«Одақтастарға» жауап: Қазақстанның мәңгілік досы да, дұшпаны да жоқ, мүддесі ғана бар!

Дәл қазіргі сәт – жаһандық геосаяси картадағы алағай да бұлағай кезең екені белгілі. Әлемдік алпауыттар ғана емес, дамыған һәм дамушы «орта державалар» да ылдым-жылдым қаруланып, жаһандық қақтығыстар кеңістігіне бейімделуде. Ондағы жалғыз мақсат – мемлекеттің территориялық һәм саяси тұтастығы үшен күрес. Яғни, өмір сүру үшін күрес! Әлділерге жұтылып кетпеудің қамы. Сол тұрғыдан Қазақстан да өзінің Тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруі үшін, өзінің ел ішілік һәм сыртқы саясаттағы ұстанымдары, таңдап алған бағыт-бағдары үшін күреседі.

1725265589512846.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Десе де, біз орналасқан географиялық кеңістік те соғыстың қызыл нүктесіне айналып отырғаны белгілі. Қазақстанның солтүстігіндегі Ресей 2,5 жылдан аса уақыт бойы Украинаға қарсы басқыншылық соғыс жүргізіп келеді. Украина биыл тамызда Ресейдің ішкі аумағына әскер кіргізді. Курскі облысының бірнеше ауданын, жүзден аса елдімекенін басып алды.

Осыдан соң, Ресейдегі түрлі саясаткерлер мен про-ресейлік көзқарастағы Беларусьтің басшы-қосшылары ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге қарата қату сөйлей бастады. Ресей телеэфирлеріндегі түрлі ауандағы гүбір-гүбір, сыбыр-сыбыр сөздерді елемесек те, Беларусь басшысы Александр Лукашенконың жуырдағы Қазақстанға қарата айтқандары еларалық дауға себеп боларлықтай еді.

Бүгін Қазақстан халқына Жолдау жасаған президент Тоқаев та Лукашенко бастаған ресейлік һәм про-ресейлік саясаткерлерге жауап қатқанқандай болып, Қазақстанның ұстанатын өз сыртқы саясаты бар екенін қадап айтты.

«Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанып келеді. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті», - деді Президент.

Яғни, Қазақстан сыртқы саясатта «бейбіт диалог» принципін қатаң ұстанады! Жаһандық қақтығыстарға араласу ниеті жоқ! Біз БҰҰ-да мойындалған территорияларды мойындаймыз һәм БҰҰ Жарғысын басшылыққа ала отырып саясат жүргіземіз.

Онан соң: «Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көп жақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы талпыныстарын құптаймыз. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдаймыз, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз», - деді.

Мұнда баса назар аударары – «біз  қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз!». Бұл да ақыл-миы дұрыс адамға тәптіштеп түсіндіруді қажет етпейтін сөз!

Әрі қарай – біздің сыртқы саясаттағы әріптестігіміз көп векторлылық бағытында. Яғни, еларалық әріптестігіміз түрлі Халықаралық ұйымдармен және мемлекеттермен орныққан. Біздің сыртқы саясатымыз түзілетін интеграциялық ұйым жалғыз – ҰҚШҰ емес! Біздің өзге де Халықаралық ұйымдар алдындағы міндеттемелеріміз бар және олардың ең бастысы – БҰҰ!

Президент Тоқаев: «Қазір әлемде қандай түбегейлі өзгерістер болып жатқанын білесіздер. Экономикалық, саяси, климаттық және басқа да жаһандық, аймақтық ауқымдағы қауіп-қатерлер аз емес. Осындай жағдайда күнделікті шаруамен қатар стратегиялық маңызы бар көптеген мәселені шешуімізге тура келеді... Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет», - деді.

Бұл сөзді де Қазақстанға қарата шекара сыртынан түрлі елбұзар сөздерді қарша боратып жатқаайтатындарға арнауға болады. Айтпағымыз біреу: Қазақстанның өз саясаты, саяси бағыты бар! Жаһандық өркениетті қауымдастықтың мүшесі ретінде өз міндеті бар. Ол – бірінші кезекте өз мүддесі тұрғысынан әрекет ету! Әйдік Черчильдің: «Мәңгілік дос та, мәңгілік дұшпан да жоқ. Тек мәңгілік мүдде бар», - дейтін сөзін осы жерге қолдансақ жөн шығар. Қазақстанның да өз мүддесі бар! Ол мемлекеттік тұтастығы, территорияның бүтіндігі һәм халықтың түзу тұрмыс-тіршілігі!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар