Астана Лукашенкоға ескерту жасады: «Араласпа! Біздің өз саяси жолымыз бар!»

Қазақстан СІМ басшылығы еліміздегі Беларусьтің Төтенше және өкілетті елшісін министрлікке шақырып, ескерту жасады. Бұл ақпарат ҚР СІМ сайтында 21 тамызда кешке қарай жарияланды. Бұндай жарияланым жасауға себеп те жоқ емес.

1724314372851537.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедия)

Беларусьтің Қазақстандағы елшісі – Павел Утюпин дейтін адам. Министр Мұрат Нұртілеу осы Утюпинді шақырып Ресей-Украина арасындағы соғысқа қатысты Қазақстанның өз ұстанымы бар екенін білдірді.

«Министр Қазақстан БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізін қалаушы нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбітшіл сыртқы саясат жүргізіп жатқанын ерекше атап өтті. Еліміз мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушіліктер саяси және дипломатиялық жолдармен шешілуі тиіс екеніне нық сенімді.

Қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан еліміздің сыртқы саяси бағыты өзінің тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты Министр Беларусь тарапын қазіргі процестерге қатысты Астананың ұстанымын объективті бағалауға шақырды», - делінген СІМ хабарламасында.

1724313924189561.png

(Сурет ҚР СІМ хабарламасының скрині)

Қазақстан СІМ-інің Беларусь елшісін алдыртып, ескерту жасауына Беларусь басшысы Александр Лукашенконың Ресей және Беларусь телеарналарына берген сұхбаты, сұхбат барысында Қазақстанның саяси ұстанымын сөз етуі себеп болған.

ЛУКАШЕНКО НЕ ДЕДІ?

Александр Лукашенко 20 тамызда «Россия» телеарнасында жарияланған сұхбатында: «Біз кейбір посткеңестік мемлекеттер сияқты түлкібұлаң саясат ұстана алмаймыз. Олар Ресейден бірдеңе алғысы келеді. Бірақ оның орнына ештеңе бермейді. Олай болмайды. Бірге болайық!

Ресейге келіп, қолдау мен көмек сұраған уақыттан көп ұзаған жоқпыз. Мысалы,  Қазақстанда бір оқиға болды (2022  жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаларды, сол кезде елге ҰҚШҰ күштерінің кіргізілгенін меңзеп отыр - редакция). Қазақстан кімнен көмек сұрады? Қытайдан ба, Үндістаннан ба? Әлде Пәкістаннан ба? Жоқ! «Путин, Лукашенко, көмектесіңіз», - деді. Сонан соң, түске дейін-ақ, біздің ұшақтар Қазақстанға қонды. Сөйтіп бәрі тынышталды», - деген еді.

1724314056386665.jpg

(Сурет: А.Лукашенко / sputnik.by)

ЛУКАШЕНКОҒА АРМЕНИЯ ДА ӨКПЕЛІ

Лукашенконың сұхбаты Қазақтарды ғана шамандырған жоқ. Беларусь президенті аузы көпіріп сөйлеп отырып, Арменияның да сыртқы саясаттағы ұстанымын сынаған еді. Сөзсіз, Ереван Лукашенконың мұнысына негативті реакция білдірді.

Лукашенко: «Армяндар бізден басқа кімге керек? Ешкімге!», - деп сөйлеген. Осыдан соң, Ереван жұрты Беларусь елшілігін жұмыртқа, қызанақ және картоппен атқылап, наразылыққа шықты. Наразылықты Армениядағы «Республика үшін» партиясы ұйымдастырған.

Түйін. Қазақстан Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысын қолдамайды. Ресей Украинадан оккупациялап алған, БҰҰ-да мойындалмаған аумақтарды Қазақстан да мойындамайды! Қазақстанның позициясы – мемлекеттердің территориялық тұтастығы бұзылмауы керек! Осы принципке сәйкес, Қазақстан СІМ-і Ресейдің Курскі облысындағы жағдай бойынша да өз ұстанымын жариялаған болатын.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар