЕСЕЛІ ҚАЙТТЫ
Президент Зеленский Ресей аумағына соққының қаншалықты тиімді болатынына мысал ретінде Харьков облысындағы жағдайды келтірді. Оның айтуынша, Белгород облысына жасалған шабуылдардың арқасында Украина ресейлік армияның шабуылын тоқтата алды.
«Біз Ресейдің Харьков облысында ілгерілеуіне жол бермедік. Нүкте. Путин он мыңдаған азаматтарын құрбан етті. Бірақ ештеңеге қол жеткізген жоқ. Бұл ушығуға алып келді ме? Жоқ. Керісінше, Путиннің соғысты кеңейту әрекеттеріне кедергі болды. Путин реакция жасады ма? Жоқ», - деді Украина президенті.
Ол: «Украинаның батыстық қаруды пайдалану бойынша шектеулері неғұрлым аз болса, Ресей соғұрлым бейбітшілік бағытында қозғалуға тырысады», - дегенді қосты.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ СҰРАУЫНА НЕМІС КАНЦЛЕРІ ШОЛЦ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ...
Германия канцлері Олаф Шолц Ресей аумағына неміс қаруымен соққы беруге рұқсат бермеді. Ол сондай-ақ, Батыс елдеріне ресейлік зымырандар мен ұшқышсыз ұшқыштарды Украина аумағының үстінен атып түсіруге көмек сұраған Украина президенті Владимир Зеленскийді қолдамады.
«Мен НАТО елдері арасында мұндай қадамдар туралы сөз болмайтынын көріп отырмын және АҚШ та бұл туралы өте анық айтуда», - деді Шолц.
АҚШ НЕ ДЕЙДІ?
АҚШ мамыр айының соңында Киевке берілген американдық қаруды Ресей аумағындағы әскери мақсаттарға қарсы пайдалануға рұқсат берді. Алайда Украина шекарадан 100 км алыс қашықтықтағы нысандарға ғана соқы жасай алады. Сондықтан рұқсат негізгі әуеайлақтарға қолданылмайды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті атап өткендей, «егер Ресей майданды кеңейтуге тырысса ғана, Украина әскеріне одан әрі соққы жасауына басы бүтін мүмкіндік беріледі».
ҰЛЫБРИТАНИЯ ЗЕЛЕНСКИЙ ҮНДЕУІНЕ НЕ ДЕП ҮН ҚАТТЫ?
«Украина менің үкіметімнің күн тәртібінің жүрегінде тұр және әрдайым сақталады, сондықтан президент Зеленскийдің менің кабинетіме тарихи үндеу жасауы өте орынды», - деп мәлімдеді премьер-министр Стармер.
Бұған дейін Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Гили парламентте сөз сөйлеп, Украинаға көмектің жаңа пакетін жариялаған. Ол Украинаға оқ-дәрілер, танкіге қарсы зымырандар мен артиллериялық зеңбіректер берілетінін хабарлады.
Түйін: Президент Зеленский кеше Ұлыбританиядағы Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммитінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және Польшаға ресейлік зымырандарды атып түсіруді өтінді.
Украина әуе кеңістігінде Батыс бағытта атылған зымырандарды құлатуға Киев пен Варшава арасында қол қойылған қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы шарт жол береді. Бірақ поляк билігі НАТО-ның мақұлдауынсыз әрекет етуден бас тартты. Франция президенті Эммануэль Макрон өткен аптада альянс Украинадағы қақтығысқа араласуға ниетті емес деп мәлімдеді.
Mezgil.kz