Төбеден төнген 300 жойғыш ұшақ: Мәскеудің мазасы қашты

Украинаға Батыс уәде еткен F-16 жойғыш ұшақтарының алғашқы партиясы келіп жетті. Тіпті, украин ұшқыштары аталған «қара құмайлармен» Киев аспанын шолып ұшқаны да белгілі болды.

1722506134642755.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Украинаға келіп жеткен F-16 жойғыш ұшақтарының нақты саны туралы деректер ашық айтылмады. Алайда, оларды Нидерланды бергені белгілі болды. Кей деректерде саны 6-ау дейді.

Басылым дереккөзінің мәліметінше, жақын арада Украинаның Қарулы Күштері Даниядан F-16 жойғыштарының тағы бір партиясын алады. Дания уәде еткен ұшақтардың нақты қашан жеткізілетіні белгісіз.

«Associated Press» мәліметінше, Нидерланды, Дания, Норвегия және Бельгия Украинаға 60-тан астам ұшақ жеткізуге уәде берген. Ал Украина одақтастардан Ресейге қарсы соғыста ұзын-саны 300-ге жуық жойғыш ұшақ сұраған.

ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БЕРСЕ, МӘСКЕУДЕН МАЗА ҚАШАДЫ...

Ресми Киев F-16 жойғыш ұшақтары туралы ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Десе де, Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк Украинаға F-16 жойғыш ұшақтарының келіп түскені туралы ақпаратты растамай, тек «Киев үшін «бұл аман қалу факторы» екенін атап өтті.

Батыс ақпараттары Бельгия мен Норвегиядан келуі тиіс 20 жойғыш ұшақ келер жылы берілуі мүмкін. Ұзақ мерзімді перспективада осы төрт еуропалық – Нидерланды, Дания, Бельгия мен Норвегия Украиғана 80-ге жуық жойғыш ұшақ уәде еткен.

Украина билігі Ресей басқыншылығы басталған сәттен бастап Батыстық үлгідегі жойғыш ұшақтарды сұрай бастаған. 2023 жылы бірнеше мемлекет  АҚШ-тың келісімімен мұндай ұшақтарды Киевке беру туралы шешім қабылдады.

2023 жылдың қазан айынан бастап Украина ұшқыштары Аризона штатындағы Тусон қаласындағы Ұлттық гвардияның 162-ші әскери-әуе базасында дайындықтан өте бастаған. Оқуды аяқтағаннан кейін ұшқыштар қосымша дайындықтан өту үшін Еуропаға аттанды.

Осыған дейін «The New York Times» газеті: «Биылғы шілдеге қарай Украина алты F-16 ұшағын ала алады», - деп жазған.

Литва СІМ басшысы Габриэлюс Ландсбергис: «F-16 Украинада. Тағы бір мүмкін емес нәрсе мүмкін болып шықты», - деп атап өтті.

РЕСЕЙ ҮРЕЙЛЕНГЕН F-16 ҚАНДАЙ ҰШАҚ?

F-16 – ХХ ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап шығарылады, бұл төртінші буынға жататын жаппай өндірістегі жойғыштарының бірі. Ол әуе нысаналарын ұстап қалуға да, жердегі объектілерге соққы беруге де арналған. Ол 20-дан астам елдің қару-жарақ арсеналында бар. 2023 жылғы жағдай бойынша, әр түрлі мемлекеттердің әуе күштерінде осындай 2100-ден астам ұшақ болды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар