Украина әскерінің Ресейге басып кіруі: Не болып жатыр?

Тамыздың алтысына қараған түні ресейлік ақпарат көздері Курск облысына украин әскері үздіксіз артиллериялық соққы жасауды бастағанын айтып, дабыл қақты. Артиллериялық соққы Суджа ауданына және шекаралас елді-мекенге жасалған. Таң қылаң берген сәтте, ресейлік БАҚ Курск шекарасынан жүзден астам диверсант өтіп, Ресей аумағына кіргенін жазды. Ресей қорғаныс министрлігі диверсанттарды ығыстыру және көзін жою операциясы басталғанын және сәтті іске асып жатқанын баяндады.


WP: Даже с западным оружием Украина сможет завести российскую войну в тупик, но не больше

 

Ақпарат көздері шабуылды «әдеттегі диверсиялық рейд» ретінде сипаттады. Алайда Ресей қорғаныс министрлігі таратқан ақпарат пен ресейлік әскери сарапшылар таратқан ақпарат арасында алшақтық бары бірден аңғарылды. Әлеуметтік желіде тұтқынға түскен ресейлік сарбаздар, қираған елді-мекендер мен өртенген ғимараттар, жол жиегінде төңкеріліп қалған көліктердің видеосы жариялана бастады. Ресей сайттары «диверсиялық рейд» сөзін «Украина әскерінің Ресей аумағына басып кіруі» сөзіне алмастырды. Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі алдын-ала жарияланған ақпаратты өшіруді бастады.

 

Украина диверсанттары ауқымды шабуылды соңғы мәрте 2023 жылы жасаған болатын. «Орыс ерікті корпусы» мен «Азат Ресей» легионы Брянск, Курск және Белгород облыстарына рейдтік шабуылдар жасаған-ды. Алайда ол сәтте рейдтік шабуылдардың ауқымы тар және жеңіл бронды әскери техникамен жарақтанған типте өтті. Қазіргі шабуылды сарапшылар «толыққанды әскери операция» деп атауда.

 

Курск облысының губернаторы украин шабуылын тоқтатып, кері шегіндіру басталғанын айтты. Дей-тұра 6 тамыздың түнінде Суджа ауданындағы бірнеше елді-мекен халқын эвакуациялау басталды. Ресейлік әскери сарапшылар украин әскерінің Дарьино-Зеленый Шлях бағыты бойынша алға жылжып, Ресей аумағына 12 шақырым кіргенін жазды. Ал жалпы қақтығыс шебінің ұзындығы 10 шақырымнан асты.

 

«РИА Новостиге» пікір білдірген Суджа қаласының басшысы Виталий Слащев қаланы атқылау түні бойы жүргенін айтты. Ол Курчатов қаласына да дрондар шабуылы жасалғанын мәлімдеді. Аталмыш қалада Курск АЭС-і орналасқан.

 

Ресей қорғаныс министрлігі сейсенбі күні сағат 15:00-де Курск облысындағы жағдайға байланысты ресми пікір блідіріп, былай деді: «Мәскеу уақытымен сағат 8.00-де, артиллериялық соққы жасауды іске асырғаннан кейін, Украинаның 22-ші әскери бригадасының 300 лаңкесі 11 танк және 20 бронды техникамен Ресей аумағына басып кірді. Қарсылас Ресей-Украина шекарасы маңындағы елді-мекендерге шабуыл жасауда», - деді. Мәлімдемеде Ресей қорғаныс министрлігі Украина әскерінің 16 техникасын жойғанын айтты.

 

Сейсенбінің кешінде Ресей қорғаныс министрлігі тағы бір мәлімдеме жасап, «Украина әскері үлкен шығынмен кері шегінді» деді. Алайда бұл сәтте ұрыс қимылдары жалғасып жатты. Артынша министрлік ресми парақшадағы мәлімдемесін өшіріп тастады.

 

Украинаның Қорғаныс министрлігі Курск облысындағы жағдайларға байланысты пікір білдірмеді. Ресми БАҚ өкілдеріне «Бұл жағдайға байланысты біздің қолымызда еш мәлімет жоқ» деумен шектелді.

 

Ресейлік ақпарат көздері Курскпен шекаралас жатқан Украинаның Сум облысында «Бук» құрылғысын және бірнеше бронды көлікті зымыранмен жойғанын мәлімдеді. Артынша Ресей әскері Курск маңында Ка-52 тікұшағынан айырылғанын айтып, видеосын жариялады. Ми-28 тікұшағы да Суджа маңында құлатылған. Украина арналары Суджа ауданында ресейлік Т-62 танктерінің жойылған видеосын жариялады.

 

Ресейлік әскери сарапшылар Украина әскерінің шабуылы үш міндетті алдына қоюы мүмкін деп болжауда. Біріншісі, Украина әскері Ресей аумағына кіру арқылы Харьков және Донецк бағытындағы Ресей әскерінің бір бөлігін кері шегіндіруге мәжбүр етпек. Екіншісі, Украина әскері алдағы келіссөздер барысында өз позициясын күшейтуге тырысуда және Курск АЭС-ін басып алып, оны Запорож АЭС-іне алмастыруды ойластыруда. Үшіншісі, Украинаның қазіргі шабуылы алда болуы мүмкін негізгі шабуыл алдындағы алдарқату әдісі болуы ықтимал.

 

Украина билігі мен барлау қызметі ақпараттық кеңістікте толық үнсіздік сақтауда. Ал Батыс сарапшылары «Ресей аумағына соғыс басталған сәттен кейін дәл осындай шабуыл болған емес» деп жазуда. Қазіргі сәтте Курск облысындағы шайқастар жалғасуда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар