Қазір жаһан жұрты жаппай қарулануда. Қорғаныс бюджетін еселеп арттыруда. Оған себеп те жоқ емес. Ірілі-ұсақты мемлекетаралық қақтығыстар көбейіп келеді. Солардың ішінде Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы алты құрлықты алаңдатты. Дереу қарулану керектігін, мемлекеттердің қорғанысын күшейту керектігін түсіндірді.
(Коллаж: Abai.kz)
Ресей-Украина соғысы үш елге, атап айтсақ, Беларусь, Қазақстан және Украинаға өздерінің аумағындағы ядродылық қарудан бас тартқаны үшін берілген кепілдіктің (1994 жылғы «Будапеш келісімі») көк тиындық құны болмайтынын білдірді. Әрі бұған дейінгі қол жеткізілген әскери саладағы келісімдердерге ендігі жерде ешкім сенбейтін дәрежеге жеттік.
ЖАҺАНДЫ ЖАЙЛАҒАН ҚАРУЛАНУ ЖАРЫСЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ НЕ?
Қазір жаһан жұрты қарулану додасын бастап кеткеннін айттық. Бұл бірнеше бағытта жүруде:
1.Әскери артықшылық үшін күрес.
2. Қарсыластың шабуыл құралдарынан тиімді қорғануды ұйымдастыру.
3.Әскери тепе-теңдікке қол жеткізу.
Ғылыми-техникалық прогресс, оның қарқынының жеделдеуі 19-20 ғасырлар шебінде әскери техника мен қару-жарақты жаппай өндірудің басталуына алып келді. Ядролық физика саласындағы жаңалықтар планетадағы ең қиратушы қаруды жасауға мүмкіндік берді.
Бұл дода бәсі оған жанын сала қатысушылардың әскери қуатын арттыруға, өз қарсыласымен күш тепе-теңдігін сақтау үшін қару-жарақ қорын ұлғайтуына әкеп соқтырды. Өздерінің әскери әлеуетін арттыру үшін елдер ғылыми әзірлемелер жүргізіп, қарудың жаңа түрлерін жасап жатыр. Әсерлі әскери қоры бар мемлекеттер басқа елдерге саяси, экономикалық және әскери қысым көрсетуде.
Айта кету керек, жанталаса қарулануға қатысушы елдер үшін әскери-өнеркәсіптік кешен экономиканың айтарлықтай үлкен және маңызды секторы болып табылады.
Бүгінде қарулану жарысына орасан зор құралдар мен күштер тартылды. Көптеген елдер бұрын қолданылмаған қару түрлерін әзірлеуде. Мысалы, дәлдігі жоғары қарулар, ақпараттық қарулар мен нейтрондық қарулар т.б. Бұл жанталаса қарулану додасы ғылымның көптеген салаларына әсер етіп, технологияларды, бірінші кезекте компьютерлік және ғарыштық технологияларды дамытуға қуатты серпін берді.
Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі қару-жарақ жарысының өнімдері қандай? Қараңыз:
*стратегиялық құрлықаралық бомбалаушылар мен зымырандар;
*дыбыстан жоғары ұшақтар;
*ракетаға қарсы қорғаныс жүйелері;
*ұшқышсыз барлаушы ұшақтар;
*тыңшы спутниктер;
*электрондық бақылау, қадағалау, байланыс жүйелері және т.б.
Көптеген әскери әзірлемелер бейбіт өмірге де енді, атап айтсақ: атом электр станциялары, байланыс спутниктері мен GPS, құрлықаралық реактивті жолаушылар ұшақтары, интернет.
Ендігі, таяу болашақтағы соғыс адамның қатысынсыз, технологиялық соғысқа ұласуы да ықтимал. Оған Ресей мен Украина арасындағы дрондар соғысын дәлел етсек те жетіп жатыр.
АҚШ, РЕСЕЙ ҺӘМ ҚЫТАЙ
Ресей мен Батыс елдері арасындағы алакөздіктің жаңа кезеңі – РФ үкіметін өзінің қорғаныс стратегиясын қайта қарауға және қару-жарақтың жаңа түрлерін, оның ішінде ядролық зарядты алып жүруге қабілетті қару-жарақты әзірлеуді бастауға мәжбүрледі.
Осындай ядролық әзірлемелер АҚШ-та да қайта жанданды.
Кейінгі онжылдықтарда Қытай қарулану жарысына белсенді түрде қатысып, АҚШ-қа гипердыбысты қару саласында өзінің де таласы бар екендігін танытты.
2019 жылы БҰҰ: « Ресей, АҚШ және Қытайды жаңа қару-жарақ жарысының негізгі қатысушылары», - деп атаған баяндамасын ұсынды.
Баяндама авторларының пікірінше, қару-жарақты бақылаудың халықаралық жүйесінің құлдырауы барлық мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсер етеді. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш атап өткендей, әзірге үш держава ядролық қаруды жинақтауды жалғастыруда.
2022 жылы Ресей, АҚШ және Қытай бірлескен мәлімдеме жариялады, онда ядролық соғысқа және жаңа қару-жарақ жарысына жол бермеу үшін барлық мүмкін күш-жігерді қолдануға уәде берді. Бірақ Ресей мен Украинаның соғысы жағдайды басқаша бажайлауға үйретті. Яғни, ешқандай да кепілдіктің 100 пайыз сақталмайды!
ҚАРУЛАНУ ҚҰНЫ – МИЛЛИРАДТАР МЕН ТРИЛЛИОНДАР!
Ресейде ұлттық қорғанысқа арналған шығыстар 2023 жылы шамамен 72,7 млрд. долларды құрады. Ал НАТО-ның 10 жетекші елі де әскери-қорғаныс қажеттіліктеріне арналған шығыстарды арттырды және олардың жиынтық бюджеті 2023 жылы 1,175 трлн доллар деңгейінде болды.
Бұл орайда бұрын еш әскери блокқа қосылмаған елдер де жанталаса қарулану жолына түсе бастады. Алысқа бармай, Жапонияны сөз етсек те жетіп жатыр.
НВО шолушысы Урсан Гунар өз мақаласында Жапония министрлер кабинеті жапон әскерлерін елден тыс жерлерге орналастыруға тыйым салатын осы ел Конституциясының ережелерін қайта қарауды мақұлдағанына назар аударады. Енді жапон әскерлері өз аумағында әскери қақтығыстар туындаған жағдайда шетелдік одақтастарға әскери көмек көрсете алады.
Жапония 2024 жы қорғаныс бюджетін 54,1 млрд долларға жеткізу туралы шешім қабылдаған.
Түйін: Жанталаса қарулану жарысының проблемасы озық технологияларды сатып алуға немесе қару өндiруге мүмкiндiгi бар елдердiң шексiз геосаяси билiк алатындығында, бұл халықаралық шешiмдер қабылдауда ауытқуларға алып келедi.
Жаһан жұрты қым-қуыт қаруланып жатқанда, Қазақстанның да әскери басшылығы елдің қорғанысын техникалық күшейту қарқынын еселеуі керек-ақ! Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, «Будапешт келісімі» Қазақстан тәуелсіздігінің кепілі бола алмайды!
Mezgil.kz