Иран мен Израильдің арасындағы шиеленіс әлем назарын аударуда. Тегеран ХАМАС басшысын өлтірген Израиль арнайы қызметі дегенді айтып, қарымта соққы беретінін мәлімдеді.
АҚШ Израильге Иран әскері мен Тегеранның аймақтағы проксилері тарапынан болуы ықтимал соққыны ескеріп, Таяу Шығысқа әскерін аттандыруда. Қанатты зымырандармен қаруланған АҚШ-тың сүңгуір қайықтары Таяу Шығыс жағалауына әне-міне келіп жетпек.
АҚШ-тың Қорғаныс министрі Ллойд Остин Таяу Шығысқа ұшақтасушы кемені аттандырғанын айтты. Кеме жоспарланған уақыттан ерте келіп жетпек. «Авраам Линкольн» ұшақтасушы кемесінің бортында F-35C шабуылдаушы ұшақтары бар. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы флоты және ұшақтары Иранның дрондары мен зымырандарын қағып түсіруге қатысуы мүмкін. Ресми Вашингтон аймақтағы негізгі серіктесі саналатын Израильді қорғайтынын айтты.
ХАМАС-тың саяси бюро басшысы Исмаил Ханияның қаза тапқанына 13 күн болды. Тегеран жойқын соққы жасайтынын ресми айтып, БҰҰ мінберінде мәлімдесе де, әлі нақты әрекетке көшкен жоқ.
Сәуір айында Иран өз тарихында алғаш рет Израиль аумағына тікелей шабуыл жасады. Израиль Сириядағы Иран елшілігінің бір ғимаратына соққы жасап, бірнеше жоғары лауазымды тұлғаларының көзін жойды. Жауап соққы ретінде Иран 13-сәуірде жүздеген дрон мен зымыранды Израиль аумағына атты. Басым көпшілігін Израиль әуе кеңістігіне кіргізбей қағып түсірді. Шабуылды тойтаруға АҚШ және Еуропаның бірқатар елдері атсалысты.
Бұл жолы Израиль аумағына шабуылды Иранның одақтасы саналатын «Хезболла» жасағы да іске асыруы мүмкін. «Хезболла» жақында Израиль соққысынан қаза тапқан қолбасшы Фуад Шүкір үшін кек алатынын айтқан-ды. Израиль мен «Хезболла» арасындағы жаңа қақтығыс Израиль-ХАМАС қақтығысы тұсында басталды. «Хезболла» Израильдің солтүстік аумақтарын атқылап келеді, ал Израиль Ливан аумағындағы «Хезболла» нысандарына соққы жасауда.
Иран мен Израиль арасындағы шиеленіске байланысты әлемнің бірқатар әуе компаниялары Таяу Шығысқа ұшуын тоқтатқан. Lufthansa компаниясы дүйсенбіден бастап Тель-Авив, Бейрут, Амман, Эрбиль қалаларына баратын рейстерді тоқтатты. Уақытша шектеу 21-тамызға дейін жалғасады және жағдай шиеленісетін болса шектеу уақыты созылуы мүмкін.
Swiss Air компаниясы да Тель-Авив пен Бейрутке рейстерін тоқтатты. Бұған дейін Air France, AirBaltic, EasyJet компаниялары Таяу Шығысқа рейстерін азайтты.
Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздердің кезекті раунды 15-тамызда басталуы тиіс. ХАМАС бұрынғы келіссөздер күшінде қалсын десе, Израиль жаңа талаптарды ұсынуда. ХАМАС 31-мамырда АҚШ президенті ұсынған келіссөз аясындағы жобаны қолдайды. Ұрысты тоқтатуға қатысты кезеңдік шаралар іске асуын қалайды. Аталмыш жобаны БҰҰ-ның №2735 қарармен бекіткен болатын. Алайда Израиль ол жобаның толық іске асуына қарсы. Себебі ұсынылған жоба Газа аймағында ХАМАС-тың билікте қалуына мүмкіндік береді. Израиль сарапшылары Байденнің жобасын Израильге соққы деп атауда.
АҚШ, Мысыр мен Катар 15-тамызда ХАМАС пен Израильдің кездесіп, Байден ұсынған жоба аясында соғысты тоқтатуға шақыруда. Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Газада ХАМАС-тың билігін сақтауға мүмкіндік беретін бірде-бір келісімді қолдамайтынын айтты. Әскери сарапшылар ХАМАС-тың Израильмен келіссөзге келуі Иранның жауабынын кейін қарқынды талқылануы мүмкін деп санайды.
Mezgil.kz