Қазақстанға Германия канцлері Олаф Шольц келе жатыр. Ол 15-17 қыркүйекте Қазақстан мен Өзбекстанда болып, мемлекетаралық келіссөздер жүргізеді және «Орталық Азия – Германия» форматындағы екінші саммитке қатысады. Германия үкіметінің арнайы өкілі Штеффен Хебестрайттың сөзінше Германия Орталық Азиядағы басты сауда және экономикалық серіктестері саналатын Қазақстан және Өзбекстан елдерімен байланысын арттыруды ойластыруда. Алдағы келіссөздер барысында түрлі келісімдер жасалуы мүмкін.
«Біз экономика, ғылым, энергетика, транспорттық байланыс және шикізат саласы бойынша Орталықт Азия елдерімен байланысымызды тереңдетуді ойластырудамыз», - дейді Хебестрайт. Германия канцлерімен бірге ғылым және бизнес өкілдерінің делегациясы қоса келмек.
Бір жыл бұрын Берлинде «Орталық Азия – Германия» форматындағы алғашқы саммит өтті. Саммит қорытындысы бойынша Орталық Азия мен Германия стратегиялық әріптестік бойынша құжатқа қол қойып, түрлі саладағы әріптестікті арттыруға келісті. Алдағы сапар барысында Шольц сол саммитте қол қойған келісімдердің іске асырылуына көз жеткізіп, жаңа келісімдер жасауға ниет білдірмек.
Германия үшін Украина мен Ресей арасындағы соғысқа байланысты Орталық Азия елдерінің маңызы артты. Берлин Ресейдің энергетикасынан бас тартып, мұнай мен газын алуды тоқтатты. Сәйкесінше Украинаға қару және қаржы негізінде көмек көрсетуде. Алайда Германия өнеркәсібіне ресейлік мұнай мен газды алмастырушы баламалар қажет. Берлин мәселенің бір шешімі Әзербайжан, Қазақстан және Түркіменстанмен келісім жасау деп санайды.
Германия ЕО-ның беделді мүшесі ретінде «Орталық Азия – ЕО» форматының қалыптасуына ықпал жасады. Мамыр айында Түркіменстанда «ЕО және Түркіменстан: 30 жылдық әріптестік» атты конференция өтіп, онда ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакала сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ЕО елдерінің Орталық Азиямен байланысын арттыратынын айтты және мұнай-газ саласындағы әріптестікті күшейтетінін жеткізді.
Қазіргі таңда Ашхабад өз газын ЕО-ға сату бойынша соңғы келісімдерді жасауда. Келісім бойынша газ Иранға жеткізіліп, артынша Түркияға жол тартады. Ал Түркиядан Еуропаға сатыла бастайды. Иран-Түркия түркімен газын тасымалдағаны үшін қаржы алмақ.
Екінші маңызды тасымалдау жолы Транскаспий бағыты болып тұр. Германия аталмыш сауда дәлізінің дамуына қаржы құюға дайын. Бұл дәліз Орталық Азия мен Әзербайжан елдерін Еуропамен байланыстыруда маңызды рөл ойнамақ. Қазақстан қазіргі таңда мұнайын ресейлік құбыр арқылы және Транскаспий бағыты бойынша тасымалдауда және сатып алушы басты елдің бірі Германия саналады.
Германия Транскаспий бағытын дамытуға млрдтаған еуро жұмсауға әзір. Алайда ол несие түрінде берілуі мүмкін. Транскаспий бағытын дамыту арқылы Еуропа елдері Орталық Азияда Қазақстан және Өзбекстанмен әріптестігін дамытуға ниетті. Қазақстан ОА елдерінің ішінде алғаш болық сирек кездесетін металлдарды бірлесе игеру бойынша ЕО-мен меморандум жасасты.
Германия канцлерінің аймаққа сапары барысында бірнеше бірлескен кешенді ашу бойынша келісім жасалып, Германияның ЖОО–ры филиалдарын ашу бойынша салтанатты шаралар өтетіні айтылуда.
Mezgil.kz