АЭС-тегі өрт: Ресейдің бопсасы ма, Украинаның шабуылы ма?

Украина президенті Владимир Зеленский Запорож АЭС-інде өрт шыққанын айтып, видео жариялады. Әлемдік қауымдастықты бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырып, Ресейді айыптады. Ауадағы радиация мөлшерін өлшеп отырғанын айтып, МАГАТЭ-ге үндеу тастады.


Пожар на Запорожской АЭС: кто виноват? | Euronews

 

Оккупациядағы Запорож аймағының Ресей тарапынан заңсыз тағайындалған губернаторы Евгений Балицкий АЭС-тегі өртті растады. Ол өрт украин жасақтарының шабуылынан кейін шықты дейді.

 

Бұл мәселеде Киев пен Мәскеу бір-бірін айыптауда. Запорож АЭСі- Еуропадағы ең үлкен АЭС саналады. АЭС маңындағы кез келген іс-әрекет бірден әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударумен келеді. Украина тарапы да, Ресей  тарапы да АЭС-тегі өрттің радиациялық қауіпсіздікке қатер төндірмегенін айтуда. Дей-тұра АЭС-тегі өрт әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аудара білді және әлем БАҚ-тары жарыса жазуда.

 

МАГАТЭ-нің АЭС-тегі бақылаушылары өрттің шыққанын растады. Алты реакторға зақым келмеген. МАГАТЭ-нің директоры Рафаэль Мариано Гросси өрттің ядролық қауіпсіздікке әсер етпейтінін айтты.

 

«Росатом» өкілдері өртті сағат 23:30-да толық ауыздықтағанын мәлімдеді. Өрттің шығуына украин дрондарының шабуылы себепкер болды дейді ресейлік компания. Ресей тарапы дрондардың бірі АЭС реакторына қажетті суды суытатын құрылғыны істен шығарғанын айтып, «Украина тарапы ядролық лаңкестікке баруда» деп айыптады. Украинаның «Энергоатом» компаниясы Ресейдің айыптауын толықтай жоққа шығарып, өртті ресейлік тарап жасағанын баяндады.

 

«Энергоатом» Ресей билігі АЭС-те әскери техника сақтайды дегенді айтумен келеді. Сонымен бірге АЭС-те оқ-дәрі де сақталуы ықтимал дейді сарапшылар. Кремль бұл айыптауларды жоққа шығаруда.

 

Зеленский: «Әзірге радиация мөлшері қалыпты деңгейде. Алайда АЭС-ті ресейлік лаңкестер өз бақылауында ұстап отырған сәтте қалыпты жағдай болмайды, болуы да мүмкін емес. Ресей АЭС-ті басып алған күннен кейін оны Еуропаға, әлемге, Украинаға бағытталған ядролық бопса ретінде қолданып келеді», - дейді ол.

 

Ресей Запорож АЭС-ін 2022 жылы басып алды. Қазіргі сәтте АЭС-тің барлық реакторы уақытша жұмысын тоқтатқан. Сарапшылар АЭС-тегі өрттің шығуын Украина әскерінің Ресей аумағына кіруімен байланыстырады. Кремль Киев пен Еуропаны бопсалауда дейді мамандар. Нақтыланбаған ақпарат бойынша ресейлік сарбаздар АЭС маңында көлік дөңгелектерін жағып, қара түтін шығарып, бопсаға көшкен. 


Сарапшылар Ресейдің де, Украинаның да нұсқаларын тексеру қиындығын айтуда. Себебі АЭС-ке Ресей тарапы сырттан бақылаушыларды кіргізуге қарсы, ал ғарыштық түсірілімдер жағдайды нақты анықтауға мүмкіндік бермейді. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар