«Путин сендерді тірідей жейді»: Харрис пен Трамп жекпе-жегінде кім күшті?

АҚШ-тағы президенттік сайлаулар әлемдік аудитория үшін бұрын да қызық болатын. Қазіргідей жаһан жұрты едел-жедел қарулану жарысын жүргізіп жатқан, Ресей мен Украина соғысы һәм өзге де глобалды қақтығыстар қызды-қызды кезеңге жеткен тұста АҚШ сайлауының бәсі де арта түсті.

1726038120493678.jpg

(Суреттер ВВС сайтынан алынды)

Сөйтіп, АҚШ-та президенттік сайлау қараша айында өтеді. Қазіргі басты екі кандидат – вице-президент Камала Харрис пен экс-президент Доналд Трамп. Ежелден қарсылас екі партияның таңдаулары осы екі адам болды.

Харрис пен Трамп сайлауалды үгіт компаниясын белсенді жүргізуде. Бір-біріне айтарларын айғайлап айтып, жекпе-жекке шақырған-тын. Сол жекпе-жек бүгін өтті. Екі үміткер «ABC News» эфирінде тоқтамай тоқсан минут тартысты. АҚШ-тың ішкі һәм сыртқы саясаттағы жүріс-тұрыс, бағыт-бағдарларына өз деңгейлерінде бажайлау жасады.

Сонымен Камала Харрис пен Доналд Трмап дебат кезінде не деді? Біз өз оқырмандарымызға сөзсайызтың сірнелі тұстарын ықшамдап ұсынғанды жөн санадық. Ендеше қараңыз:

ДОНАЛД ТРАМП НЕ ДЕЙДІ?

Экс-президент Трамп АҚШ экономикасы туралы сұраққа жауап бергенде: «Демократтар төрт жылдың ішінде АҚШ экономикасын өлтірді. Ал Харрис Байденнің эконлмикалық бағдарламасын көшіріп алған», - деп сөйледі.

Трамп өз сөзінде Камала Хариристі «марксист» деп айыптады. «Егер оны алда-жалда президент етіп таңдап қалса, ол бәрін өзгертеді. Және ол өзгеріс – біздің еліміздің ақыры болмақ. Ол марксист. Оны барлығы біледі. Оның әкесі экономика саласындағы марксисит-профессор. Ол қызына соныжақсы үйреткен», - деді.

Трамп Украинадағы соғыс туралы: «Соғысты дереу тоқтату керек. Ол менің қолымнан келеді. Владимир Путин де, Владимир Зеленский де мені жақсы таниды және сыйлайды. Олар Байденді сыйламайды. Байденнің сыйлайтындай несі бар еді?», - деді.

Трамп: «Камала Харрис АҚШ тарихындағы ең сорақы вице-президент! Ол вице-президент бола тұра соғыстың алдын ала алмады», - деп сөкті.

КАМАЛА ХАРРИС НЕ ДЕЙДІ?

Демократтар үміткері Харрис «мүмкіндіктер экономикасын» құратынын, тұрғын үй бағасын реттеп, жас отбасыларға қолдау және шағын бизнеске қолдау көрсететінін айтты. «Доналд Трамп бізді «Ұлы дағдарыс» кезеңінен кейінгі ең сорақы жұмыссыздық шегіне жеткізіп кетті. Біз, демократтар Трамп өзінен кейін қалдырып кеткен сол бейберекетсіздікті жойдық», - деді.

Онан соң Харрис «Проект 2025» дейтін Трамптың болжалды президенттігі туралы жобаға шүйлікті. Бұл жобаны осыған дейін «Heritage» деген қор жасап жариялаған. Трамп өзі тікелей қатыспаса да, оның серіктестері жобаны әзірлеуге белсенді араласқан. «Мен бұл сандырақ жобаны оқыған жоқпын, оқымаймын да!», - деді Харрис.

Әрі қарай: «Трамптың бар айтары – өтірік, былшыл, жеке басқа тиісу мен дөге-дөге шағым ғана», - деді.

Харрис: «Әлемдік лидерлер Доналд Трампты мазақ етіп күледі. Мен әскери басшылармен көп сөйлестім. Олар Трампты АҚШ-тың масқарасы деп есептейді», - деді.

Украина соғысы туралы Камала Харрис: «Біздің НАТО-дағы одақтастарымыз Трамптың президенттіктен кеткеніне шынымен риза болып отыр. Егер АҚШ-та қазір Трамп президент болып отырғанда, Путин әлдеқашан Киевте жүрер еді! Сол Киевте отырып Еуропаға көз алартып, соғыс бастауға талпынар еді. Және Путин ол жорығын Польшадан бастар еді. Путин Трамптың өзін түскі асқа талғажау етер еді! », - деді.

ҮМІТКЕРЛЕР ТАҒЫ ҚАНДАЙ ТАҚЫРЫПТАРДЫ ТАЛҚЫ ЕТТІ?

Онан бөлек Харрис пен Трамп аборт, миграция, бұрынғы сайлаулар, мен Трампқа тағылған сот айыптаулары секілді тақырыптарды қаузап, бір-бірін нақты аргументтермен сыбады. Харрис Трампқа тағылған сот айыптауларын тілге тиек етсе, Трамп өткен сайлаудың қорытындыларын мойындамайтынын айтты. Бұл дебаттың тағы бір тұздықты жері Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс тақырыбы болды. Харрис: «Израильдің қорғану құқығы» бар екенін сөз етсе, Трамп: «Мен президент болғанымда, бұл соғыс мүлде болмайтын еді», - деп сөйледі. «Харрис Израильді жек көреді. Егер ол президент болса, Израиль екі жылда жер бетінен жоқ болады», - деді. Ал Харрис: «Мен барлық америкалықтар үшін президент боламын! Біз өткенге оралмаймыз!», - деді.

Доналд Трамп 78-де. Ресми түрде Республикашылар партиясының сиезінде, шілдеде үміткер атанған.

Камала Харрис 59-да. Демократтардың үміткері Жо Байден сайлау додасынан шыққан соң, Демократтар сиез өткізіп, тамыз айында Харристі басты үміткер ретінде таңдаған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар