«Паляница» Путин үшін пәле болып, «Гром» Мәскеу аспанына қара бұлт болып төнбек!

Әлгінде Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның өзі жасап шығарған алғашқы баллистикалық зымыранның сынақтан сәтті өткенін мәлімдеген. Бірақ, нақты қандай зымыран екені туралы әңгіме қозғаған жоқ.

1724925709569097.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Сонымен Украинаның алғашқы балистикалық зымыраны болады. Ол қандай зымыран? Сарапшылар әртүрлі болжам жасайды. Солардың бірсыпырасын Mezgil.kz порталының оқырмандарына ұсынғанды жөн санадық.

МӘСКЕУ АСПАНЫНА ҚАРА БҰЛТ БОЛЫП ТӨНГЕН «ГРОМ»

Әуелі «Defence Express» сарапшылары Украинаның жасап шығарған балистикалық зымыраны – бұл 2000-жылдары әзірлене бастаған, кей деректерде «Гром-2» деп те аталатын «Сапсан» дейтін тактикалық зымыран жүйесі болуы мүмкін дейді.

2023 жылдың маусымында сол кездегі Украина Қорғаныс министрі Алексей Резников Украинаның 1000 шақырымнан асатын қашықтықтағы нысанаға дөп тиетін зымыранды жасап жатқанын айтқан.

Ал өткен жылдың қарашасында Украина ҚК Бас штабының зымырандық күштер, артиллериялық және ұшқышсыз жүйелер бас басқармасының бастығы, бригада генералы Сергей Баранов «Гром-2» жобасы бойынша ілгерілеушілік барын хабарлап айтқан.

Десе де, «Defence Express» сарапшылары президент Зеленский айтқан балистикалық зымыранның дәл осы «Гром-2» екеніне нақты дәлел жоқ деп топшылайды. «Ал дайындап шығарған балистикалық зымыран дәл осы «Гром-2-нің» өзі болса, онда оның техникалық көрсеткіштері өзгеруі мүмкін, мысалы, ұшыру қашықтығы немесе оқтұмсықтың массасы, зымыранның сыртқы түрі т.б.», - деп жазады сарапшылар.

Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк бүгін алғашқы украиналық балистикалық зымыранның сынақтан сәтті өткенін және оның әрекет ету мүмкіндіктері туралы пікір білдірді. Подоляк Украинада жасалған баллистикалық зымыранның қашықтығы 600-700 шақырымды құрайтынын айтты. «Менің ойымша, бұл зымырандар ұрыс даласында сыналған соң, нәтижелер туралы сөз етсек жөн болады», - деді.

Ашық дереккөздерге қарасақ: Украинадан бөлек әлемде АҚШ, Түркия, Израиль, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік және Оңтүстік Корей, Қытай және Ресей өздерінің оперативті-тактикалық баллистикалық зымырандарын дайындап шығаруда.

«ПАЛЯНИЦА» ПУТИН ҮШІН ПӘЛЕ БОЛДЫ

Украинаның өзінің алыс қашықтықтан соққылауға арналған зымырандары туралы тағы бір дерек:

Сарапшылар: «Украина Батыстың тыйымдарына тәуелді болмай, Ресей тылына соққы беру үшін өзінің ұзақ қашықтықтан соққылайтын зымыранын жасауда. Бұл Мәскеудің мазасын қашыратыны анық», - дейді.

Украина президенті өзінің алыс қашықтыққа соқы жасайтын зымырандар туралы мәлімдемесінен көп өтпей, өткен сенбіде «Паляница» дрон-зымыранының ұрыс даласында қолданылғанын хабарлады.

Украинаның мемлекеттік «United24» жобасының деректерінен бұл турбореактивті қозғалтқышы бар соққылаушы дрон-зымыран екенін білуге болады.  Оны Украина Ресей аумағындағы әскери аэродромдарға шабуыл жасау үшін пайдаланбақ.

«Паляница» техникалық қуаттылығы жағынан поршенді қозғалтқыштары бар шабуылдаушы ұшқышсыз ұшақтар мен қанатты зымырандар ортасындағы қару.

Оның қуаттылығы болжалды түрде: ұшу қашықтығы 500 км, оқтұмсық 50 кг.

Бұл дегеніңіз – Курскі облысындағы Украина бақылауына өткен Суджадан ұшырғанда Ресейдің Волгоградына, ал Украинаның Сумскі облысының солтүстігінен ұшырғанда Мәскеуге дейін жетеді деген сөз!

Қанатты зымырандар дрондарға қарағанда (800 км/сағ) әлдеқайда жылдам ұшады және қуатты оқтұмсықтарды алып жүреді. Бірақ олар қымбат және жасап шығару қиын.

Ал соққылаушы дрондар әлдеқайда арзан және оны жаппай шығаруға болады. Украина қазір соққылаушы дрондармен мұнай өңдеу зауыттары мен аэродромдарға шабуыл жасауда. Негізгі кемшілігі – қазіргі ұшқышсыз ұшу аппараттарының жылдамдығының төмендігі (100-150 км/сағ), бұл оларды анықтауға мүмкіндік береді және оқтұмсықтың салмағының аздығы.

Қазір Украина ресейлік тыл артындағы нысандарға тек өз өндірісінің поршенді ұшқышсыз ұшақтары арқылы ғана шабуыл жасай алады. Батыс елдері Ресейдің ішкі аумағындағы әскреи нысандарға соққылау үшін баллистикалық ATACMS және қанатты Storm Shadow зымырандарын пайдалануға тыйым салады.

УКРАИНА АҚШ-ҚА ТІЗІМ ҰСЫНБАҚ. ОЛ ҚАНДАЙ ТІЗІМ?

Тақырыпқа тұздық: Осы аптада Украина Байден әкімшілігіне американдық қару-жарақпен ұзақ қашықтықтан соққы беру үшін Ресей Федерациясындағы нысандардың тізімін береді.

CNN журналистерінің хабарлауынша, Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак пен Қорғаныс министрі Рүстем Умеров АҚШ шенеуніктерімен кездесіп, Ақ үйді Ресей территориясына ұзақ қашықтықтағы қару-жарақпен соққы беруге қойылған шектеулерді алып тастауға көндіруге тырысады.

Олар бірінші кезектегі мақсаттардың тізімін береді, онсыз соғыстың барысын Украинаның пайдасына өзгерту қиынға соғады. Умеров өтке жұма күні АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остинмен кездеседі. Ермактың кіммен кездесетіні белгісіз. Вашингтонға бұрынғы сапарларында ол Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкенмен және президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанмен кездескен.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар