Руслан Жақсылықов тізгінін ұстаған Қазақстанның қорғаныс министрлігі бүгін есеп жариялады. Жарты жылда атқарылған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі баяндапты.
(Суреттер: otokarcentralasia.kz, esquire.kz, sputnik.kz)
Біз ұзын-сонар есепті шолып шығып, Mezgil.kz ақпараттық порталының оқырмандарына «Қазақстан қандай қару, қандай техникалармен жарақтануда» және «отты нүктелерде жүрген Қазақстан бітімгерлерінің жай-күйі қалай» деген қос сауалдың жауабын ұсынғанды жөн көрдік.
«Қарулы Күштер жауынгерлік құрамын кезең-кезеңімен арттыру жұмыстарын жүргізу мақсатында әскери техникалық базаны жаңғырту мен бітімгерлік күштерді нығайтуға барын салды», - дейді министрлік.
ӘСКЕРИ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАР: ТҮРКІ ӘСКЕРЛЕРІ КҮШ БІРІКТІРУДЕ
Қазақстан Қарулы Күштері халықаралық оқу-жаттығуларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Мұндай оқу-жаттығулардың тақырыптық бағыттары да, форматтары да әртүрлі. Соның ішінде биылғы жылдың басты халықаралық оқу-жаттығуы Қазақ жерінде өткен «Бірлестік-2024» жаттығулары. Түркі елдерінің әскері келіп, Тұран даласында күш сынасты, білік-тәжірбиелерімен бөлісті.
«Ауқымды халықаралық «Бірлестік–2024» оқу-жаттығуына Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның әскери контингенттері: 4 мыңнан астам әскери қызметші және 700-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника қатысты.
Биылғы жылы 2 мыңнан астам жауынгерлік тактикалық және атыс оқу-жаттығулары өткізіліп, штабтар мен әскерлердің дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдарға дайындығына баса назар аударылды. Соның ішінде:
*Құрлық әскерлерінің Әскери институтында болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін нығайтуға және кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған «Сардар» бақылау-кешенді курсы ұйымдастырылды.
*Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп, «Бекет» ведомствоаралық оқу-жаттығуы өткізілді. Алдағы қыркүйек айында осындай оқу-жаттығуды Жамбыл облысының әкімдігімен өткізу жоспарлануда», - дейді министирлік.
(Сурет: primeminister.kz)
БІТІМГЕРЛІК КҮШТЕР ҺАМ ҚАЗАҚ АРМИЯСЫНЫҢ ҚАРУЫ
Ал Қазақстанның шекара сыртында жүрген бітімгерлік күштері туралы ҚР Қорғаныс министрлігі не дейді? Қараңыз:
«Соңғы 5жыл ішінде Қазақстан халықаралық және бітімгерлік қызметті жандандырды. Еліміз ТМД елдері ішінде БҰҰ миссиясына дербес мандат алған бірден бір мемлекет. 2024 жылғы наурызда алғаш рет қазақстандық контингент: 139 әскери қызметші, 26 қару-жарақ пен әскери техника БҰҰ миссияларына қатысу үшін Голан жоталарына жіберілді», - дейді ҚР Қорғаныс министрлігі.
Ал: «Қазақстан қандай қару, қандай техникалармен жарақтануда», - деген сауалға келсек, министрлің жарты жылдықтың есебінде бүйдепті:
«Қарулы Күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың, оның ішінде отандық өндірістің заманауи үлгілерімен қайта жарақтандырудың кезең-кезеңдік процесі жүріп жатыр. Биыл 500-ден астам жаңа техника келіп түсті, 50 техника күрделі жөндеуден өтті.
2024 жылы «Арлан» және COBRA II брондалған доңғалақты машиналары жеткізіледі деп күтілуде. Жыл соңына дейін SUNQAR тактикалық ұшқышсыз жүйелер кешенін және EVOMax шағын ұшқышсыз жүйелерін сатып алу жоспарлануда», - дейді.
Mezgil.kz